2015-12-10 (0) (5491)
post

Құран Кәрімнен шәкірттер арасында жарыс өтті

Алла Тағала Құранда: «Расында Құранды Біз түсірдік, Біз оны қорғаушымыз» («Хижр» сүресі, 9-аят), - десе, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз хадис шарифінде: «Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп (жаттап), басқаларға үйреткендерің», - деп айрықша атап көрсеткен. Түсіне білген адамға бұл екі дүниеде де зор бақыт әкелетін амал.  Аллаға шүкір, еліміз бойынша да, облысымыз бойынша да діни  сауат ашу курстарында  Құран жаттаушы  шәкірттер саны жыл санап артып келеді.

Сәтбаев қаласы «Балмағанбет Балқыбайұлы» орталық мешітінің ұйымдастыруымен қаңтар айының 11 жұлдызында Құран Кәрімнен шәкірттер арасында жарыс өткізілді. Сайысқа Жезқазған, Сәтбаев қаласы мешіттерінің шәкірттері қатысып, шәкірттер екі топқа бөлінді. Бір топта 14 жасқа дейінгі шәкірттер болған болса, екінші топта 14 жастан жоғары шәкірттер бір-бірімен сайысқа түсті.

Алқа мүшелері арасында орталық «Балмағанбет Балқыбайұлы» мешітінің бас имамы Қондыбай Серікбайұлы, Нұр-Астана медресесінің түлегі, Нұр-Мүбәрәк Ислам Университетінің шәкірті Такеев Еркебұлан болды. Барлық шәкірттер жоғары дайындықпен келгендігі байқалып, Қасиетті Құранның аяттарын қырағатпен, шынайы ықыласпен оқыған шәкірттердің жүзінен нұр мен қуаныш байқалып тұрды.

14 жасқа дейінгі шәкірттердің сайыс нәтижесі: 1 – орын Рузиев Жұмабай, 2 – орын Мамаюсупов Расул, 3 – орында – Сабыр Төре иеленді.    

 

14 жастан жоғары топ арасында 1 – орын Ахмедия Сағындық, 2 – орын Ауезов Асет, 3 – орынды  Боранбай Амандық иеленді.

Құран жарысына қатысқан барлық шәкірттерге бас имам Қондыбай Серікбайұлы шын ризашылығы мен алғысын білдіріп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыстап, әр қатысушыға алғыс хат, бір дана Құран Кәрім кітабы сыйға тартылды. Құран Кәрімді жаттап, ары қарай сауатын арттыруға шәкірттердің ынталары артып, көрермен ретінде келген ата-аналары дән риза болып, мешіттің осындай іс-шара ұйымдастырғанына алғыстарын айтты.

Сәтбаев қаласы «Балмағанбет Балқыбайұлы» мешітінің баспасөз қызметі

5492 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !