Отбасы 2014-12-10 (0) (17705)

Мінсіз күйеудің образы (Тұрмыс құрмаған қыздарға кеңес)

Мінсіз күйеудің образы (Тұрмыс құрмаған қыздарға кеңес)

Мен тұрмысқа шыққалы көп уақыт өте қойған жоқ. Алайда, құрбыларым тарапынан "тұрмысқа шыққан қалай екен?", "бізге қандай кеңес айтасың?" деген сұрақтар көп қойылуда.  Өзім тұрмысқа шықпай тұрғанда отбасылық өмір жайлы отау құрғанына кемінде 15-20 жыл болған жандар ғана ақыл айтқаны дұрыс деп ойлаушы едім. Солай ойлағандықтан да, жаңадан отбасылы болғандарды жоғарыдағыдай сұрақтармен мазаламаушы едім. Қазір ол ойым өзгерді. Бұл үлкендердің ақылы дұрыс емес деген сөз емес, керісінше, біз олардың кеңестеріне мұқтажбыз. Жас келінді қандай сынақ пен сый күтеді? Жұбайлық өмірдің алғашқы 5 жылында жастардың ажырасу ықтималдығы неге жоғары? Жаңадан үйленгендерге кез келген проблеманың шешімі ажырасу болып көрінетінінің себебі неде? 20 жыл бұрын тұрмысқа енді шыққандағы сезімдерінің жартысын ұмытқан, түрлі сынақтан аман өткен кісілер:"бәріне сабыр етсең, бақытты боласың" деп жалпы айтады. Иә, бастапқы кезде екі түрлі мінездің бір арнаға тоғысуы оңайға соқпайды. Алланың қалауымен кетігін түзеп келісе білгендер ғана бір жастықта қартайып жататына көзіміз жетті. Мен бүгін :"бәріне сабыр етуді"әлімнің келгенінше тарқатып айтып беруге тырысамын. Кеше ғана тұрмысқа шықпай тұрып отбасылық өмірді қалай елестеттім, ал шын мәнінде ол өмір қандай болатынын айтқым келіп отыр.

«Қалқам-ау, олар аспаннан түсті ме?

Біз барлығымыз қиялымызда керемет жанұяның образын жасап алғанбыз. Өзіміздің кемшілікке толы пенде екенімізді ескерместен, мінсіз мырзаны күтеміз. Өз туыстарымыздың бойындағы жағымсыз әдеттері күйеуімнің туыстарында мүлде болмайды деп елестетеміз. Қыз күніміздегі кердең қылықтарымыз келін болған сәттен-ақ өзінен-өзі жоғалады.  Сөйтіп, күйеуімен ешқашан ұрыспайтын, енесінің сүйікті келіні боламыз. Ал, ажырасып жатқандарды немесе кикілжіңнен көз ашпайтындарды мүлдем түсінбейміз. "Оңай нәрсені қалай қиындатып жүр? Мен ешқашан ондай келін болмаймын" деп ойлайды қыздардың көбі. Солардың бірі – мен едім.

Иә, расымен оңай нәрсені өзіміз қиындатып алғандықтан, түсінбестіктер орын алуда. Оның бірінші себебі, ол біз жасап алған "бақытты жанұяның" образы. Күйеуің мен оның отбасы сен жасаған образға сай келмегені үшін қапаланып, сергелдеңге (депрессияға) түсеміз. Қалқам-ау, олар аспаннан түсті ме? Сен және сенің ағайындарың секілді ет пен сүйектен жаратылған, кемшілікке толы адамдар ғой. Меніңше, келін мен қайынжұрт арасындағы дүрдараздықтың себебі, осы қате түсінік секілді. Келін: (күйеуім мен оның туыстары мені өз қыздарындай қабылдап, кез келген кемшілігіме түсіністік танытуы керек) деп ойлап, қыз күнінен кемшіліктерімен күресіп, үй тірлігіне бейімделуге асықпайды. Қайынжұрт: (ол келін, барлығын өзі істеуі керек, біз оған өктем сөйлеуіміз керек) деп ойлап, өзі жаңа ортаға сіңісіп үлгермеген келінді одан әрі алшақтатып алып жатады.

Сонымен, ей, замандас, жас құрбы, болашақ келін! Жақсы ойда болғаның жақсы, алайда, мінсіз отбасының образын жасап алма! Аспанда қалықтауды доғар! Сенің әке-шешең қандай қиындықтарға тап болса, саған да сол жобадағы сынақтар өзенін кешіп өтуге тура келеді. Ол өзенде суға ағып кетпес үшін, бүгіннен бастап тал қарма! Ағысқа қарсы емес, ағыспен жүзіп өтіп, жағаға аман-сау жетудің жолын ойла. Бәрі бірден болады деген ойды санаңнан шығарып таста. Қазірден бастап келін болуға дайындал.

«Никогда не говори никогда!»

"Мен ешқашан олай жасамас едім!"; "Бойы қысқа жігітке тұрмыс құрмаймын!"; "Ешқашан енеммен ұрыспаймын"; "Ешқашан өз ұстанымыма қарсы шықпаймын" деген сөздерді айтушы болма. Тағдырыңа не жазылса, соны көресің. "Мен ешқашан көліктің артына отырмаймын" деген қыздың кейін еден жуып жүргеніне куә болдым. "Басқа салса боқ жерсің" деп қазақ бекер айтпаса керек. ТАҒДЫРДАН ҚАШЫП ҚҰТЫЛМАЙСЫҢ! Жаңа отбасыңа сіңісіп кеткің келсе, өз принциптеріңді ол үйге тықпалама! Солардың заңына бейімдел. Олар көп, сен жалғыз. Жалғыз қашанда көптің ыңғайына жығылуы тиіс. Әрі жолың кіші, келін деген атың бар.

Таңдауыңа құрметпен қара!

Сен ол жігітті таңдадың. Ол сенің – тағдырың екенін мойында. Аяғы қисық, жүрісі нашар, мұрны пұшық болса  да, таңдауыңа құрметпен қара! Өзгелермен салыстырма. Сол адамға тұрмысқа шыққандықтан оны өзгелермен салыстырғаннан өзіңе зиян бермесең, пайда келтірмейсің! Себебі, сенің күйеуің ешқашан ол адам болмайды!"Пәленшенің күйеуі былай жасайды екен, түгеншенің күйеуі күшті" деп өзге еркектерді оның көзінше мақтап, оның мысын басып, өзіне деген сенімін жоғалтпа! Сен идеал санаған адамның да саған беймәлім, өз әйеліне ғана белгілі кемшіліктері бар. Одан да ақылың мен көркіңнің мүмкіндігін пайдаланып, күйеуіңнен нағыз жігіт ағасын қалыптастыруыңа болады. БІРАҚ, ЕҢ АЛДЫМЕН ӨЗІҢ НАҒЫЗ ЖІГІТ АҒАСЫНА ЛАЙЫҚ ҮЙБИКЕ БОЛУЫҢ КЕРЕК ЕКЕНІН ЕСІҢНЕН ШЫҒАРМА. Еріңнің сенің алдыңдағы міндеттерін талап етпестен бұрын, "мен өз міндеттерімді толық атқара алып жүрмін бе?" деген сұраққа жауап ізде.

 

Кек  сақтама!

Күйеуің мен оның туыстарының ескертпелерін жүрегіңе жақын қабылдап, кек сақтама. Олардың ескертпесін дұрыс қабылдап, қорытынды шығаруға тырыс. Бірақ, жүрегіңде оларға деген ыза, жеккөрініш сезімдерінің орналасуына жол берме. Сенің әкең мен анаңның ара-тұра ренжісіп қалатыны секілді, сен де күйеуіңмен түсініспей қалып жатасың. Оны ушықтырмай, дер кезінде тоқтатуға тырыс. Анаңның саған ренжіп, кейде ұрысатыны есіңде ме? Сол анаң саған еш себепсіз ұрысушы ма еді? Не болмаса саған жамандық ойлағаннан ескертуді көп жасайтын ба еді? Дәл, сол секілді енеңнің де ескертпелерін жылы қабылда. Әрі ол кісіні де түсінуге тырыс. Бірнеше жылдар бойы ешкімді араластырмай өзі ғана иелік етіп жүрген асханасына өзге адамның кіруі, онымен қоса ол адам көңіліндегідей етіп орындай алмаса ренжитініндей бар-ақ. Жас келіннің әлі бұл үйдің заңдарын білмей, асханасын жатырқап жүргенін түсініп, "Айналайын" деп, басыңнан сипап, ақылын айтар ененің жөні басқа. Оның үстіне сенің келін деген атың тағы бар. Ең бастысы, келіннің әрдайым кішірейіп жүру керегін ұмытпа! "Енем өз қызындай көреді" деп, қатты босаңсыма. Сен бәрібір келінсің! Еркелігің мен кез келген мінезіңді тек өз ата-анаң ғана көтереді. Сенің туыстарыңның ішінде де мінезі ешкімге жақпайтын, туысың, бауырың болғаны үшін амалсыз сол мінезіне көз жұма қарайтын бір адам бар ғой, иә? Дәл, сол сияқты күйеуіңнің әулетінен де қыңыр мінезді бірнешеуі шығатынын біл. Оларға да күйеуіңнің бауыры болғаны үшін төзімділік таныт. Иә, мұның бәрі оңай емес. Алайда, күйеуіңе ажырасу жайлы ой келетін болса, отбасыңның аман қалуына себепкер болуы мүмкін адамдар оның туыстары екенін ұмытпа. Оның туыстары сені жақсы көріп тұрса, күйеуіңнің саған деген құрметі артары сөзсіз.

Шағым айтпа!

Ешқашан күйеуіңе оның туыстарына өкпелеп, шағым айтпа. Сенікі дұрыс болса да, ол еріңнің намысына тиеді. Өзіңнің анаң мен төркініңе де күйеуіңнің кемшілігі мен арадағы кикілжіңдер жайлы, қайынжұртың жайлы артық ақпарат айтпа. Сен екі елдің ортасындағы көпірсің! Жақсылығын асырып, жамандығын жасырсаң, құдалардың сыйластығы  жарасып, жарыңның абыройы артатынын біл.

«Күйеуің күн сайын ғашық болады, егер...»

Қыз баланы азғыратын "Мені сүйетіні шын болса, осы мінезіме шыдайды. Керек болсам күтеді" деген ойлар. Иә, сүйсе шыдайды-ау, алайда керіле бергеннен сен не пайда табасың? Бір күні ол шыдаудан шаршағанда, сен шарасыз күйде қаламын деп ойламайсың ба? Күйеуіңді қинап Алланы разы ете алмайтыныңды ойладың ба? Ер адамның көңілі суыса, оны жібіту оңайға соқпайды. Жұбайлық өмірді сұлулық пен төсек қатынасы ғана ұстап тұрады деп қателеспе. ҮЙГЕ КЕЛГЕНДЕ ЫЗЫҢДАМАЙТЫН, ЖАҒДАЙЫН ЖАСАП, ҚАБАҒЫНА ҚАРАЙТЫН, АНАСЫМЕН ТАТУ ТҰРАТЫН ӘЙЕЛГЕ ЕР АДАМ КҮН САЙЫН ҒАШЫҚ БОЛАДЫ. Бұл саған өзіңді күтпе деген сөз емес. Ол қарағанда сүйсінетіндей көркіңе көңіл бөл. Сұлулығым  отбасыны ұстап қалады деген жалаң ойға да бой алдырып, тәкаппарлық танытып жүрме. Кеше болған ренішті бірнеше күнге созба! Келесі ұрыста алдыңғы қателерін қозғама! Бір ғана оның разылығы сенің Жәннатқа барар жолыңды жеңілдететінін біле тұра, келмеске кеткен кешегі күн үшін бүгін де ренжісу ақылға сияды ма?

 

P.S. "Тұрмысқа шыққаны кеше, қайдан шыққан ақыл" деп айтуыңыз әбден мүмкін. Құрбым, менде сіздей болғанмын, сізге де Алла жар болу бақытын нәсіп етсін, ин шәә Алла! Қыз күндегі қияли ойлардың керітартпа нәтижелеріне кезігіп қалмауыңыз үшін аз күндік көрген-білгенімнен түйгенімді жеткізуге тырыстым. Айтқан ауызға оңай әрине... Амалға асыра білсеңіз, керемет нәтижеге жетесіз. Тек, алдымен дұрыс дұға жасап, нәтижесін Аллаға тапсырып, тек Алладан ғана үміт етуді естен шығармаңыз!

17705 рет оқылды