Отбасы 2014-12-10 (0) (10708)

«ӘЙЕЛ ЖҮРЕГІНІҢ КІЛТІ» (ерлерге арналған жобаның толық нұсқасы)

«ӘЙЕЛ ЖҮРЕГІНІҢ КІЛТІ» (ерлерге арналған жобаның толық нұсқасы)

Күллі ер азамат қауымына сынақ болатын бір хадис бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мүміндердiң iшiнде иманы ең кәмiлi – мiнез-құлқы жақсы болғаны. Ал сендердiң ең жақсыларың – әйелімен ең жақсы мәміледе болғандарың. Араларыңда отбасына ең жақсы қарайтын менмін» деген(Ахмад). Яғни, өзінің қандай екендігін білгісі келген ер кісі алдымен әйелімен қарым-қатынасына назар аударады. Ер жігіттің әйелімен қарым-қатынасты жақсартуға жасаған әрбір амалы – құлшылық. Біз бұл тұрғыда алыстан амал іздеп әуре болмаймыз. Барлық істері Алланың тарабынан орайластырылған, өмірі өнегеге толы Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) іс-әрекеттерін басшылыққа аламыз. Бірнеше кеңестің басын құрайтын «Әйел жүрегінің кілті» аталатын шағын жобамыз сүннетте келген ізгі амалдарды қамтитын болады. Алла Тағала баршамызға қабыл болатын амал нәсіп етсін!

БІРІНШІ КЕҢЕС: Әйеліңнің ішкен ыдысын алып, оның еріндері тиген жеріне еріндеріңді тигізіп, оған деген өзіңнің нәзік сезіміңді көрсет! 


Айша (Алла оған разы болсын) былай дейтін: «(Бірде) мен етеккір уақытым кезінде бір ыдыстан сусындап ішкен болатынмын. Сосын мен (сол) ыдысты Алланың Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұсындым, әрі ол өзінің еріндерін (ыдыстың) мен ішкен жеріне тигізіп ішті. Жілік кеміріп отырып, оған ұсынып едім. Ол менің аузым тиген жерден мүжіді» дейді. (Муслим).

 

ЕКІНШІ КЕҢЕС: «Әйеліңнің көңіліне қаяу түскен сәтте оған тіреу бол әрі оның көз жасын өз қолыңмен сүрт!»

Әнас (Алла оған разы болсын) былай деді: “Бірде Сафия (Алла оған разы болсын) Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге сапарда болатын. Әрі сол күн оның (еншілі) күні етін. Әрі ол (өзгелерден артта) қалып қойды да, сосын Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оны алдынан шығып күтіп алды. (Сол кезде) ол көзіне жас алып: «Сіз мені жайбасар түйеге отырғыздыңыз», - деді. (Сонда) Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз қолымен оның көз жастарын сүртіп, жұбата бастады” (ән-Нәсаи).

ҮШІНШІ КЕҢЕС: «Әйеліңді өз қолыңмен тамақтандырып, еркелетіп әлпештеп тұр!»
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Әрі, ақиқатында, сен міндетті түрде Алланың Дидарына ұмтылып жұмсаған барлық нәрсең үшін сый-сауап аласың, тіпті әйеліңнің аузына (өз қолыңмен) салатын (тамақ) үшін де» (Бұхари, Муслим).

ТӨРТІНШІ КЕҢЕС: «Оған қиын-қыстау кезде қамқор бол әрі ауырып қалған кездері оны Құранмен емде!»


Айша (Алла оған разы болсын) өзіне қатысты жала оқиғасы (хадисат әл-ифк) туралы баяндаған кезінде былай дейтін: «Бұрын мен ауырғанымда ол маған мейірбан әрі мейірімді болатын, ал ол осы ауырған кезімде ол ондай болмады, әрі бұл маған ұнамады. Анам мені емдеп жүрген кезде ол маған кіріп (анамнан): «Ол қалай?», - деп (қана сұрап) қоятын. Әрі бұған өзге еш нәрсе қоспайтын» (әл-Бұхари).
* «Хадисат әл-ифк» - екіжүзділер Айшаны (Алла оған разы болсын) зинақорлықта айыптағаны туралы оқиға.
Сондай-ақ Айша (Алла оған разы болсын) былай дейтін: «Егер оның жанұясынан әлдебіреу ауырып қалса, ол оларды соңғы екі сүремен (әл-мау’изатайн) дем салып емдейтін» (Муслим).

БЕСІНШІ КЕҢЕС: «Әйеліңнің тізесін жастануды әдетке айналдыр! Яғни басыңды оның аяғына қой!»
Айша (Алла оған разы болсын) былай дейтін: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) [басын] менің аяқтарыма қоятын да, Құран оқитын...» (Бұхари, Муслим).

