Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы, «Нұр Мүбәрәк» университеті және «Асыл арна» телеарнасынан құралған делегация мүшелері Малайзияға жасаған қызметтік іс-сапарының аясында, Халықаралық ислам университетіне қарасты «Білімді дамыту орталығында» болды.
Делегация мүшелері алдымен білім ордасының қызмет аясын баяндайтын шағын бейнематериялды тамашалады. Мұнда бакалавр мамандықтары оқытылмайды. Есесіне магистр мен докторларды дайындайды. Барлық заманауи техникалармен жабдықталған. 25 жылдық тарихы бар мекемеде 200 мыңдық кітап қоры бар.
Орталық директоры Айнуль Жария мұндағы білім жүйесінің өзге де жаңалықтарымен таныстырды. Қара шаңырақта ағылшын тілін тереңдетіп оқытумен қатар, түрмеде қызмет атқаратын жұмысшыларға да қысқа мерзімдік оқыту курстары жүргізіледі. Оларға: сотталушылармен дұрыс қарым-қатнас жасау, тамақтандыру, үгіт-насихат шараларын қалай жүргізу керектігі егжей-тегжейлі түсіндіріледі.
«Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам университетінің проректоры Шәмшиддин Керім осы сапардың аясында жоғары оқу орнымен 2 диплом жобасын жасау, ислам қаржы бөлімін ашу және имамдардың білімін жетілдіру сынды үш бағыт бойынша алғашқы келіссөздердің жасалғанын баяндады.
ҚМДБ, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының кеңесшісі Қуат Раевтың имамдардың білімін жетілдіруге байланысты қойған сауалына, мекеме басшысы жауап берді. Айнуль Жария қазіргі уақытта оқу орталығы 1-6 ай аралығында 25 имамды қабылдап, білімін жетілдіре алатынын айтты. Басқосу бірқатар уағдаластықпен аяқталды. Кездесу соңында ҚМДБ делегациясы кішігірім сыйлық үйлестірді.
«Асыл арна» телеарнасының тілшісі Нұрболат Жантелі.