МЕЙІРІМДІ ҚАНШАҒА САТАСЫЗ?

МЕЙІРІМДІ ҚАНШАҒА САТАСЫЗ?

- Тоқтаңыз, тоқтаңыз...  Аллаға шүкір! Рахмет аға!

Жүргелі тұрған қоғамдық көлікке әзер үлгердім-ау!  Ұмытып кетпейін деп жол ақысын төледім. Іштей: "Отыратын орын болса ғой, шіркін!" - деп қоямын. Бірақ бос орын байқамадым. "Оқасы жоқ, тек құлап қалмасам болды",- деген оймен бір бұрышқа ыңғайланып тұрып алдым. Содан кейін ғана жан-жағыма бір көз тастап өттім. Бірінің көзі смартфонда, екіншісі қабағын түйіп терең ойға батып отыр. Тағысын тағы...

Әдетте көліктің ішін бір шолып шығып, қайта оралатын жанарымды бір көрініс жібермей ұстап қалды. Жүзін әдемі ғана әжім басқан, басында ақ жаулығы бар әжеміз әп-әдемі болып, айналасына жылу шашып отыр екен. Ой деген жүйрік қой шіркін! Бала кезімдегі әжемнің бейнесі көз алдыма келді. 

Оның ыстық алақаны...

Қолының жұп-жұмсақ әжімдері...

Мені жетектеп, көршіге қонаққа бара жатқанымыз...

Қалтасынан беріп жатқан құрт, дәмі тіл үйірер тәтті-мәтті...

"Ұйықтар алдында оқып жат" деп "Қуль-һу-Аллаһу Әһәд'" сүресін ("Ықылас" сүресі) жаттатып жатқаны...

Намаз оқып отырғанында онымен бірге сәждеге бас қойып, бір көзімнің қырымен қашан тұрар екен деп бақылап тұрған сәтім...

Бәрі-бәрі сурет болып өте шықты. Көзіме жас үйірілгенін байқамай да қалдым.

Жаңағы бейтаныс әжені барып құшақтап, өз әжеме еркелегендей еркелегім келді. Осы әженің де алақанымен басымды сыйпағанын, "құлыным, жақсы адам бол" деп айтқанын шын жүрегіммен қаладым.  

Бірақ олай жасай алмадым. Бір нәрседен ұялып тұрмын. Арамызда еш кедергі болмаса да, үлкен бір дуал (қабырға) тұрғандай. Тым болмағанда жанына барып, әңгіме де бастай алмадым. "Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас" деген сөз рас екен. Тек іштей өзіме сұрақ қоя бердім. Бұл өзі қандай сезім болды екен? Ұялу ма әлде адамдар арасындағы байланыстың жоғалып бара жатқандығы ма? Мен үлкенді құрметтеп, көрген жерде хәл сұрасып, емен-жарқын әңгіме бастап кететін текті қазақтың ұрпағы емес пе едім?  Әлде ағамның айтқан еуропалық жаңалығы бізге де жетті ме? Құдай сақтасын!

"ЕУРОПА МЕЙІРІМДІ САТЫП ЖАТЫР..."

...деп ағам әңгімесін бастады. Дамыған елдерде достықты да сатып алуға болады. Таңқалғаным, бүгінде көршілес Ресей елінде "Дружба на час" деген арнайы агенттік жұмыс жасайды екен. Ақшасын төлесеңіз болғаны, сізбен уақытша дос болатын адам лезде табыла қояды. Сол уақыт аралығында онымен сырласуыңызға, қыдыруыңызға немесе дүкен аралауыңызға болады.

 

Міне, қызық, "естімеген елде көп" деген осы шығар. Біз еліктеп жүрген Еуропаның адамдар арасындағы мәмілесі осындай хәлге жетіпті...

 

Ағам айтқан осы жағдайды есіме алдым да, бар күшімді жинап, апаның жанына жақындап, жәй ғана жағдайын сұрадым. Мен ойлағандай қиынға соқпады, ұрсып та бермеді. Қайта мейірімді жүзімен баурап, әңгімесін әріден бастады. Арада қанша уақыт өткенін де білмей қалып, әженің түсетін аялдамасына жеткен екенбіз. Бір-бірімізбен көптен таныс адамдардай қимай-қимай қоштастық.  

 

Көлікте болсам да, біраз уақытқа дейін көз жазбай әжейге қарап тұрдым.

Әжіммен көмкерілген жүзі қандай әдемі еді!

Соңғы рет сондай алақанның жылуын қашан сезіндім екен?

Өмірден түйген ақылын қашан тыңдадым?

Еркелеген сәтімді де ұмытыппын ғой...

Әжесі бар жандар қандай бақытты! Барында бағалай білейікші!

 

P.S: Бәсе, біздің қазақ мейірімді, достықты, махаббатты ешқандай ақшаға айырбастамаса керек-ті!

 

1589 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !


Пікір жазу үшін, сайтқа тіркеліңіз. Тіркелу

*