12:35 | Пайғамбарлар қиссасы
2016-01-28 (0) (4227)
post

БҮЛДІРШІНДЕРГЕ ҚЫСТЫҚ КИІМДЕР ТАРАТЫЛДЫ (ФОТО)

Бүгін «Нұр Астана» орталық мешітінің ұйымдастыруымен елордадағы №24 мектеп оқушылары мен көпбалалы отбасы балаларына қыстық жылы киімдер таратылды. Бұл туралы аталған мешіттің баспасөз қызметі хабарлады.

«Мейірімділік мекені» акциясы аясында қолға алынған игі шараға ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл, Оңтүстік Қазақстан облысы Дін істері басқармасы Әлеуметтік бастамалар орталығының директоры Нұржан Тұрсынбай және орталық мешіттің наиб имамы Асхат Салимов қатысты.

Наиб мүфти өз сөзінде оқушыларға ата-ананы сыйлаудың асыл дініміздегі мән-маңызы жайында насихат айтып, иманды, тәрбиелі болып өсудің адамға тигізер пайдаларын Құран аяты, пайғамбар хадисімен сабақтап, түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, жыл басын жақсылықпен бастап әрі балаларға қысқы киімдердің ең жақсысын ұсынып, игі ісімен демеу болған жаны жомарт азаматтың отбасына балалар мен ата-аналардың және өз атынан алғыс білдіріп, кәсібіне береке тіледі.

Сауапты іске үн қосқан ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл балаларға елін, жерін сүйетін азаматтың иманды, қайырымды болатындығын атап, болашақта жүректі, жомарт, әдепті болып өсулеріне тілектестік айтты. Ал бүлдіршіндер өз кезегінде «Нұр Астана» орталық мешіті сыйға тартқан сапалы да жылы қысқы киімдерін киіп бір қуанып, барлығы мәз-майрам болысты. Ата-аналары да игі шараға ат салысып, көмек қолын созған дін қызметкерлеріне ризашылықтарын жеткізді.

 

 

 

 

4228 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !