18:05 | Арнайы репортаж
18:30 | Жақсы кино
Медицина 2018-09-20 (0) (19436)

Науқастар не себепті тәуіптен емделіп кетіп жатыр?

Науқастар не себепті тәуіптен емделіп кетіп жатыр?

Мединициналық жолмен диагнозы қойылмайтын аурулардың түрлері мен себебі

         Дана Абай бір сөзінде: «...Жақсылық, жамандықты жаратқан - Құдай, ләкин қылдырған Құдай емес, ауруды жаратқан - Құдай, ауыртқан Құдай емес...» деген екен. Және Алла Тағала Өзі жаратқан аурудың шипасын да қоса жаратты. Сол секілді, жаратылыс бойында кездесетін аурудың бәрі 3 түрлі классификация бойынша қарастырылады:

 

1. Тән ауруы

2. Жан ауруы.

3. Жын ауруы.

         Тән ауруын Алладан шипа сұрау арқылы дәрі-дәрмек ішу, яғни, медициналық жолмен емдейді. Ал торығу, уайымға салыну, үмітсіздік, көреалмаушылық, тәкаппарлық  сияқты жан ауруларын діни насихаттар мен уағыздар және пайдалы кеңестер арқылы, адамның психикасына әсер етумен емдеуге болады.

         Ал жынмен байланысты ауруды тек шариғатымызда келген емдік шаралармен ғана  емдеуге мүмкіндік бар. Және жын –  жан ауруларын да, тән ауруларын да туғыза береді. Мысалы, басына қиындық келген бір адамның жүрегіне уәсуәса (адам жүрегінде пайда болатын жалған ойлар, күмән-күдіктер, қиялдар) салу арқылы жын оны үмітсіздікке түсіріп, ішіне кіріп кетуі мүмкін. Немесе ол адамды өз-өзіне қол жұмсауға итермелейді, нәтижесінде, адам асылып не басқа жолмен суицид жасайды. Сондай-ақ, тән ауруларының кейбіреулері де осы жындарға байланысты болады. Мәселен, адамның ішіне кіріп, оның денесіне иелік еткен жын денені сал ауруына шалдықтыруы мүмкін. Немесе бедеулікке алып келетін ауруларды да осы жындар туғызатын  көрінеді. Ең сорақысы, жындардан болған ауруға медицина саласында дәл диагноз қою мүмкін емес.

Шариғи дем салу жолы мен шайтани емшіліктің айрымашылығы

Бұхари мен Муслимнің жинақтарында: «Әрбір дерттің дауасы бар. Егер дерттің дауасы дөп түссе, (науқас) Алла Тағаланың рұқсатымен сауығады», «Алла Тағала шипасын берместен, ешбір ауруды жібермейді» делінген. Осы орайда шариғат рұқсат еткен емделудің екі түрін айта кетейік. Біріншісі – дәрі-дәрмекпен емделу. Бұған медицина және шөп дәрілер арқылы, массаж, сынықшылық жолымен емделу жатады. Екіншісі – шариғат жолымен емделу. Оған Алла Тағалаға Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйреткен шипа дұғаларымен жалбарыну, Құран сүрелерін оқып дем салу, хиджама жасату (қан алдыру) сияқты нәрселер жатады.

 

Бұдан бөлек, шариғатқа қарама-қайшы болатын емдеу тәсілдері бар. Әдетте олар жындардың көмегін  пайдалану арқылы жүзеге асады: Алладан өзге нәрселерге сыйындыру, молаларға түнету, дүниеден озған адамдардың рухына сыйындыру, бал ашып, не адамның суретіне қарап ауруын болжау, қасқырдың тісі, тұмар тағы басқа нәрселерді шипа мақсатымен оқып беру, қанмен шомылдыру, апталап жуындырмау, қамшымен сабау, пышақпен, отпен аластау  сияқты  емделу түрлері жатады. Бұларды шариғатта тыйым салынған емдеу түрлері деп атаймыз. Мұндай емдік шараларынан кейін кей адамдар шынымен де дертіне шипа табуы мүмкін.  Бірақ, бұл – уақытша ғана құбылыс. Себебі, жындар адамдардың шипа табуына емес адасуына мүдделі. Сондықтан, адасқан тәуіпке келген адам уақытша шипа тапқанымен жүректеріне дерт қосып, ішіне жын кіргізіп, не ең бастысы Аллаға серік қосу күнәсін арқалап, барлық сауапты амалдары жойылып қайтады. Бұл – адамның ойсырай жеңілуі, шайтанның шаттана жеңіске жетуі.

