Арыста болып жатқан төтенше жағдай бәрімізді де алаңдатып отырғаны анық. Мейірімі кең Алладан ағайындарымызға қорған, пана болуын сұраймыз. Алла бізді тосыннан келіп тосылтатын апаттардан қорғап, жамандықтан сақтасын!
Үрей мен паникаға (байбаламға) жол бермеңіздер. Нақты, сенімді ақпарат шықпайынша жалған дерек пен арандатушы мәліметтерге сеніп қалмаңыздар.
Осы ретте, «Мұндай жағдайға ұрынған адам қалай әрекет етуі керек? Дұрыс жолы қайсы?» деген заңды сұрақ туатыны анық.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ісі қиындап кеткен кісіге мына дұғаны оқуды өсиет еткен:
Иә, Алла! Өзің жеңілдеткен істен жеңіл еш нәрсе жоқ. Егер Сен қаласаң, ауыр істі де жеңілдетесің.
Аллаһуммә лә сәһлә иллә мә жәъалтәһу сәһлән уә әнтә тәжъалул-хазнә изә ши'тә сәһлә.
Сонымен бірге Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мазасыздық пен уайым-қайғы басқан уақытта адам барлық күнәсі үшін Алладан кешірім сұрап, Жүніс пайғамбардың (а.с) дұғасымен Алладан жәрдем сұрауды өсиет еткен. Суға батып, кит жұтып жіберген Жүніс пайғамбар (а.с) балықтың ішінде жатып «Иə, Алла, Сенен басқа ешбір Тәңір жоқ. Сен (кемшілік атаулыдан) пәксің. Анығында мен өзіме зұлымдық жасаушылардан болдым», - деген. /Лəə илəəhә иллəә әнтә субхәәнәкә иннии кунту минәз-заалимиин/ ("Әнбия" сүресі, 87-аят)
Осыдан соң Алла оны судың да, киттің де ішінен аман шығарып, оған ары қарай өмір сүруге мүмкіндік сыйлайды. Кім басына қандай да бір қиындық келген кезде осы дұғаны оқыса, Алла оны Жүніс пайғамбарды киттің ішінен алып шыққандай, кез-келген қасіреттен құтқарады! (әл-Хаким)
Ендеше, Алла Арыстағы ағайынға пана болып, олардың ешқандай зиян шекпей, осы бір апаттан аман-есен шығуын нәсіп етсін!