Бизнес 2014-12-10 (0) (14782)

Менің бір жылдық жоспарым

Менің бір жылдық жоспарым

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әй, Әбу Зарр! Жоспар құрудай ақыл жоқ, тыйылудай тақуалық жоқ және көркем мінездей абырой жоқ» деп айтқан екен. ( Байһақи)

Жасыратыны жоқ, әрбір адам әрбір жыл аяқталған сайын: «Уақыт деген қандай жылдам?! Бір жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Басталғаны кеше ғана еді... Ештеңеге үлгере алмадық. Құдай қаласа, келер жылы бәрі басқаша болады» деген өкінішке ұрынады. Мұның ең басты себебі сол жылға деген дайындықтың жоқтығы десек ағат емес. Ал дайындықтың ең үлкен амалы – жоспар құру. Жоспар бар жерде кішкентай болсын амал бар. Ал дұрыс амалдың артында сауап, сауаптың артында Алла разылығы тұр. Сондай-ақ, хадисте айтылғандай, амалдың ең жақсысы – аз да болса әрдайым жасалатыны делінген.

Осы жылды қалай өткіземін? Өзімді қалай дамытамын? Қандай жетістікке жетемін? Қандай құлшылық қосамын? Алла разылығын қалай іздеймін? Төмендегі жоспар үлгісі осы сауалдардың жауабы деуге болатындай...

1.     Уақыттың әрбір минутын бағалауды әдетке айналдырамын. Уақытты өлтіретін көп ұйқы, бос әңгіме, ғаламторда отыру, теледидар көру секілді істерді шектеймін.

2.     Көптен бері бастай алмай жүрген істерімді қолға аламын. Мысалы: бес уақыт намазды бастау, Құран оқуды үйренемін, мешітке бару, орамал тағу, ренжіскен туыс-достарыммен татуласу, жағдайы төмен адамның халін білу т.б.

3.     Алла Тағаланы жиі еске аламын. Жұмыстан, сабақтан қайтқанда, бара жатқанда, кезек күткенде, кез келген уақытты пайдаланып: «Лә иләһа илләллаһ» (Алладан басқа құлшылыққа лайықты Тәңір жоқ),  «СубхәналлаҺи уә бихәмдиһи, субхәналлаһил-ъазыйм» (Алла кемшілік атаулыдан пәк және Ол барлық мақтауға лайық), «Субхәналлаһил-ъазыйми уә бихәмдиһи» (Ұлы Алла пәк және барлық мақтауға лайық),  «Субхәналлаһи» (Алла пәк), «Әлһәмдулиллаһи» (Барлық мақтау Аллаға тән),  «Аллаһу әкбар» (Алла ұлы) секілді басқа да зікірлерді айтамын.

4.     Құран Кәрімді ашамын. Араб тілінде оқуды білмесем де, қазақша мағынасын жиі оқимын. Тым болмаса осы жылы 1 рет толық оқып тастауға тырысамын. Осы жылы міндетті түрде Құран оқи білетін адамнан әріптерді үйренемін, жылдың соңына дейін Құранға түсемін.

5.     Міндетті түрде бұрын білетін сүрелеріме жаңа сүре  қосамын. Кемінде 10 сүре жаттаймын. Құран мен сүннетте келген 5 дұға жаттаймын.

6.     15 хадис жаттап, соған амал жасаймын.

7.     Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаяны туралы кітаптар оқимын немесе фильмдер, видеолар тамашалаймын.

8.     Ата-анама, әйеліме, бала-шағама, әріптестеріме сыйлық жасаймын.

9.     Таңда және кешкі оқылатын арнайы дұға-зікірлерді (Алланы еске алу сөздері) қалдырмауға тырысамын («Мұсылман қорғаны» кітабынан қараңыз). Бірнешеуін қазақша мағынасымен жаттап аламын.

10.   Өзімді сабырлы болуға тәрбиелеймін, ашуымды жұтуға барымды саламын..

11.  Біреу туралы жаман ойларымды тыямын. Жаман нәрсе ойлай бастасам, бірден Алла Тағала туралы (нығметтері, мейірімі, жазасы, сыйы) ойлауға тырысамын.

12.  Осы жылы намаз құлшылығына ерекше көңіл бөлемін. Бес уақыт намазымды реттеймін, иманымды күшейтуге тырысамын. Нәпіл намаздар оқуға дағдыланамын. Әсіресе, түнгі намазды оқып көремін.

13.  Тиын-тебен болса да, Алла разылығы үшін садақа беремін.

14. Діни білімі жоғары, салиқалы адамдармен көп сөйлесуге тырысамын.

15. Өмірдегі барлық игілік Алланы танумен келетіндіктен, осы жылы Алла Тағаланың 99  көркем есімімен танысып шығамын.

16. Алла Тағаламен жақынырақ таныстыратын, махаббатымды арттыратын кітаптар оқимын.

17.   Қолымнан келгенше Алла разы болатын игі істердің санын көбейтемін. Біреуді сыртынан ғайбаттап қойсам, артынан ақшалай садақа таратамын.

18. Танымымды арттыратын 10 кітап оқимын. Кітап таңдау үшін ересек кісілермен ақылдасамын.

19.  Үлгерімім нашар болып жүрген сабақтарымды реттеймін.

20. Ата-анамды қуантатын сыйлық алу үшін ақша жинаймын.

Әрине, бұл үлгі – сіз бәрін де орындауға тиіс болған тізім емес. Дінде мәжбүрлік жоқ болғандықтан, әркім таңдауды өзі жасайды. Бастысы, сауапты істерді дер кезінде жасаудан кеш қалмайық! Өйткені, уақыт ешқашан да қайта айналып келмейді.

 

 

14782 рет оқылды