Соңғы уақытта шығып жатқан бала емшілердің емдеу жолына келсек, жоғарыда айтқан екінші емдеу жолына жақын екенін байқауға болады. Себебі, мұнда бір тылсым күштің пайдаланылып жатқандығы айтылады. Ал тылсым күш дегеніміз не? Халық оны қалай түсіндіреді? Тылсым күшті халық көбіне әруақ ретінде ұғынады. «Әруақ келді, әруақ аян берді» деген сынды пікірлер айтып жатады.

 Әруақ деген не дейсіз бе? Әруақ дегеніміз – тірі кезде өмір сүріп, өлгеннен кейін жаратылыс денесінен шыққан рух. Діни сауат төмен жерлерде  сол өлген адамның рухы адамдардың арасында жүріп, өзгелерді емдеуге көмектеседі деген теріс түсінік, ұғым қалыптасқан. Асылында, Алла Тағала адам баласының өмір сүру кезеңдерін бөліп жасаған. Мысалы, адам баласының әкесінің беліндегі кезеңі, ол кезде анасының бойына өте алмайды. Анасының құрсағында жатқанда дүниедегі тіршілікке араласа алмайды. Жер бетіндегі кезеңге келгенде олар өзге дүниелерге бара алмайды. Ал өлгеннен кейін барзах әлемінде болады. Аталған әлемде барша әруақ (өлген адамдардың рухтары) жиналады, бірақ, олар бұл әлемге өте алмайды: "Олардың /күпірлік етушілердің/ біріне өлім келген кезде, ол: "Раббым! Мені артқа қайтар. Мүмкін кезінде қалдырған ізгі амалдарды істермін", дейді. Жоқ, олай емес! Шын мәнінде, бұл ол айтқан жай сөз ғана. Олардың алдында қайта тірілтілетін күнге дейін бөгет бар" («Муминун» сүресі, 99-100-аяттар). Адам өлгенде оның тіршілік ісі тоқтайды, яғни ол тірілерге көмектесе алмайды. Адам баласы өлгеннен кейін Раббысына бұл дүниеге қайтаруын сұрап жалынады. Не үшін қайтар дейді? Әрине, ізгі амалдар жасау үшін. Яғни, өлген адам ізгі амал жасай алмайды. Бұл адамдарды емдей де алмайды дегенді де білдіреді.  Тәуіптерге жәрдем жасап, құлағына сыбырлап, не түсіне келіп жүрген кімдер екендігі және оны қалай анықтауға болатындығы туралы мына мақаламыздан толық ақпарат ала аласыз: http://asylarna.kz/ article/tauipterge_tusinde_kim_ayan_beredi

Бұл дүние – амал үшін, о дүние – есеп қана. Демек, өлген адам бұл дүниеге келе алмаса, келіп өзгелерді емдеп, ізгі амал жасауға көмектесе алмаса, онда бұл істі кім жасап жатыр деген сұрақ туындайды. Ендігі әңгіме осы туралы...

Естімеген «атамыздың» жауап беруі мүмкін бе?

Байқасаңыздар, тәуіптердің көпшілігі «Маған аталарым жәрдем беріп тұрады» немесе «аталарым сыбырлап тұр», «атам емде деп жатыр» деп айтады.

