15:10 | Маңызды мәселе
Отбасы 2014-12-10 (0) (11761)

2015 жылдың ең үздік посттары

2015 жылдың ең үздік посттары

1.Анаңмен қатынасыңды тексер!

Жүрегіңде қаттылық сезініп, мінез-құлқыңның жаман жаққа өзгере бастағанын байқасаң, сондай-ақ, бақытсыздыққа ұрынып, жолың ашылмай жүрсе – анаңмен қарым-қатынасыңды қайта тексер. Өйткені əлемдердің Раббысы Құранда Иса Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) тілінде: «Маған (Алла) анама көркем қарым-қатынас жасауды (бұйырды). Және де мені тəкаппар, бақытсыз қылмады», - деген. («Мəриям» сүресі, 32-ші аят). «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында» (Байхақи), Ал Алла разы болған адам екі дүниеде де бақытты.

2.Туыстық қарым-қатынасты ұстанудың әдістері:
Ибн Әбу Хамза (оған Алланың рақымы болсын): «Туыстық қарым-қатынасты ұстану кейде қаржы-қаражат арқылы болады, кейде қысылғанда көмек көрсетумен, бір зияннан сақтандырумен, жарқын жүз, ашық шырай танытумен болады немесе олар үшін дұға жасалады» деген.
Ал имам Науаи (оған Алланың рақымы болсын): «Туыстық қарым-қатынасты ұстану – бұл туыстарға игілік көрсету. Бұл туыстық қарым-қатынасты ұстануды ниет етушінің мүмкіндіктеріне және туыстардың қажеттілігіне қарай. Кейде мал-мүлікпен, кейде қызмет көрсетумен, үйіне барып қал-жағдайын сұрасумен, кейде жай ғана сәлеммен және басқа да іс-әрекеттермен болуы мүмкін» дейді.
Сонымен ғалымдар ұсынған туыстық қарым-қатынасты ұстануға арналған мынадай әдістер бар екен:


• Үйлеріне барып қал-жағдай сұрасу;
• Сыйлық беру;
• Проблемаларына қызығушылық таныту;
• Араларындағы жағдайы төмен жандарға көмек көрсету;
• Үлкендерін құрметтеу;
• Жағымды әрі мейірімді қарым-қатынас ұстану;
• Үйге қонаққа шақыру;
• Жетістіктері мен табыстарына қуану;
• Қайғысы мен уайымына ортақтасу;
• Олар үшін Алладан жақсылық сұрау;
• Қызғаныш, көреалмаушылық сезімдерін жеңу;
• Өзіңе қалағанды оларға қалау;
• Ауырса жағдайларын сұрау;
• Олар туралы жақсы ойлау;
• Шақырса қабыл алу;
• Ислам діні туралы насихат айту, Алланы үнемі естеріне салу.
• Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю т.б.

3.Алла шеше алмайтын қиындық жоқ!

Жеті қат аспан мен жеті қатпар жерді жаратуға қуаты қиналмай жеткенде, сенің жыртық жүрегіңді жамауға күші жетпейді деймісің?! Санаңды жаулаған уайым мен қайғының торын бұзу Оған ауырлық танытады деймісің?! Бақытқа жеткізіп, шаттыққа бөлеу де Оған түкке тұрмайды. 
Ендеше, Жаратушыңа сен, арқа сүйе, тəуекел ет. 

4.НЕКЕ- АЛЛА ОРНАТҚАН "БАҒДАРЛАМА"
"Әрі сендердің тыныштық, тыным тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де – Оның белгілерінен" ("Рум" сүресі, 21-аят). Тән тыныштық пен тынымды, ал жан сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлықты іздемей тұрмайды. Өйткені, бұл – жаратылыс Иесінің орнатқан заңы. Ал егер, тән мен жан өз керегін алмаса бұл оның ақылына, біліміне, даналығына, мінез-құлқына, денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайды. Бір данышпан: «Мен некеге дейін бар болдым, некеден кейін ғана шынайы өмір сүре бастадым» деген екен.

Әйел мен еркек бағдаршамға екі жақтан келе жатқан көліктер сияқты. Әр қайсысының «қызылға тоқта, жасылға жүр» секілді ережесі бар. Көліктің ережені бұзса апатқа ұшырайтыны сияқты отбасы да ерлі-зайыптылардың бірі міндетін орындамағаны себепті апатқа ұшырайды.

5.АЛЛАНЫҢ МЕЙІРІМІН ҚАРАШЫ!!!

Бірде бір кісі ғұлама Яхья ибн Му’аздың алдында Құрандағы Алла Тағаланың Мұса мен Һарун Пайғамбарды (ол екеуіне Алланың сәлемі болсын) Перғауынға жіберіп: "Оларға жылы сөз сөйлеңдер. Бәлкім ол тура жол тапқандардан болар, немесе қорқар" деген аятын оқиды. ("Та һа" сүресі, 44-аят) 
Сол кезде Яxья жылап жіберді де: "Я, Алла, сен "Мен құдаймын" деген адамға жылы сөз сөйлеуге бұйырып жатырсың. Сонда Сенің "Сен Құдайсың" деген пендеңе Мейірімің қандай болмақ?!" деген екен.

6.ҰЛЫ АБАЙ ДА БҰЛ СҰРАҚҚА ЖАУАП ІЗДЕГЕН!

Әдетте бізге «Өмірдің мәні не?», «Өмірге келудегі мақсат?» деген сауал қойылса:
– Біреуден естігенді айтамыз;
– Қалыптасқан, жаттанды ұғымдар ойға оралады;
– Әкеміз немесе анамыз үйреткен қағидалар ауызға алынады;
– Мектептегі мұғалімнің айтқандары еске түседі т.б.
Немесе «Тамақтың мақсаты не?» деген сауал қойылса, әр адамның тарапынан «ағзаны азықтандыру, тәнді қанағаттандыру» деген жауап айтылады. Сондай-ақ, «Біз не үшін жұмыс істейміз?» деген сауалға: «Мен өзімді және отбасымды асырау керекпін» деген жауапты естіп жүрміз. Сол секілді «Не үшін киінеміз?», «Не үшін жуынамыз?» деген сұрақтарға да «бұл оп-оңай нәрсе ғой, бар болғаны адамның күнделікті қажеттіліктері» деп, қаперге де алмаймыз. Иә, қарапайым сұраққа қарапайым жауап. Және осы сауалдарды әлемнің 100 мың жеріндегі миллиондаған адамдарға қойсаңыз біркелкі жауаптарды естисіз.
 
Олай болса айтыңызшы, қарапайым ғана «Өмірдің мәні не?» деген сұраққа неге әр түрлі жауаптар аламыз? Себебі, ақиқатында, көбіміз бұл туралы ойланып көрген жоқпыз. Бұл тым қорқынышты. Жо-жоқ, сұрақ қорқынышты емес, тек нақты жауап берілген жағдайда адамның өмірін біржола өзгертіп жібереді. Ал, біз, адамдар өзгерістерден қорықамыз. Адамның ішкі табиғаты бастапқыдан сондай. Біреудің соңынан ере салу, өзгенің айтқанымен соқыр жүру – оңай, өйткені, мұндай кезде жауапкершілік деген сезім ешкімді мазаламайды. Өзгені кіналай салу да аса қиын емес.
Алайда, бүгін біз осы туралы ойланып көрейікші. Бұл – діни де, саяси да, әлеуметтік де сауал емес. «Қандай мамандық таңдаймын?», «Жақсы жарды қалай таңдауға болады?» деген секілді әрбір адам өміріндегі маңызды тақырып.
Адам тамақ жеу, ұйықтау, жұмыс істеу, киіну, материалдық жетістікке жетіп, өз-өзімен рахаттана беру үшін жаратылды деп айтпаймыз. Әлде дүниеден озғанда өзгеге бұйыратын дүниелерді жинау үшін бе? Жоқ әлде бала өсіріп, ұрпақ қалдыру үшін бе? Олай болса, біздің басқа жаратылыстардан ешбір айырмашылығымыз болмайды емес пе? 
Сонымен жауап беріп көрейік. Абай атамыздың ортаға тасталған сауалға қалай жауап бергенін де ескере отырыңыз.

