2016-02-26 (0) (4218)
post

МАЛАЙЗИЯДАҒЫ ҚАЗАҚ СТУДЕНТТЕРІМЕН ЖҮЗДЕСУ

Аздаған уақыттың ішінде «Азияның жолбарысы» деген атқа ие болып, дамудың даңғыл жолына түскен Малайзия мемлекеті көпке үлгі. Бүгінде екі ел арасында ынтымақтастық деңгейі тек экономикалық, сауда-саттық бағытында емес, білім беру жүйесінде де қарқын алып келеді. 1000-ға жуық отандасымыздың осында оқитыны сөзімізге дәлел. 

     Сырттағы тәлімгерлерге рухани демеу ауадай қажет. Осыны ескерген ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жастардың тыныс-тіршілігін біліп қайту мақсатында арнайы топ жасақтап, Малайзияға жіберді. ҚМДБ, «Нұр Мүбәрәк» университеті және «Асыл арна» телеарнасынан құралған делегация мұндағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшілігінде болып, студенттермен жүздесті.     

     Айтулы басқосуға ұйытқы болған Қазақстан елшісінің кеңесшісі Ержан Асаубай меймандарды зор ілтипатпен қарсы алып, жылы лебізін білдірді. Басқосуға Малайзиадағы халықаралық «Ислам университетінің» студенттерімен қатар, «Segi, Britan», «Scaince» сынды білім ордаларының (мамандықтары: архитектор, инженер, IT, экономика, бизнес т.б) 30-дан астам белсенді жастары қатысты. 

   «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам университетінің проректоры Шәмшиддин Керім Қазақстан мен Малайзия жоғары оқу орындарының арасында жасалған және болашақта жасалатын келіссөздерге тоқталды. Әрі тәлімгерлерге алтын уақыттарын тиімді пайдаланып, білім алып, тәжірибе жинап, халқы үшін қалтқысыз қызмет етуге шақырды. 

     Өз кезегінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының кеңесшісі Қуат Раев студенттерге толағай табыс тілеп, бірқатар жаңалықтарымен бөлісті. Жастарды ұлтжанды, жанашыр, отансүйгіш болуға үндеді. Келелі кездесудегі негізгі мақсат: шетелдегі діни оқу орындарында оқитын отандастарымыздың елімізге оралуына ықпал ету, дұрыс діни бағыт-бағдар беру, «Терроризм және экстемизммен» күрес жөніндегі ҚР-ның заңына сәйкес құқық бұзушылыққа жол бергізбеу мақсатында бірлескен түсіндірме-насихат жұмыстарын жүргізу. Діттеген мақсат орындалды. 

    ҚМДБ «Жалпы және жастар ісі» бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысхан Діни басқарманың былтырғы жылы атқарған шараларымен таныстырды. Атап айтқанда: қазақ тарихында тұңғыш рет өткен имамдар форумы туралы ақпар беріп, сонда қабылданған 4 құжаттың мән маңызын ашып берді. Мұсылманның тұлғалық бейнесі, ҚМДБ тұғырнамасымен қатар, ҚМДБ-ның 2020 жылға дейінгі білімді дамыту тұжырымдамасын айтты. 

    Кездесу соңында тәлімгерлер көкейде жүрген сауалдарын ортаға тастады. Бірі жат ағымдардан сақтану жолдарын білмек болды, енді бірі екі елдің білім саласындағы ынтымақтастық деңгейін сұрады. 

   Мұнан кейінгі әңгіме бейресми жағдайда өрбіп, қарым-қатынас нығая түсті. Студенттер  өздеріне жанашырлық танытып, ағалық ақылын айтқан ҚМДБ өкілдеріне дән риза. Олар: «мұндай басқосулар жиірек өтіп тұрса»-деген пікірмен тарқасты. 

(Куала Лумпур қаласы)

«Асыл арна» телеарнасының тілшісі: Нұрболат Жантелі.

 

 

 

 

 

4219 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !