22:30 | Емен-жарқын
Сұхбат 2018-10-25 (0) (6265)

"Шабдалының" өмірі осылай басталды..."

 

 

Отандық киноөндіріс жыл сайын жаңа туындылармен толығып келеді. Олардың мазмұны да сан қилы. Бірі тойды, екіншісі кәсіпті арқау етіп жатса, тағы бірі қоғамдағы өзекті мәселелерді, ұлттың салт-дәстүрін арқау еткен. Сондай туындылардың бірі –  «Асыл арна» телеарнасының өнімі «Шабдалы» толықметрлі фильмі. Алмас Алматовтың әңгімесіне негізделген туындыда қазақтың ежелгі тұрмыстық дәстүрлері көрініс табады. Көрерменнің жанына жақын шыққан туындының режиссері – Жандос Құсайынов. Жуырда режиссермен тілдесудің сәті түскен еді… 

– «Шабдалы» атты фильміңіз көп­ші­лік көңілінен шықты. Туынды діттеген мақсатына жете алды ма?
– Фильм жасау – ұжымдық жұмыс. Бұл – ондаған мамандардың түрлі жағ­дайда айлап жүріп жасаған еңбегі. «Асыл арна» телеарнасының төл туын­дысы. «Шабдалының» фильм ретіндегі идеясы Мұхамеджан Тазабек ағамыздың әуелден көздеп жүрген мақсаты болатын. Ол кісі кездесе қалса, оңтүстік пен солтүстік қазақтарының бірлігі, ынтымақ, еңбекке шақыру жайлы фильм жасасақ деп жүретін. «Біз қандай фильм түсірсек те ол алдымен ұлтты тұтастыққа, бірлікке шақыруы тиіс» дегенін өз құлағыммен талай мәрте естігенмін. Сөйтіп жүргенде, Алмас Алматов ағамыздың «Шабдалы» атты әңгімесі жолыға кетті. Тамаша шығарма. Жырау ағамыз анасынан естіген осы хикаяны әлеуметтік желіде жариялады. Оны маған Мұхамеджан аға жіберді. «Оқып көрші, мынадан жақсы фильм жасауға болатын секілді» деген. «Шабдалының» фильм ретіндегі өмірі осылай басталды. Ал енді ол мақсатына жете алған-алмағанын уақыт көрсетеді. Фильм уақыт өте келе толысады, ол айналадағы түсініктерге, сұрақтарға жауап бере ала ма, маңыздылығын жоғалта ма-жоқ па – мұның бәрін уақыт көрсетеді. Бір нәрсе анық – «Шабдалы» қазақ қоғамындағы түйткілді тақырыптарды көтерді. Ол жоғарыда айтқан аймаққа бөлінудің пайдасыздығы, еңбекқорлықтың жемісі әрі адалдық түсінігі.
– Кино түсіруге деген қызығушы­лы­ғыңыз қашан басталды?
– Бала кезімізде «видик» деген нәрсе ауыл балаларының негізгі ермегі болды. Жан-Клод Ван Дамм, Джеки Чан, Чак Норрис секілді актерлердің ойынына қызығып, соларға еліктеп өстік. Фотосын үйдегі мұздатқыштың, кітап сөрелерінің есігіне желімдеп қоятынбыз. Сол «Суға салса батпай­тын, отқа жақса жанбайтын» амери­ка­лық қаһармандарға ұқсағымыз келіп, ертелі кеш төбелес кино түсіріп ойнаймыз. Сценарий бойынша ұдайы мен жеңетінмін. Күндердің күні достарым ол озбырлығыма шыдамады – мен түсіретін әрі өзім басты рөлде ойнайтын «кинодан» безе қашатын болды. Қатарластарымды қайдам, мен киноға әуелден әуес болдым. Алда-жалда біреудің қолынан яки үйінен сондай кинокассета көре қалсам, көргенше асығатынмын. Бір күні Әлімжан бөлем сондай кассета әкеліп: «Мынаны қараңғы көлмеге апарып, лентасына шамның жарығын түсірсе, кино көрінеді» деді. Содан әлгі кассетамен екі күн алыстым. Қараңғы жер іздеп, жертөлеге түстім, әшейінде маңына жолай алмайтын қораның қараңғы қуыс-қуысында мұрным пышылдап, лентаға үңілдім. Өкінішке қарай, ештеңе көре алмадым…


– Қызығушылығыңызды кәсіпке айналдырып, қалыптасуыңызға кім себепші болды?

– Кино-теле саласына аяқ басқалы бері үнемі жанашыр әрі жақсы адамдармен қызметтес болып келе жатырмын, Аллаға шүкір. Телеарнада жүргенде Бақыттас Санитас ағамыз бен Шара Айдарова әпкемізден режиссураның қыр-сырын үйрендім. Телеконтент, ондағы заңдылықтар мен қағидалар, формат пен стилистика секілді нәрселерді көзбен көріп, қолмен ұстатып үйреткен ұстаздарым – осы кісілер.
Ал кино саласында арнайы білімім жоқ. Мойындаймын, мұғалімнен тәлім алғанға ештеңе жетпейді. Теория – темірқазық, негізгі ұстын. Студент кезімде Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына жиі баратынмын. Бірақ ол жерде оқу бұйырмады. Өз бетімше іздендім. Сөйтіп жүріп, кино туралы кітап, сұхбат оқып, деректі фильм­дер көрмесем тұра алмайтын халге жеттім. Киноның ішкі-сыртқы формасы, сценарий, актермен жұмыс секілді дүниелермен небір атақты режиссерлердің жазған-сызғандары арқылы таныстым. Сидни Поллак «киноөндірістің өзіне тән қағидалары, ережелері бар» дейді. Егер сіз негізгі қағидаларды білмесеңіз, онда жазу өнерінен хабарсыз, бірақ өзін блогер санайтын немесе сурет сала алмайтын, бірақ өзін абстракционист деп атайтындардан айырмаңыз болмай қалады. Менің «теория – темірқазық» деп отырғаным сол. Қазір тәжірибені теориядан жоғары қоятын үрдіс пайда болды. Жоқ. Теория – жүйе. Жүйесіз ештеңе дамымайды. Ал тәжірибе туралы Жан Люк Годардың мынадай сөзі бар: «Фильм түсіру үшін жас әрі ақымақтау болуың керек. Себебі ертең бәрін біліп алғанда фильм жасау өте қиын». Годар «жас әрі ақымақтау» деп батылдық, амбицияға бейімділікті меңзесе керек. Әйтпесе киноның бастауы – теориялық білім, сосын тәжірибе.

 

 

– Киносценарий қалай жазылады?
– Кино түсіру – кедергілерді жою. Себебі қағаз бетіне жазылған ой мен идея түсірілім барысында өзгеріске, тосын бетбұрысқа ұшырап жатады. Мен осы уақытқа дейін ұзын саны тоғызға жуық фильм-сериал жасаппын. Соларды түсіру барысында түрлі кедергілерге кезіктік. Режиссердің бір идеяға ғана «жабысып» алуына болмайды. Ол туралы Мартин Скорсезе: «Үнемі өз идеяңызға жабысып, айналаға «жоқ» деп айта бермеңіз. Барлық нәрсеге тыйым сала берсеңіз, камераның айналасындағыларға кесіріңіз тиеді және бұл міндетті түрде фильмге әсер етеді. Кейде кездейсоқ дүниелер фильмге көп пайда келтіреді» дейді. Бұл ойға қосыламын. Кино түсіру – шұғыл шешімдер қабылдай алу өнері. Ал енді сценарийге келсек, оны жазу – ең машақатты жұмыс. Мұндағы басты мәселе – байыз тауып отыру, жазу дағдысын қалыптастыру. Кейде сценарий жазуды ой еңбегі ғана деп бағалап жатады. Алайда оның физикалық жағы да оңай емес. Көз ауыра­ды, саусақ шаршайды, бел талады. Яғни сценарий жазу қажырлылықты, табандылықты, тіпті жанкештілікті талап етеді. Негізгі идея, концепциядан ауытқуға болмайды.
– Кино әлемінің қайнар бұлағымен сусындап жүрсіз. Көбіміз көрсек те түсіне бермейтін кино – саясат, кино – идеология, кино – ақша ұғымдары аясындағы ойларыңыз?
– Кино – саясат. Шетелдік фильм­дерге өнер тұрғысынан ғана қарауды қою керек. Бұл – аңғал адамның тірлігі. Кез келген фильмнің айтар ойы болады. Көбі біздің таным-түсінікке, тағылым-тәрбиеге қайшы түсіп жатады. Жалпыадамзаттық құндылықтарға дау жоқ. Алайда баланың әкеге қарсы сөйлеуі, қыздың ата-анасын тыңдамай үйден кетуі, онысын «менің құқым» деген әдемі сөзбен өрнектеп беруі – бұл жағдайлардың өнерге еш қатысы жоқ. Ол – тұнып тұрған идеология. Біздің экрандарда жүріп жатқан фильмдерді асықпай саралап шықсаңыз, батыс елдерінің сыртқы саясатынан туған бірсыпыра таңылма түсініктерге куә боласыз. Әрі-беріден соң оны сіңіре бастайсыз. Осы күні сөйлеу мәнері, қимыл-әрекет, тамақ ішу секілді бірқатар мәдениеті сіңіп те кетті.
– Кино идеологияның құралына айналған осы заманда қазақ кино­сына қандай бағыт қажет? Өз қол­таңбаңызды қалдыруға әрекет жасап жүрсіз бе?
– Фильм түсірудегі негізгі мақсат – қандай да бір мәселені көтеру. Енді оны күлдіре отырып көтересіз бе, әлде жылата отырып па, арасында қорқытып қоясыз ба – еркіңіз. Ал бізде мәселе жетіп артылады. Түрлі тақырыптар бар. Олар таспаланып та жатыр. Түйткіл – не түсіруде емес, қалай түсіруде болса керек. Қазақ киносына қазақтарға арналған кино керек. Кәдімгі қазақтар түсінетін, солардың тілінде сөйлейтін, соларша ойлайтын, кейіпкердің логикалық шешімдері анау жырақтағы қарапайым шаруаның шешімдерінен аумай қалған фильмдер керек.
Ал қолтаңба туралы айтпас бұрын Георгий Данелияның сөзін келтірейін. «Егер көрермен менің фильмдерімнен шыққан соң, «режиссерлік шешімі керемет екен» немесе «кадр әдемі екен» десе, маған одан өткен жаман баға жоқ. Себебі көрермен киноның сюжеттік желісінен жалығып, әдемі кадр, режиссерлік шешім іздеп кеткен ғой» дейді. Расында, солай. Көрерменнің басын қатырудың қажеті жоқ. «Все гениальное – просто». Қалай дәл тауып айтылған! Фильмнің динамикалық құрылымын тап-тұйнақтай етіп әрі режиссерлік қолтаңбасын да айқын көрсете алатын жандарға тәнтімін. Өз басым қандай да бір сахна жиынтығын таспалай жүріп, қолтаңбам жайлы ойлауға мұршам да, мүмкіндігім де бола бермейді. Маған маңыздысы – сюжет. Актердің сөзді түсініп айтуы, дыбыстың анық шығуы, әрекеттің нанымды болуы. Жалпы, режиссер айналысатын негізгі үш нәрсе бар: мәтін, актердің ойыны, фильмнің негізгі түсі, яғни визуалды атмосферасы, бұл декорация мен детальдардағы және костюмдегі басым түстерге қатысты. Осы үшеуін тең ұстап, көрерменді еліте алу – мен секілділерге оңай шаруа емес.