Біріншіден, «Моласындай бақсының жалғыз қалдым тап шыным» деп Абай айтқандай, керек десеңіз бақсылық шариғатымызға жат нәрсе әрі онымен айналысқан адам діннен шығатын ауыр күнә жасағандықтан, бақсылардың мәйітін мұсылмандардың моласына жақындатпай бөлек көмген екен аталарымыз. Сөйдеп тұрып адасқан тәуіптерге жәрдемдесуі мүмкін бе? Ал дүниеден озған адамның рухы тірілермен сөйлесе алмайтыны Құранда өз алдына бір ақиқат. Алла Тағала былай деген: «Шынында, өлілерге естірте алмайсың. Әрі бұрылып қашқан саңырауларға да дауыс естірте алмайсың» («Нәмл» сүресі, 80-аяттар).

         Егер біз тірі кезінде теріс кетіп бара жатқан саңырау адамға дауыс естірте алмайтын болсақ, онда дүниеден озған адамдарға тіпті естіртуіміз мүмкін емес. Және олардың бізге жауап қатуы да, бізбен сөйлесуі мүмкін емес, өйткені Алла Тағала: «...Егер оларға жалбарынсаңдар, дауыстарыңды естімейді. Бірақ егер естігенде де, сендерге жауап қайтара алмайтын еді...» деген. («Фатыр» сүресі,13-14 аяттар).

         Бізді бір тамшыдан жаратқан, оны анамыздың құрсағында қан еткен, қанды тән еткен, кейін оған  жанды үрлеп кейін оны қайта алатын тек қана Алла болғандықтан, рухымыздың жәй күйін, оның қайда болатынын әрі адамдармен сөйлесіп не сөйлеспейтінін тек  Алла ғана біледі: (Мұхаммед Ғ.С.) олар сенен (рух) жан туралы сұрайды: “Ол, Раббымның әмірінен. Сендерге (рух туралы) өте аз мәлімет берілді” де" ( «Исра» сүресі, 85-аят).

Демек, Алла Тағала рух, яғни, көпше түрмен айтқанда "әруақтар» туралы «адам баласына өте аз мәлімет берген, және олар естімеді» деп тұрса тәуіптердің «бізге аталарымыздың әруағы айтып тұр» деген сөзі өзінен-өзі жоққа шығады. Өйткені, Жаратушы өтірік айтпайды. Ендеше тәуіптермен сөйлесіп жатқан кімдер?

 

Аталардың дауысымен сөйлеп тұрған кім?

         Сіз бен біз үнемі ұмыт қалдырған себебімізден қателікке ұрынатын бір ақиқат бар. Біліңіз, жер бетінде адамдардан өзге де тіршілік етуші жындар бар. Олардың арасында да мұсылмандары  мен күнәһарлары  бар. Құранда бұл турасында:«Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық қылулары үшін жараттым. Олардан бір несібе тілемеймін әрі олардың Мені тамақтандыруларын да қаламаймын” делінген. («Зәрият» сүресі, 56-57 аяттар). Демек аяттан түсінгеніміздей жындардың арасында да  құлшылық ететін мұсылмандары  болады екен.   Мұсылман жындар адамдармен байланысқа түспейді. Себебі, ол тыйым салынған. Сондықтан, адамдармен  кәпір шайтандар байланыс жасайды, тіпті, ішіне кіріп кетуі бек мүмкін. «Бақара» сүресінің 275-аятында бұл хақында: «Сондай өсім жегендер (қабірлерінен) жын соғып тұрғандай есеңгіреп тұрады. Бұл олардың «Сауда да бейне өсім», дегендіктерінің салдарынан...» делінген.  Аяттағы: «жын соғып тұрғандай» деген сөзі туралы тәпсір ғалымдары «бұл адамның ішіне жынның кіретініне дәлел» деген қорытынды шығарған.

          Жындар тәуіптің не науқастың ішіне кіруі мүмкін немесе  белгілі бір нәрселердің: жыланның, арыстанның, жолбарыстың, ит тіпті адамның кейпіне еніп, шынайы бейнесін өзгертіп бізге көрінуі мүмкін.

