2016-03-30 (0) (4324)
post

Жас қарилар додасы

ҚМДБ Алматы қаласының өкіл имамы Нұрбек қажы Есмағанбеттің бастамасымен тұңғыш рет Асыл-арна телеарнасы мен «Таугүл-3» мешіті жас қарилар арасында Құранның соңғы 30-шы парасынан телевизиялық бәйге ұйымдастырып отыр. Жарысқа қаламыздағы мешіттер жанындағы сауат ашу курстарында білім алып жүрген шәкірттер арасынан іріктеліп алынған отыз шәкірт сынға түсуде. Игі шара телевизия форматында бір ай көлемінде өткізілмек. Шәкірттерге қаламыздың қарилары Қасымалиев Бақтияр, Абишов Қуаныш, Дәрменов Қайрат төрелік етуде.

Өкіл имам өз сөзінде: «Жас жеткіншектер арасында бұл шара балаларды Құран жаттауға ынталандыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Діни басқарманың ұйытқы болуымен Республикамыздың жер жерлерінде Құран оқудан жарыстар ұйымдастырылып келеді. Жақында елімізде тұңғыш рет Республикалық қыздар арасында Құран жарысы өткізілмек. Жалпы қарилар арасында сайыстар өткізіліп тұрады. Ал бұл байқаудың мақсаты сол үлкен қарилық додаларына бүлдіршіндерімізді талпындыру және жас жеткіншектерімізді Құран оқуға, оны жаттауға баулу. Сондықтан бүгінгі сайыстың орны ерекше. Ұйымдастырушыларға ерекше алғыс айта отырып, барша қатысушыларға сәттілік тілеймін», - деді.

Әуезов ауданы «Таугүл-3» мешітінің Бас имамы Нұржан Таласұлы келушілерге өз ризашылығын білдіріп, мешіт ұжымы атынан алғыс айтып, келген қонақтарға ақ дастархан жайып қонақ етті.

Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі

 

4325 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !