Руханият 2020-07-28 (0) (58312)

Құрбан шалуға қатысты сізді мазалайтын сұрақтар!

Құрбан шалуға қатысты сізді мазалайтын сұрақтар!


Құрбан айт- жылдың ең Ұлы күніне жатады!

 

Құрбан айт, яғни мұсылман күнтізбесі бойынша Зуль-хижжа айының оныншы күні, шариғат бойынша жылдың ең ұлы күніне жатады. Бұл туралы Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланың алдындағы ең ұлы күн – Құрбан айт күні, ал содан соң одан кейін келетін күн», - деген (Ахмад, Әбу Дәуд).

 

Бұл күні жасалатын ең үлкен құлшылықтардың бірі – құрбан шалу. Құрбан шалу дегеніміз – мұсылман күнтізбесі бойынша Зуль-хиджа айының оны күні, күн шыққаннан кейін, айт намазы оқылып, одан соң Алла үшін құрбандыққа қой сою рәсімі. Бұл ғибадат түрі көпшілігімізге жақсы таныс болғанымен, жыл сайын Құрбан айт қарсаңында сансыз сауалдарымызға жауап таба алмай жатамыз. Ендеше, құрбандыққа байланысты  ең жиі қойылатын әрі маңызды сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

 

1. Құрбандық не үшін және кім үшін шалынады?

 

 

Кез келген құрбан шалу мейлі ол айт мейрамында шалынатын құрбандық болсын, мейлі басқа бала туғанда сойылатын (ақиқа) т.б. құрбандық болсын – тек Алла Тағаланың разылығын көздеп, Алланың сауабын үміт етіп жасалуы тиіс. Себебі Құранда Алла Тағала: «Намазым, құрбандығым, тіршілігім және өлімім бүкіл әлемнің Раббысы - Алла үшін! Оның серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен мұсылмандардың алғашқысымын!», - де»,-деген. («Әнғам» сүресі, 162-163).

 

Құрбан шалатын кездегі Ниет – құрбандықтың  негізгі шарты. Ғалымдар: "Ниет дұрыс болмаса құрбандық жарамсыз болады, өйткені мал тек ет үшін емес Аллаға жақындау үшін ғана бауыздалған болуы тиіс",- дейді.

 

Саxаба Әли ибн Әбу Талибтің сөздерінен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Өзінен басқа үшін құрбан шалған адамды лағынеттеді», - деп айтқаны жеткізіледі. (Муслим).  Яғни, егер құрбандық Алладан өзгенің разылығын мақсат тұтып сойылса – шариғат бойынша ол Алланың қарғысын шақыратын үлкен Аллаға ортақ қосу күнәсіне жатып қалады. 

Ал дүниеден озған адамдарға «оның суабын жетсе екен» деп үміт етеміз, бағыштаймыз. 

Құрбандық шалу ғибадатының маңызды болуының бір себебі – адам өз нәпсісін, яғни, мал-мүлікке деген махаббатын жеңіп, Алланың разылығын көздеп, Оған жақындау үшін малын құрбан етеді. Сондықтан тіпті құдаңыздың өзіне арық не ауру малды союға ұяласыз, ал Құдай үшін соятын малыңыз осы кемшіліктерден ада әрі ықыласты болсын. 

Алла Тағала былай деген: «Ешқашан құрбанның еттері, қандары Аллаға жетіп бармайды. Бірақ сендердің тақуалықтарың ғана жетіп барады. Сендерге тура жол көрсеткен Алланы ұлықтауларың үшін осылайша малды еріктеріңе бердік. (Мұхаммед,) жақсылық істеушілерді қуант». («әл-Хаж» сүресі, 37-аят). 

 

 

 2. Құрбан шалу барлық адамға міндетті ме?

 

Ханафи мазхабында мерекелі құрбан шалу – мүмкіндігі бар әр  адам үшін  міндетті ғибадаттың түрі. Алла Тағала Құран Кәрімде «Каусар» сүресінде: «Раббың үшін Намаз оқы және құрбан шал» – деп, әмір етті.

Сахаба Ибн Аббас былай деген: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинада он жыл болды, әрі сол жылдардың барысында құрбан шалатын».(Ахмад, Тирмизи). Сондай-ақ, ғұлама Хафиз Ибн Абдул-Барр былай деген: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бүкіл өмірі барысында құрбан шалатын әрі оның құрбан шалуды бір рет болса да қалдырғаны белгісіз. Ол оны орындауға ынталандыратын, әрі молшылыққа ие мұсылман адам оны  тастамауы қажет».

Сахаба Жәбир: «Мен айт намазын Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге орындадым, әрі ол аяқталған соң ол бір қошқарды жетектеп келіп: «Алланың атымен, Алла Ұлы! Уа, Алла, мұны менен және менің үмметімнен болған құрбан шала алмағандардың атынан қабыл ет», - деп құрбан шалды», - деп баяндайды. (Тирмизи, Ахмад). Кейбір ғалымдар бұл хадиске қатысты: «Бұл хадис қияметке дейінгі Құрбан шала алмайтын кедей мұсылман үмметінің  атынан Пайғамбардың өзі құрбан шалғанына дәлел»,-деген.

 

 3. Құрбандық малының жасы қаншада болу керек?

 

Сахаба Жәбирден жеткен хадисте Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Тиісті жасына толмаған малды құрбанға шалмаңдар. Егер бұл сендер үшін ауыр болса, онда алты ай толған қойларды шалуларыңа болады»,- деген. (Муслим). Имам ән-Нәуауи: «Бұл хадисте белгілі жасқа толмаған малды мерекелі Құрбандыққа шалуға рұқсат етілмейтініне нұсқау бар, бұдан тек қой ерекшеленеді», - деген. 

Ал құрбандық малдарының жастарына келер болсақ, онда:

- түйенің ең аз жасы – бестен басталады; 

- сиыр-бұқаның жасы – екі жастан;

- ал қой-ешкінің жасы бір жастан басталады. 

Қой мен қошқарға келер болсақ, онда шариғат оларға ерекшелік жасап, егер қой-қошқар ірі болса, онда бір жасқа толмағанын да шала беруге рұқсат етті. 

 

 4. Құрбанды қай уақытта шалу керек? Айттың алдында бір күн бұрын, немесе айт намазына дейін шалынған құрбандық қабыл ма?

 

Құрбан шалу рәсімінің қатаң белгіленген өз уақыты бар. Ол Құрбан айт (10-шы Зуль-хижжа) күні  Айт намазы мен Айт құтпасы оқылып болған соң басталады. Құрбан шалуды айт намазына дейін немесе бір күн бұрын орындағанның құрбандығы жарамсыз болады. Сахаба Әл-Бара ибн ‘Азиб былай деп баяндаған: «Бірде Құрбан Айт күнінде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) (айт) намаздан кейін бізге құтпа айтты әрі: «Біз сияқты намазды орындаған және біз сияқты құрбан шалған адам оны дұрыс орындаған болады, ал (егер) кім құрбанды айт намазына дейін шалса, онда оны намазға дейін шалып қойған әрі мүлде құрбан шалмаған болады», - деді. Мұны естіп, Әбу Бурда: «Уа, Алланың Елшісі, мен өзімнің қойымды намазға дейін құрбан шалып қойдым, өйткені бүгін мереке екенін және адамдар жеп-ішетінін білдім, әрі менің қойым үйімде шалынатын құрбандықтың ең алғашқысы болуын қаладым! Міне, осы себептен де мен өз қойымды намазға келуден бұрын бауыздап, етін жеп алдым», - деді. Бұған Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сенің қойың тек етке ғана жүре алады», - деді.

 

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланың алдындағы ең ұлы күн Құрбан айт күні, ал содан соң одан кейін келетін күн»,- деп айтқан. Яғни, Құрбанды жылдың ең ұлы күні болған Құрбан айт күні шалған жақсырақ екеніне күмән жоқ. (Ахмад, Абу Дауд, әл-Хаким)

 

Құрбан шалу рәсімін айт намазы аяқталғаннан бастап, төртінші күннің асыр намазына дейін орындауға болады.  Бұған қатысты Жубаир ибн Мут‘имнен Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әт-Тәшриқтің барлық күндері – Құрбан шалу күндері», - дегені жеткізіледі. (Ахмад, Дарақутни). Ташриқ - деген сөз «кептіру» деген мағынаны білдіреді. Ілгергі мұсылмандар айт намазы оқылған күннен кейін тағы үш күн құрбандық етін кептіретін болған. Сол күндерді «ташриқ» деп атаған. Сондықтан құрбан шалу рәсімі осы «ташриқ» күндерінде орындалады.

 

 5. Құрбандық малы қандай болу керек? Қандай мал құрбан шалуға жарамайды?

 

Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құрбандық ретінде төрт түрлі малды шалуға болмайды: ақауы айқын бір көзді малды; ауруы айқын ауру малды; ақсақтығы айқын ақсақ малды; және әлсіздігі айқын арық малды»,-деген. (Тирмизи, Ахмад).

 

Осы төрт кемістіктер туралы барлық ғалымдар бірауызды келісімде екендігін айта кетейік. Ғалымдар: «егер бір көзді мал рұқсат етілмесе, онда соқыр мал тіпті рұқсат етілмейді. Әрі егер ақсақ мал рұқсат етілмесе, онда аяқсыз мал тіпті рұқсат етілмейді»,- дегенді айтады. Егер мал оны сатып алғаннан кейін (жарақаттанып) зақым-кемістік алса, оны құрбандыққа шалса болады.

 

Әли ибн Әбу Талиб: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге (құрбандық малдарының) көздері мен құлақтарына көңіл бөлуді бұйыратын»,- деп айтқан. (Ибн Мәжаһ)

Ханафи мазхабының ғалымдары осы мәселені нақтылап, Құрбандыққа  төмендегі малдар «жарамсыз» деген:

- Бір көзі соқыр

- Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде әлсіз

- Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген

- Тістерінің көбі түсіп қалған

- Емшектерінің басы жұлынып қалған

- Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған

Жағдайы бар, Құрбан шалуы міндетті  болған кісінің құрбандық малында аталған кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал өзіне құрбан шалу міндетті болмаған (жағдайы келмейтін), бірақ сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Өйткені, кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл (міндетті болмаған) құрбандық. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.

 

 

6. Бір малды қанша адам бірігіп  шала алады?

 

Жәбирден жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сиыр жеті (адам) атынан Құрбан шалынады, әрі түйе де – жеті (адам) атынан»,-деген.(Әбу Дауд, ән-Нәсаи). Ал қой-ешкіге келер болсақ, олар тек бір адам атынан құрбан шалынады, өйткені қой мен ешкіні бірнеше адам бірігіп шалды деген ешқандай нұсқау жоқ. Имам ән-Нәуауи: «Қойға келер болсақ, ол тек бір адам атынан құрбандыққа шалына алады», -  деген болатын.

 

7. Құрбандық малы қалай сойылады?

 

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім құрбан шалу кезінде рақымшылдық танытса, соған Қиямет күні Алла Өзінің рақымын танытады», -  деген. (Бұхари)

 

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Алла барлық нәрсені жақсылап орындауды бұйырды, әрі егер (малды не жәндікті) өлтіру тура келіп жатса, оны жақсы тәсілмен жасаңдар және мал бауыздаған кезде де, оны ең жақсы үлгіде істеңдер. Әрі сендердің әрқайсың өз пышағын дұрыстап қайрап алсын және малды қиналудан құтқарсын»,- деген. (Муслим)

 

Сахаба Ибн ‘Аббас былай деген: «Бірде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзіне қарап жатқан қойдың тұмсығына аяғын қойып, пышағын қайрап тұрған адамның жанынан өтіп бара жатты. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл адамнан: «Сен неге оның жамбасын жерге тигізбей тұрып пышағыңды қайрап алмадың? Оны екі рет өлтірмексің бе?!» - деп сұрады». (Табарани).

 

Имам Ахмад «Малды бауыздар орнына жұмсақтықпен және олардан пышақты жасырып алып бару керек, әрі оны тек бауыздар кезде ғана шығару керек», - дейді.

 

Ал имам ан-Нәуауи: «Бір малды басқасының көз алдында бауыздамау керек»,-деген.

 

Айта кетейік, құрбандықты жақсылап орындау деген малдың тамағы мен мойын тамырларын тез кесу дегенді білдіреді.

 

Сондай-ақ, Жәбирден жеткен хадисте: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрбан шалған кезде, жануарды Қағба жаққа қаратты»,- деп хабарланады. (Әбу Дәуіт)

 

Демек Құрбандықты келесі тәсілмен орындайды:

1. Малды сатып алғанда құрбандыққа жарамды ететін қажетті сипаттарын әрі жасын тексеріп алыңыз
2. Малды қинамау үшін пышағыңыз өткір болсын әрі оны малдың көзінше қайрамаңыз;

3. Бір малды екінші малдың көзінше бауыздамағаныңыз абзал;

4. Жүзін қыбыла жаққа бұрыңыз;

5. Малды бауыздардан алдын; (жәй үйге ет үшін қой сойған кезде де) «Бисмилляһи Аллаһу акбар»,құрбан айтта шалынатын мал болса «Бисми-Лләһ, уа-Ллаһу Әкбар. Аллаһумма тақаббәл-минни»,- деп айтыңыз;

6. Тез әрі сауатты бауыздаңыз. Екі тамырдың кесілгенін қадағалаңыз;

7. Етін үшке бөлгеніңіз жөн:

А) Бір бөлігін өзіңізге алып қалыңыз. 

Б) Екінші бөлігін ағайын- туыс көрші қолаңға асыңыз. 

В) Үшінші бөлігін кем-кетік, жетім-ғаріптерге, мұқтаждарға үлестіріңіз;

8. Құрбан шалынған қойдың терісі мен ішек-қарынын, басы мен сирағын қасапшының ақысы ретінде бермеңіз әрі сатпаңыз. Үлестіріңіз, садақа жасаңыз; 

9. Үйіңізден ештеңе жемей шығып, кейін алып қалған бөлігін асып, өз шалған құрбандығыңыздың етінен  ауыз тиіңіз. 

 

 

8. Мерекелі құрбандықты әркім өзі шалу керек пе?

 

Сүннет бойынша құрбанды әркім өзі шалуы керек. Әнас ибн Мәлик: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мерекелі құрбан шалуды өз қолымен орындайтын», - деп баяндайды. (Ахмад)

Немесе тағы бір хадисте Алал Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айша анамызға: «Шалған құрбандығыңның қасында тұр» деп айтқаны келтіріледі.

Құрбандықты басқа біреуге тапсырудың (осы малдың иесі үшін шалуға) рұқсат етілгендігіне қатысты келіспеушіліктер жоқ. Алайда малды бауыздайтын адам бауыздаудың шартын мен әдісін білетін әрі мұсылман болса болғаны. Ибн Аббас: «Сенің құрбандығыңды мұсылманнан басқа (христиан несеме тб) ешкім шалмауы керек!», - деген екен.

 

 

 

 9. Құрбандық шаларда айтылатын арнайы дұға бар ма?

 

Басқа біреудің атынан құрбандық малын шалу тапсырылған кісі оны малдың иесінің атынан: «Бисмилләһ, уа Алла, (мұны) пәленнен қабыл ет», - деп бауыздауы шарт. Бірақ біреудің Құрбандығын бауыздаушы адам оны өз атынан шалса да, ол мал иесіне ғана жазылады.

 

Құрбандық малын шалудан бұрын Алланың атын айту керек. Алла Тағала Құранда: «Оларды тұрғызып қойып, үстінен Алланың атын айтыңдар», -деп бұйырады. («Хаж» сүресі, 36).

 

Шариғатымызға сәйкес құрбан шаларда: «Бисми-Лләһ, уа-Ллаһу Әкбар. Аллаһумма тақаббәл-минни» - деп айту керек. (Муслим).

 

(Мағынасы: «Алланың атымен әрі Алла Ұлы! Уа, Алла, ақиқатында, бұл Сенен және Саған! Уа, Алла менен қабыл ет!»).

 

10. Құрбандық малының етін сатуға бола ма?

 

Құрбандықтың етін сатуға әрі қасапшының ақысы ретінде беруге болмайды. Қасапшыға ақша бергеніңіз дұрыс, ал ет берсеңіз садақа ретінде беріңіз.

Сахба Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын) айтады: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) маған құрбандық малдарын бақылауды және олардың етін, терілерін және (түйе) жабуларын садақа ретінде таратуды әрі қасапшыларға мал бауыздағаны үшін (бұлардан) еш нәрсе бермеуді бұйырды. Ол: «Біз оларға өзімізде барымыздан бір нәрсе берерміз», - деді». (Муслим)

 

11. Өз малымның етінен дәм татуға бола ма?

 

Құрбан шалуды ниет еткен адам сүннетке сәйкес, сол күні өзі құрбан шалған малдың етінен дәм татпайынша,  мүмкіндігінше еш нәрсе жемеуі абзал. Сахаба Бурайда: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ораза Айт намазына тамақтанбастан шықпайтын, ал Құрбан Айт намазына шығар алдында одан қайтып келмейінше тамақ жемейтін», - деп баяндаған. (Тирмизи, Ибн Мәжаһ). Ал белгілі тәпсірші ғұлама Табарани:  «Әрбір адам өз құрбандығының етінен дәм татсын!» - деген хадисті келтіреді.  

 

12. Құрбандық малының етін қалайша дұрыс үлестіру керек?

 

Аса Құдіретті Алла Тағала былай деген: «Сонда қашан олардың жамбастары жерге тисе (жаны шықса), жеңдер де, мұқтажға да, мұқтаж емеске де жегізіңдер». («әл-Хаж» сүресі, 36-аят)

 

Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрбандық малына қатысты: «Жеңдер, жегізіңдер әрі қамданыңдар», - деген. (Бұхари)

 

Ал құрбандық малының етін бөлудің ең жақсы үлгісі – бұл Ибн Аббастан жеткізілетін мына хадис: (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Еттің үштен бір бөлігін өзіңе қалдыру керек, үштен бір бөлігін қонақтарға жегізу керек, ал тағы үштен бір бөлігін мұқтаждарға тарату керек».

 

Алла баршамызға қабыл болатын амал жасауды нәсіп етсін!

 

58312 рет оқылды