 

АЛТЫНШЫ КЕҢЕС: «Үйден шығарда әйеліңнің маңдайынан иіске!»

Айша (Алла оған разы болсын) былай деп баяндайтын: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің кейбір әйелдерін сүйіп, сосын барып дәрет алмастан намазға шығатын» деген (Әбу Дауд, Тирмизи).
Хадиске түсініктеме: Яғни, ер адам әйелін сүйсе, алдын ала дәрет алған болса, дәреті бұзылмайды және оразасы да бұзылмайды.

ЖЕТІНШІ КЕҢЕС: «Оны еркелететін немесе оның өзіне ұнайтын есімдермен атап-шақыр!

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айшаға қаратып: «Уа, Аиш, Уа, Аиш, міне, Жәбірейіл саған сәлем айтып жатыр», - дейтін (Бұхари, Муслим). Сондай-ақ Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған қарап: «Я, әппақ!» - дейтін (ән-Нәсаи). Сондай-ақ бірде Айша оған: «Сенің менен өзге барлық әйелдеріңнің куньялары бар» , - деп айтқанда, ол оған Умм Абдилләһ (Абдуллаһтың анасы) дегендігі туралы хабарланады (Ахмад).

СЕГІЗІНШІ КЕҢЕС: «Әйеліңе Аллаға құлшылық етуге көмектес

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Түнде (ұйқысынан) тұрып, намаз оқитын және отбасын (ұйқыдан) оятатын, ал егер ол (әйелі) тұрмай жатса, бетіне су шашатын адамды Алла рахым етсін» дейтін (Абу Дауд).

ТОҒЫЗЫНШЫ КЕҢЕС: «Әйеліңнің көңілін көтер әрі оны ойнатып-күлдір


Хадисте келгендей, адамның отбасылық ойындарға жұмсаған уақыты сұралмайды. Үкім шығаруда аса қатал, әділеттілікте аса берік Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын): «Еркек адам үй-ішінде, әйелінің алдында сәбидей, ал көпшілікпен болғанда ер болуға тиіс» деп айтқан екен. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдерімен әзілдесетін, еркелететін, тіпті, ойнайтын. Аиша (оған Алла разы болсын) айтады: «Бір күні Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аңға шықтым. Мен ол кезде жас әрі арық қыз едім. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басқа адамдардан алға жүріп кетулерін өтінді. Сонан кейін маған: «Екеуміз жүгіруден жарысайық» деді. Мен жарыстым да, одан озып кеттім. Ол ештеңе демеді. Мен уақыт өте келе салмақ жинадым. Бірде онымен тағы аңшылыққа шықтым, бірақ, әлгі оқиғаны ұмытып кетіппін. Ол тағы да адамдардан жүріп кетулерін сұрады. Сонан кейін маған: «Екеуміз жүгіруден жарысайық» деді. Ол мені басып озды да: «Бұл жеңіс – алдыңғы жеңіліс үшін» деп күлімсіреді». (Ахмад).

 

ОНЫНШЫ КЕҢЕС: «Араларыңдағы махабатты жандандырып отыр және жарыңды жылы сөз әрі сыйлықтармен тәрбиеле


Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Мен сендерге сендер соны істеу арқылы бір-біріңді жақсы көріп кететін іске нұсқайын ба? Өз араларыңда сәлем таратыңдар» (Муслим).
Сондай-ақ Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Бір-бірлеріңе сыйлықтар беріңдер – бір-бірлеріңді жақсы көріп кетесіңдер» (әл-Бухари).
Әрі бұл барша мұсылмандарға жалпы ортақ жағдай, ал енді ерлі-зайыптылар туралы не айтуға болады?

ОН БІРІНШІ КЕҢЕС: «Ол сен үшін қымбат адам екенін айтудан жалықпа


Айша (Алла оған разы болсын) Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Умму Зар’ және оған өте қайырымды болған, бірақ соңынан онымен ажырасып кеткен Абу Зар‘ туралы оқиғаны айтып берген кезде, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айшаға: «Мен саған Умму Зар’ үшін Абу Зар’ қандай қымбат болған болса, сондай боламын, бірақ, мен сенімен ажыраспаймын», - деді.

 

ОН ЕКІНШІ КЕҢЕС: «Әйеліңе үй шаруаларында көмектес


Бірде (бір кісілер) Айшадан (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйде не істейтіні жайлы сұрайды.
Сонда ол: «Ол адамдардың бірі еді. Киімін жамап-тігетін, қой сауатын әрі өз-өзіне қызмет жасап жүретін», - деп жауап береді (Ахмад).

