2016-05-26 (0) (3673)
post

"Руханият және өркениет" кітабы жарық көрді

Кеше ҚР Ұлттық кітапханасында елімізде алғаш шығыстану ғылымының негізін қалаушы ғалым филолог-ғалым, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Руханият және өркениет» атты еңбегінің тұсаукесері өтті.

Қазақ даласынан шыққан ханафи ғалымдарын қамтыған алғаш тарихи-ғұмырнамалық (табақат) еңбектің авторы, қазақ тілінде араб әдебиетін тұңғыш зерттеушілердің бірі, тәуелсіз Қазақстан тарихында исламтану саласы бойынша алғаш қорғалған докторлық диссертация жетекшісі  Әбсаттар қажы Дербісәлінің бұл кітабы «Ислам – ұлы дін», «Ислам – үлкен өркениет» деген тараулармен басталған. 711 беттік еңбекте автордың зерттеулері мен мақалаларын қамтылған.

Айтулы кеште ҚР ҰҒА академигі, философ Абдумәлік Нысанбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, академик Төлеген Қожамқұлов, белгілі тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелді, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Шәмшә Беркімбаева, филол.ғ.д., профессор Айгүл Ісімақова сынды ғалымдар бас қосқан ғылыми-рухани жиында аталмыш туындының құндылығы мен маңыздылығы турасында салмақты пікірлер, тұщымды ойлар айтылды.  Қатысушы қонақтар ел руханиятына арналған кітапты мемлекетіміздің болашағы мен өсіп-өркендеуіне үлес қосатынын айтып, асыл дінімізбен байланыстырды.

Философ академик Ә.Нысанбаев исламға ата дін әрі ұлық дін деп баға берсе, ғалым Т.Қожамқұлов барша ғылымның діннен бастау алатынын ғылыми дәйектермен қуаттады. Белгілі тарихшы М.Қойгелді қазақ даласынан шыққан ғалымдардың ислам өркениетінде алар орнына тарихи шолу жасай келе, қазақ халқын ислам дінінен тыс елестетудің мүмкін еместігін атап айтты.

3674 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !