22:30 | Емен-жарқын
Әдебиет 2019-10-09 (0) (9143)

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ БАЛАЛАРЫН ҚАЛАЙ ОҚЫТҚАН?

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ БАЛАЛАРЫН ҚАЛАЙ ОҚЫТҚАН?

 

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады» деп айтып кеткен қазақтың Абайынан үлгі алмайтын адам кемде-кем. Оның ұрпаққа қалдырған өлеңдері мен нақыл сөздері бір ғасыр өтсе де, өз құндылығын жойған емес. "Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді" деген осы шығар. Бірақ Абай атамыздың өзі:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім,

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім – деп, өкінген екен.

Кез келген ата-ана өзі басқан шоқты баласының басқанын қаламайды ғой. Абай атамыз өз өкінішін балаларына қайталатпады. Олардың барлығы жақсы білім алды, оқы­ды, тоқыды. Тұңғышы Ақылбай 4-5 жыл молда ал­дын­­да сабақ алып, қысқа ғұмырында жоғалғаны, сақталғаны бар, бір­неше поэма қалдырып үлгерді.  Ал Әбдірахман Санкт-Петербург учи­лищесін бітірсе, Мағауия Семейден оқыды, кейінгі ұл­дары Тұрағұл, Мекайыл, Ізкәйілдер де білімнен құр қал­ған жоқ. Мұның бәрі тар заманға қарамай, мол білім­ге құлшынысын аша білген әке тәрбиесі мен тәлімінің айқын көрінісі.

Қарап отырып көзің тояды, солай емес пе?! Осы орайда "Сонда Абай балаларын білім алуға қалай мотивациялаған?" деген орынды сұрақ туындайды. Ендеше мына бір өлеңге назар салайық: 

 «Адамның бір қызығы - бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім».

Яғни қазақтың бас ақыны балаларына әуелі шын білімді болудың маңызын түсіндірген. Ал білімді адамның онсыз да абыройлы болатыны белгілі. Өмір бойы «бастық боласың» деп тәрбиеленген бала біз күткен нәтижені бере алмауы мүмкін. Сол кезде оның тауы шағылып, ғылым-білімге деген талпынысы отқа су құйғандай өшіп қалады. Сондықтан балам білімді болсын деген адам ал­дымен баласына дұрыс жөн сілтеп, сосын перзентін сол білімнің соңына бағытта­ғаны жөн.

 

9143 рет оқылды