7. НЕТКЕН ҒАЖАП ЖАН!

Ертеде бір салихалы әйел әрдайым күйеуін жұмысқа шығарып саларда: "Біздің хақымызды сақтауда Құдайдан қорық. Арамнан азық әкелуден сақтан. Біз аштық пен шөлге шыдағанымызбен Тозақ оты мен қаһарлы Раббымыздың ашуына шыдай алмаймыз", - деп айтады екен.
Жарының адал да тақуа болуына атсалысып, жәрдемдескен әйел неткен ғажап жан!

8. Қызметім табысты болсын десең...

Қызмет етуші адамдардың үш түрлі амалы бар:
Біріншісі – барлық ризық-несібе, байлық, мүлік адамның өз күшімен, білімімен, парасатымен, қабілетімен келеді деп сенеді.
Екіншісі – Аллаға тәуекел еттім, Алла өзі асырайды деп қол қусырып отырады.
Үшіншісі – қолдан келген қызметін атқарады, амалын жасайды, еңбектенеді, содан кейін ісін Аллаға тапсырады. Жаратушы қаласа ғана адал ризық келеді деп түсінеді, дұғасын жасайды. Мұның жағдайы көктемде жер қазып, дән егіп, күзде егін орып аламын деп үміттенген диқаншы іспетті.
Ең дұрысы – үшінші адамның амалы. Өйткені Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сендер Аллаға дұрыс тәуекел етсеңдер еді, онда Ол сендерді, таңертең аш кетіп кешке қарындары тойып қайтатын құстарды қалай ризықтандырады, сендерді де солай ризықтандырар еді» деген (Тирмизи). Адамнан 10-20 есе көп құстардың барлығын да ризықтандырған Алла Өзінің ең ардақты жаратылысын ешқашан қараусыз қалдырмайды. Ол үшін адам әрдайым дұрыс әрі тәртібімен тәуекел ете білуі қажет.
Сол үшін де сахаба Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) бір сөзінде: «Біреулерің «Я, Алла, маған ризық бер!» деп дұға етіп, кәсіп жасамай, ризық іздемей отырмасын. Сендер аспаннан алтын не күміс жауады деп ойлайсыңдар ма?» деген екен («Ихяя улумуд-дин).

9. Шынайы дос деген кім? 

Нағыз дос - жалғыз болсаң да жаныңда жүргендей сезінетін адам.
Ол – қатеңді кешіретін, түсіністік танытатын, сыртыңнан қорғап, жоқтығыңды сездірмейтін адам.
Ол сен жайлы әрдайым жақсы ойлайды, оны ренжітсең қайта ақтауға тырысады, «мүмкін ол байқамаған шығар», «бұлай істейін деп ойламаған шығар» деп кешірім танытады.
Ол өзіне қалаған жақсылықты саған қалайды. Мал-дүниеңді, жанұяңды, ар-намысыңды өзінікіндей қорғайды. Ол қиындықта да, жаймашуақ кезде де, қуаныш-қайғыда да, кеңдік-тарлықта да, байлық-кедейлікте де сенімен бірге.
Ол шалыс бассаң насихат айтады, жақсы іс істесең қуаттайды, ізгі амалыңа жәрдем көрсетеді.
Ол саған білімімен, амалымен, әдебімен, мінезімен пайда тигізеді. Сен сұрамасаң да әрдайым сыртыңнан дұға жасап жүреді.
Я, Алла! Бізге Өзіңді еске салатын, екі дүниеде де ізгілікке бастайтын ақиқи досты нәсіп ет!