– Қазір қандай туынды түсірудесіз?
– Биылғы жыл мен үшін өнімді болды. «Шабдалының» тұсаукесерінен соң, бірден «Құтты қонақ» атты қысқаметражды фильмнің түсірілімін жасадық. Іле-шала «Тамыз» атты толықметражды фильмді таспалап қойдық. Енді міне, «Менің болашағым» атты толықметрлі фильмнің түсірілімін аяқтап, монтажына кірістік. Бір жылда үш фильм жасадық. Рас, қарбалас болып кетті. Бірақ бұл қалыпты нәрсеге айналуы керек, яғни өндіріс жолға қойылуы тиіс. Кезіндегі Сидни Люметтер жылына екі-үш фильмнен жасайтынын, бертіндегі Вуди Аллендер жылына бір фильм тұрақты өндіріп отыратынын ойлап, өзімді одан бетер қанаттандырамын. Қазір техниканың заманы. Уақыт зымырап жатыр. Ендеше, аспанға қарап жұлдыз санап, айдың көлеңкесінде шабыт шақырып отыратын уақыт жоқ. Прагматизм және еңбек. Біздің қоғамға керек қасиет – осы.
– Кино түсіру де – шығармашылық жұмыс, көп ізденуді қажет етеді. Осы ретте өзіңізді қалай дамытасыз? Қандай кітаптарды оқисыз?
– Көбіне кино туралы кітаптарды, осы сала үздіктерінің өмірбаянын, атап айтқанда ағайынды Коэн, Дэвид Линч, Георгий Данелияның автобиографиясын, Блейк Снайдер, Александр Митта, Дэвид Говард пен Эдвард Маблидің сценарий-драматургия турасындағы кітаптарын жиі оқимын. Бала кезімде оқыған Машқар Гумеров, Сафуан Шаймерденов, Сайын Мұратбековтың бірқатар шығармаларын қайта қарап жүрмін. Себебі оларда киноға жақын сюжеттер баршылық екен. «Ютубта» түрлі сабақтар, шеберлік сабақтары бар. Соларға да зейін қоюға болады.
– Сын қабылдай аласыз ба?
– Осы саланы түсінетін жандардың сынын қабылдай аламын. Олардың саны шектеулі. Ал «сын айтудың жөні осы екен» деп, әйтеуір пікірін айтып қалуды жөн санайтындарды тыңдаймын, бірақ келісе бермеймін. Өйткені сын айту басқа, мін тағу басқа. Осы екеуін шатастырып жатамыз. Жалпы, жасалып қойған дүниеге сын айтудан өткен пайдасыз ермек жоқ. Әсіресе, режиссура саласында. Режиссура – көзқарас. Адам фильмді алдымен өз қалауымен жасайды және оның артықшылығын да, кемшілігін де беске біледі. Өзің білетінді өзгенің айтуы соншалықты жаңалық емес. Әдептілік тұрғысынан тыңдауға болады. Бірақ құйылып қойған іргетасқа, орылып қойған егінге сын айтқаннан не пайда? Ал болашақта нәтиже шығару үшін айтылатын сынның формасы, әдебі болады. Сол биязы қалыптан шығып кетпесе қабылдап, одан қорытынды шығару құпталады. Әйтсе де істің маманы айтпаған сөзде не салмақ болсын? Сондықтан, «тауық сойса да қасапшы сойсын» дегендей, сынды да хабары бар адамның айтқаны жөн болар.
– Сізге қарап бой түзеп келе жатқан іні-қарындасқа айтар ағалық ақылыңыз қандай?
– Қандай істі бастаса да, соңына дейін жеткізу. Бастап, кейін аяқсыз тастап кету дағдыға айналады. Ол – адамның тұла бойындағы қарым-қабілетті білдірмей жейтін жегі құрт. Ендеше, бір істі бастадыңыз ба, нәтиженің жақсы-жаманына қарамастан соңына дейін апарыңыз. Кез келген ынтамен істелген әрекет түптің түбінде оң бағасын алады. Сосын тұрақтылық қажет. Адам бір саланы таңдаған соң, оның жілігін шағып, майын ішетіндей дәрежеге жетуі тиіс деп санаймын. Сол жолда ізденуден шаршамау керек. Бұлардан тыс өмірге шынайы қарауды үйрену керек. Адамдарға өкпе артып өмір сүрудің пайдасы жоқ. Бәріміз әр ісіміз үшін жауап беретінімізді ұмытпасақ екен. Осы жауапкершілік біздің адами санамызды кемелдендіре түспек…
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашы­лық табыс тілеймін!

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                              "Ана тілі" газеті

6265 рет оқылды