Бұған имам Муслимнің кітабында, Әбус-Сәибтен жеткен мына хадис длел болады. (Хадис өте ұзақ сондықтан оның біздің тақырыбымызға қатысты жерін ғана баяндаймыз): "...Ол ішке кірсе, үлкен бір жылан төсектің үстінде оратылып жатыр екен. (Жігіт) оған найза ала ұмтылып, оны (найзасына) шаншиды да, сыртқа шығып,(найзаны) аулаға қадайды. (Жылан найзаның) басында ирелеңдеп жатады. Сол кезде жылан ба әлде жігіт пе, қайсысының тезірек өлгені білінбей қалады. Біз Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, оған болған жағдайды әңгімелеп бердік және: «Оны бізге тірілтуі үшін Аллаға дұға етші», – дедік. Сонда(Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)): «Жолдастарың үшін кешірім тілеңдер», – деді. Содан кейін ол: «Ақиқатында, бұл қалада мұсылмандықты қабылдаған жындар бар. Олардың біреуін көрсеңдер, оған үш күн бойы (үйден шығып кетуін) ескертіңдер. Егер ол содан кейін де көздеріңе көрінсе, оны өлтіріңдер, өйткені ол – шайтан (яғниол мұсылман жын емес, кәпір жын не кәдімгі жылан немесе Ібілістің балаларының бірі)», – деді». Сондықтан, үй үшінен жылан көрген кезде ол жын болуы мүмкін болғандықтан оны өлтірмей үш күн бойы оған «кет» деп айту керек. Кетпеген жағдайда ған өлтіруге болады.

         Біздің ата-бабаларымыздың үйде жылан көрсе өлтірмей үстіне ақ құятыны осы хадистің нәтижесінде туындаған жоралғы болуы мүмкін.

Түсімде көрінген аталарым «адам емде» деді

         Жындар адамның түсіне де, адамның бейнесінде кіре алады.  Ол турасында сол жындарды Жаратқан Алла Тағаланың соңғы Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «...Кім мені түсінде көрсе, ақиқат мені көреді (яғни, оның түсіне расында да Пайғамбар кіреді), өйткені шайтан менің бейнеме кіре алмайды. Кім менің атымнан әдейі жалған сөйлесе, өзіне тозақтан орын дайындай берсін» деген. Яғни жындар тек Пайғамбардың  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түрінде ғана түсіңізге ене алмайды, ал басқа кез келген адамның бейнесіне еніп түсіңізге кіре  алады деген сөз. Сондықтан «түсімде көрінген аталарым «адам емде деді» деген сөздің астарында тәуіптің не балшылардың түсіне не өңінде де көрініп тұрған шайтан екенін біліңіз. Өйткені, біз жоғарыда айттық,  дүниеден озған адамдардың рухы біздің дүниеге өте алмайды.

         Осы жерде «тәуіптік жалған болса, оларға барған адамдар жазылып кетіп жатыр ғой» деген заңды сауал туындауы мүмкін...

Науқастар не себептен тәуіптен емделіп кетіп жатыр?

         Егер адам шынымен жынның себебінен не көз тиіп сырқаттанған болса, бұл жерде медицина шарасыз әрине. Осы уақытта мына процесстер іске қосылады. Адам ауруханадан ем таппаған соң  тәуіп пен бақсылардан, экстрасенстардан шипа іздей бастайды.  Міне, дәл осы сәтті шайтан тиімді пайдаланады.  Ауру адамның ішіне кіріп, не сыртынан жабысқан жын тәуіптің  науқасқа Аллаға серік қостыру арқылы жасатқан ем домынан кейін ең ауыр күнәні жасатады. Мақсатына жеткеннен кейін науқастан шығып кетеді. Немесе науқастың құрсағына жабысып, оны бедеулікке ұшыратып отырған жын науқас қабірдің басына барған сәтте әдейі шығады. Артынша жүкті болған әйелдер енді дүниеден озған   кісінің рухы бала берді маған деген сенімде қалады. Ал Алла Тағала Құранда «Шура» сүресінің 49-50 аяттарында: «Біз қалаған пендемізге ұл, қалаған пендемізге қыз. Қалаған пендемізге ұлдарды да қыздарды да береміз» деген.  Сондықтан кеше өзінің жанын алып қала алмай ажал құшып қабірде жатқан адамның рухы біреудің құрсағына жан үрлеуі мүмкін емес. Хош деңіз. 

         Алайда адамдар аурудан тек уақытша ғана айығады. Көп ұзамай науқас басқа ауруымен әлгі тәуіпке тағы келеді. Бұл жолы ол қолына қомақтылау қаражат ұстап, туыстарын жанына ілестіреді. Аурудан айықтырған тәуіпсымақтың әрекетіне таң қалған тустар да, әлгі науқас та енді автоматты түрде тәуіптің жарнамасымен айналысады. "Әй саған өтірік маған шын, бекер обалдың не керек бір  түген деген жерде пәлеңкес деген сұмдық тәуіп бар, жолыңды ашып, арқаңды қасып береді" деп соғады. Сары әулиенің де аты дәл осылай шыққан. Ендігі кезекте шариғаттан хабары шамалы елдің бәрі тәуіптің тегін продюссеріне айналады. 

         Негізі бақсы, тәуіпсымақтар аталған ем-домын өздеріңіз жоғарыдағы аят хадистерден көріп отырғандай жындардың көмегіне жүгіну арқылы жасайды. Әйтпесе сіз сияқты анадан туылып, тамақ ішетін, не медициналық сауаты жоқ, қарапайым адам табан астында медицинаның шамасы келмей жатқан ауруды қалайша емдеуі мүмкін. Ол үшін тәуіп науқасқа ауыр күнә жастуы керек. Күнә не құрлым ауыр әрі көп болған сайын ол адам Алладан алыстайды. Ал адам Алладан алыстаған сайын жындардың әсері де күшейе түседі. Демек "маған аталарым айтып тұр" деп сізге ем жасамақшы болып жатқан тәуіп сізді әруақтар арқылы емес жынның көмегіне жүгініп жасайды. Ал материалдық тұрғыдан көмектесіп емдейтін медицинадан басқа,  кез келген физикалық түсіндірмесі жоқ, ғайыптан болған  күш құдіретпен емдеу мәселесінде Алладан және оның Өзі Құранда көрсеткен емдеу тәсілдерінен басқа кез келген нәрсенің жәрдеміне жүгіну – ауыр күнә болып табылады. Әсіресе жындардың көмегіне жүгіну жүз есе қауіптірек екенін ескеріңіз.

Жындардан жәрдем сұрап, көмегіне жүгіну – кешірілмес күнә

Жаратқан Иеміз Құранда: «Расында Алладан өзгеге табынғандарың сендерге арналған несібеге иелік етпейді, сондықтан да Алладан несібені аңсаңдар, және Оған сыйыныңдар, және Оған алғыстарыңды білдіріңдер, сендер Оған қайтарыласыңдар» деп ескертеді («Әнкабут» сүресі, 17-аят).

«...Ал адамдар жиналған кезде (Кцямет күні) олар (жалбарынған нәрселер: періште-жындар, пұт-жануарлар, өлілер) оларға (дұғамен жалбарынатындарға) дұшпан болады әрі олардың құлшылықтарын мойындамайтын болады» («Әхқаф» сүресі, 5-аят).

Өзіне де, өзгеге де көмектесе алмайтын, көмектесе алады деп ойлағанның қас дұшпаны болатын жаратылыстардан сұрау – қасірет. Мұндай қадамға барған адам ең ауыр күнәні жасап, Алланың қаһарына ұшырайды әрі барлық ізгі амалдарынан біржола айырылып қалады. Мұндай ағаттыққа бармас үшін ауруымызға дер кезінде дұрыс диагноз қоя білу керек болады. Және діни түсінігімізді арттырған абзал.

 

Жын ауруын тек шариғатта көрсетілген емдеу шараларымен емдеген кезде ғана дұрыс нәтиже береді. Және оның ең тиімді тәсілі – Құрандағы шипа аяттарды оқу. Бұл туралы толығырақ ақпаратты келесі мақаламыздың еншісіне қалдырайық....

 

19436 рет оқылды