10. Адамдарға арыз

«Біз апалы-сіңлілі бесеуміз. Араларындағы ең үлкені әрі байы мен боламын. Келген жанның қолын бос қайтармаймын. Әрдайым жомарттық танытып, барымды бөлісуге дайынмын. Алайда, жақындарымыздың неге маған емес, сіңлілеріме көбірек көңіл бөлетінін түсінбеймін. Олар менен алыс жүреді, көпшілігінің қарасы жиі көріне бермейді. Күн сайын бесеумізге берілген уақыт тең болғанымен, маған аз ғана адам келеді. Көбі төрт сіңлімді тұрақты түрде зиярат етеді. Маған немқұрайлылық танытатынын өздері де түсінеді. Кейде менімен ара-қатынастарын бірнеше күнге үзіп те қояды. Кейбірінің мені өмірлерінен сызып тастағандай, жалқаулықпен, біртүрлі салғырттықпен, сансыз сылтаулармен келетіндігін анық байқаймын. 
Не істесем екен? Сіңлілерімді ешқашан кінəламаймын. Өзгелер жақындарымды маған келуге үгіттейді. Бірақ, нәтиже байқалмайды. Мəселенің мәні неде? Неге мені елемейді? Неге бас тартады? Мен де бес ағайындының бірі емеспін бе? Онда неге мені қадірлемейді? Неге ұмыт қалдырады?»
Шағым иесі – Таң намазы.

11.Рамазан сәтті болу үшін не істеу керек?

Бауырым! Міне, Рамазанның алғашқы таңына да амандықпен жеттік! Аллаға сансыз шүкір! 
Алда отыз күн ораза, отыз күн құлшылық... Бір айлық медресеге енбес бұрын ниетіңді тағы да бір түзеп қойшы! Тағы да Раббыңа бет бұр да:
«Я, Раббым! Мен бұл оразаны Өзің бұйырғаның үшін ұстаймын! Өзіңе бойсұнғаным үшін разы боларсың деген ниетпен ұстаймын! Сен тыйғаннан тыйыламын! Сабырымның сыйын Өзіңнен күтемін!» деп айтшы.
Бұл ораза - денсаулықты жақсарту, артық салмақтан арылу, адамдарға жақсы көріну үшін емес, Раббымыздың бұйырғандығы үшін!
Ниет нақты, ықылас қатты болмай, Рамазан сәтті болмайды! Саған күш беретін сәресідегі ет емес, жүрегіңдегі ниет!

 

12. "БҰЛ МЕНІ УАЙЫМДАТПАЙДЫ!"

Бір адам ел таныған данышпанға келіп бағаның шарықтағанын айтып шағымданыпты. Сонда ол кісі: "Арпаның бір түйір дəні бір динарға (алтын ақша) парапар болса да ол мені уайымдатпайды. Себебі мен Аллаға Өзі бұйырғандай құлшылық етуге міндеттелгенмін. Ал Ол уәде еткеніндей ризық береді" деп жауап қатыпты. «Үй-ішіңді намазға бұйыр әрі өзің де оған сабырлы бол. Біз сенен ризық сұрамаймыз. Саған ризықты Біз береміз. Соңғы нәтиже – тақуалардыкі (Раббысына бойсұнып, жазасынан қорқып, сақтанушылардыкі). («Та һа» сүресі, 132-аят)

13. Аналар қай баласын жақсы көреді?

Бірде көп балалы анаға: «Балаларыңыздың қайсысын артығырақ жақсы көресіз?» деген сауал қойылады. Сонда ол күлімсіреп:
«Жаным мен жүрегімді кімге арнасам – сол менің сүйікті балам:
– Ауырған баламды жазылғанша жақсы көремін.
– Сапарға шыққан баламды үйге оралғанша жақсы көремін.
– Шаршағанын демалғанша жақсы көремін.
– Ашыққанын тойғанша жақсы көремін.
– Шөлдегенін сусыны қанғанша жақсы көремін.
– Жалаңашын киінгенше жақсы көремін.
– Жұмыссызын қызметке орналасқанша жақсы көремін.
– Уәде бергенін орындағанша жақсы көремін.
– Қарызданғанын құтылғанша жақсы көремін.
– Жылағанынан жұбанғанша жақсы көремін.
– Мені тастап кеткенін қайта оралғанша жақсы көремін.
Кеудемдегі жүрегім тоқтағанша, бәрін жақсы көріп өтемін!» деп жауап берген екен.

14."КИІМІҢДІ" АЯЛАЙ ДА, БАҒАЛАЙ ДА БІЛ!

«Олар – сендер үшін киім, сендер де – олар үшін киімсіңдер» («Бақара» сүресі, 187-аят)
Алла Тағала ер мен әйелдің қарым-қатынасын,бір-біріне әсерін, байланысын түсіндіру үшін «киім» деген әдемі, әдепті, сөзді таңдап алған. Әрі бұл өте ұтымды мысал. Адамның киімге, киімнің адамға қарым-қатынасы қандай болатын болса, әйелдің еріне, ердің әйеліне деген қарым-қатынасы тура сол секілді болуы керек. 
Киімнің қызметі не? Киім – адамды безендіреді, сұлуландырады, ерекшелендіреді.Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген қарым-қатынасы осындай жақын, сұлу, жарасымды сипаттарды қамтуы қажет. Киім - адамның денесіне ең жақын нәрсе. Киім - ыстықта пана, суықта қорған. Ер мен әйел де тығыз, жақын қарым-қатынаста болып, қиындықта, сынақта, ауыртпашылықта біріне-бірі қорған болып, иманын сақтап тұруы керек. 
Киім адамның айыбын, ұятты жерін жасырады, перделейді. Әйел мен еркек – бір-біріне перде, кемшіліктерін жасырушы, сыртқы дұшпаннан көлегейлеуші. Күйеуі әйелінің не, әйелі күйеуінің кемшіліктерін басқа ортада паш етіп, әжуалайтын болса, үстіне пана болмайтын жыртық киім киген секілді. Ешкім тозы шыққан, сүйкімсіз киімді кигісі келмейтіні анық. Өзге адамдар да олардың сөзіне ризашылық танытып, қолдамай, жыртық, ұсқынсыз киім көргендей кейіп танытқаны абзал. Себебі, ол – Алла ұнатпайтын амал жасауда...
Алла Тағала киімнің денеге осындай кереметтей қарым-қатынасын санамызға мысал ретінде келтіре отырып, шынайы отбасылық қарым-қатынастың үлгісін көрсетеді.

15.Неліктен «бояу»?

«Бояу Алланыкі! Бояуда кім Алладан көркем бола алады? Біз – Оған құлшылық етушіміз» («Бақара» сүресі, 138-аят).
Мұнда Алла Тағала дінді (исламды) «бояу» деп сипаттайды. Ислам – Алланыкі! Дінде кім Алладан көркем бола алады? Одан артық дінді ешкім бере алмайды. Біз – Оған құлшылық етушіміз!
Алла Тағала неге дінді бояуға теңеді? Матаны бояр болсақ, жаңа жағылған бояу матаның бетінен бірден көзге көрінеді. Адам дінді ұстанған кезде, матаның бетіне шыққан бояу секілді, діні бойынан анық көрінуі керек. Оның діндар адам екені сыртынан байқалып, жүзінен нұр төгіліп тұрады. Ішкі дүниесі ізгілікке толып, сыртқа тасиды. Ісі ізгілікті, сөзі өтірік-ғайбаттан ада, көркем мінезді, шарапатты болады. Бояу қандай дәрежеде матаға сіңсе, дін де адамға дәл солай жұғу керек. Діннің бояуға теңелуі де осы себепті екен... Алла Тағала Құранда адам тез ұғынатын әрі ғибрат алатын, деңгейлеріне сай осындай мысалдарды ұсынады.

11761 рет оқылды