ОН ҮШІНШІ КЕҢЕС: «Оның қасында болған кезіңде денеңнен немесе ауызыңнан жағымсыз иістің шықпауын қадағала»

Айша (Алла оған разы болсын) былай деп баяндайтын: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйге кіргенде ең алдымен тісін мисуакпен тазалауға кірісетін» (Муслим).

Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Мен әйелімнің мен үшін әдеміленгенін жақсы көретінім секілді өзімді де ол үшін сәндегенді жақсы көремін» (Ибн Әби Шәйба).

ОН ТӨРТІНШІ КЕҢЕС: «Әйеліңе әдеміленіп, ретке келуіне мүмкіндік бер»

 Жәбир (Алла оған разы болсын) былай дейтін: «Бірде біз Пайғамбармен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге сапарда болғанбыз. Және біз қалаға қайтып оралғанымызда әрі үй-үйлерімізге тарамақшы болғанымызда, ол бізге: «(Әйелдер) таранып әрі (денесінің түктерін) қырынып алулары үшін, оларға уақыт беріңдер (яғни олар өз-өздерін ретке келтіріп алулары үшін)», - деп айтты»  (Нәсаи).

 

ОН БЕСІНШІ КЕҢЕС: «Кейде оның әлдебір кемшіліктерін байқамауға тырыс»

Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Мүмин еркек мүмин әйелге жеккөрушілік танытпайды. Оған оның мінез-құлқының әлдебір тұсы ұнамағанымен, басқасы ұнайды» (Муслим).

ОН АЛТЫНШЫ КЕҢЕС: «Егер кей кездері ол сенімен керісіп қалса, сабыр ет»

Омар (Алла оған разы болсын) былай деп баяндайтын: «(Бірде) мен өз әйеліме дауыс көтеріп жібердім, әрі ол да маған (керісіп) жауап берді. Әрі маған оның  айтқаны ұнамады. [Мен оған: «Менің не істегім келетініне сенің қандай шаруаң бар? Және менің істейін деп жатқан тірліктеріме неге араласасың?», - дедім] Ол болса: «Ал сіз неге менің сөз қайтарып жатқанымды сөгесіз? Алланың атымен ант етемін, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдері оған (сөз) қайтарады», - деді» (Бұхари).

ОН ЖЕТІНШІ КЕҢЕС: «Кейде тамақты дұрыс дайындай алмай қалса, сөкпе»

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) былай дейтін: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ешқашан тамақты сөкпейтін. Егер оған ұнаса - жейтін, ұнамаса - жемейтін» (Бұхари).

ОН СЕГІЗІНШІ КЕҢЕС: «Оған жақсылықтары үшін алғысыңды айтып жүр»

Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Адамдарға рахметі жоқ адам Аллаға шүкіршілік етпейді» (Тирмизи).

ОН ТОҒЫЗЫНШЫ КЕҢЕС: «Әйеліңнің жақындары мен құрбы-құрдастарына жомарттығыңды таныт»

Айша (Алла оған разы болсын) былай деп баяндайтын: «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қой сойған кездері (оның етінен) Хадижаның құрбы-құрдастарына сый ретінде жіберіп отыратын»(Тирмизи).

ЖИЫРМАСЫНШЫ КЕҢЕС: «Әйеліңе сенім арт әрі ол саған опасыздық жасайды деп ешқашан ойлама»

Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) [ұзақ уақыт бойы үйінен алыс жүрген] еркекке [әйелі оған опасыздық жасап жатыр екен деген күдікпен] немесе әйелдері тарапынан [жіберілген] күнә-қателіктердің [үстінен түсу ниетімен, өзінің әйелдеріне] кенеттен түнде баса-көктеп кіруіне тыйым салды (Муслим).

ЖИЫРМА БІРІНШІ КЕҢЕС: «Әйеліңе жомарттық таныт»

 Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Сенің Алланың жолында жұмсаған динарың, әрі құлды босату үшін жұмсаған динарың мен өзіңнің отбасыңа жұмсаған динарың: (барлығының ішінде) сауабы бойынша ең үлкені - сенің отбасыңа жұмсағаның» (Муслим).

Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ былай дейтін: «Егер адам өз дүние-мүлкін сый-сауапқа үміт ете отырып, яғни осынысымен Алла Тағаланың Дидары мен Оның ризашылығын қалап, жұмсайтын болса, бұл оған садақа болып жазылады» (Бұхари, Муслим).

ЖИЫРМА ЕКІНШІ КЕҢЕС: «Әйеліңнің сырын ешкімге ашпа»

 

 Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Расында, Қиямет Күні Алланың алдындағы адамдардың ең жаманы – өз әйелімен оңашада болатын әрі ол да онымен оңашаланатын, ал сосын оның (жыныстық) құпияларын айтып беретін еркек» (Муслим).

10708 рет оқылды