Руханият 2019-11-15 (0) (4921)

Анығында кім кінәлі?

Анығында кім кінәлі?

 

Жеңісі мен жеңілісі, қайғысы мен қуанышы қатар жүретін бұл өмірде біз, адам баласы сәтсіздіктердің себебін өзімізден іздемей, өзгелерге кінә артуға шебер жаратылыспыз. Жеңілуден, жеңілісті мойындау қашанда қиын.

 Себебі, кінәні өзгеден іздеу, өзіңнің мініңді көріп, мойындаудан әлдеқайда жеңіл. Мысалы:

  • Оқушы сабаққа тыңғылықты дайындалмайды да, нәтижесінде ҰБТ-дан төмен балл жинайды. Бірақ, жеткілікті дәрежеде дайындалмаған өзін емес, тест дайындаушыларды кінәлайды. Сол сияқты емтиханнан құлаған студент те, өзін емес ұстаздарды айыптайды;
  • Ақша ұсынған (пара) адам, пара берген өзін емес, пара алушыны айыптайды, пара алушы берушіні айыптайды;
  • Егінші егіні бітік шықпаса, күтім жасамаған өзін емес, жерді немесе ауа райын кінәлайды;
  • Басшы мен жұмысшы арасында туындаған келіспеушіліктерде де дәл осы жағдайлар;
  • Белгілі бір дау-дамаймен сотқа жүгінген екі тарапты тыңдасаңыз, екеуі де бір-бірін айыптайды. 
  • Ең арысы, көшеде абайсыз соғысып қалған автокөлік немесе жаяу жүргіншілер де кінәні келесі тараптан іздеп тұрады т.б.

Тіпті кейде, кешірім сұраудың орнына – «Көзіңе қарап жүрмейсің бе?» - деп, дөрекілік танытып та жататын жағдайлар болады.

Әйтеуір, ешкім «Мен кінәлімін» демейді. Бәрінің ақталуға сылтауы мен қаралауға себебі көп. Анығында кім кінәлі?

 

Сіздің жеңілісіңіздің басты себебі – Сіз және күнәларыңыз!

«Дос жылатып айтады» емес пе? Ауыр сөздер үшін алдын-ала кешірім сұрамақпыз. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, анығында ісіңіздің оңға баспауына, айналаңыздағылармен ренжісуіңізге өзіңіз бен күнәларыңыздан өзге айыпты жоқ.

«Расында, құл жасаған күнәменен ризық-несібеден махрұм етіледі» деген хадис бар. (Мажа, Ахмад). Яғни күнделікті несібемізден қағылуымыздың басты себебі – өзгелер емес, өзіміз жіберген қателіктер.

Күнәлардың зиян тигізетіні сөзсіз. Және удың өз дәрежесіне қарай денеге зияны болатыны сияқты күнәнің да жүрекке тигізетін зияны бар. Бұл дүние немесе ақыретте болсын, адамдарға жолығатын жамандық пен аурулардың көбісінің себебі – осы күнәлар емес пе?!

Ойланшы, Адам ата мен Хауа анамызды жәннаттан шығарған не нәрсе? Сондай бір ләззаттар мен нығметтердің, қуаныштар мен рақаттардың жайы болған жәннаттан, уайым-қайғы мен қиыншылық, сынақтардың жайы болған бұл дүниеге оларды не нәрсе түсірген еді?

Ал, Ібілістің Алланың рақметінен алыстатылып, лағнетке ұшырап, оның ішкі-сыртқы дүниесінің қорқынышты да, ұсқынсыз бейнеге айналып, аспан иеліктерінен қуылуына не нәрсе себеп болған еді?!

Және кешегі Нұх Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) қауымының ешбір құтқарушы таба алмай, топан су астында қалып өліммен қауышуларына не нәрсе себеп болған еді?!

Ал, үстілерінен жеті түн, сегіз күн тұрған жойқын желден жойылып кеткен Ғад елінің сондай үрейлі азапқа душар болуларының себебі неде?!

Ащы дауыстан кеуделеріндегі жүректері тоқтап өлген Самуд елінің жойылуына не себеп?!

Періштелер жоғары аспанға көтеріп, кейін оны аударып жермен жексен етілген Лұт қауымының азабы неден?!

Төбелеріне қорқынышты бұлт шоғырланып, сол бұлттан үстеріне от жауып қырылған Шұғайып қауымының қасіреті қайдан?!

 Кеше «Мен құдаймын» деген Перғауынды, оның жойқын әскерін теңіз астына шөктірген не нәрсе еді?!

Және кітап түсірілген қауымның бастарынан бірнеше азаптарды өткізіп, тіпті кейбір тайпаларының маймылға, шошқаға айналуларының салдары неде?!

 Иә, Нұх пайғамбардан кейін қаншалаған қауымдар өтті? Олардың қаншасы азаптарға душар болды? Не себептен? Әлбетте бәрі күнәнің себебінен!

 

Күнәға бой үйретіп алмаңыз!

Күнә күшейе келе адамның жүрегінен сол күнәға деген жеккөрушілікті жояды. Соның салдарынан ол адам үшін «харам» деген түсінік жойылып, әдеттегі істердің қатарынан болып қалады. Пенденің ол күнәні жасаудан жаны ешбір түршікпейтін халге жетеді. Тіпті елдің көзінен де, сөзінен де ұялуды қояды. Ақырында күнәнің құлына айналғандар үшін күнә көңіл көтерудің құралы мен жалған ләззат табудың жолына айналады.

Жасаған күнә өзімен бірге келесі күнәні ілестіріп ала жүреді. Бір күнә бірнеше күнәнің туындауына себепкер болуы мүмкін. Саңылау тапқан судың ақырында сарқырап төгілетіні сияқты, күнә да бір пенде біреуін халал етсе қалғандары соңынан қаптап келе қалады. Ақырында күнәнің егесі ол күнәлардан құтылудың жолы мен ажыраудың қамын таба алмай қалады. Ілгеріде өткен ғалымдар:

«Күнәнің жазасы соңынан келетін тағы бір күнә, ал жақсылықтың сыйы соңынан келетін тағы бір жақсылық» деп қорытқан.

Егер де сіз, кез келген жағдайда өзгеден мін іздемей, өзіңізге сыни көзбен қарап, қателіктеріңізді түзетіп отырсаңыз күнәдан да аулақ боласыз, әрі жетістіктерге де кедергісіз жетесіз.

«Сөз қуған бәлеге жолығады, Жол қуған олжаға жолығады»

 

Біреудің мінін күзеткенше, өзіңді түзеткен әлдеқайда пайдалы болар еді. Бұған дәлел ретінде, сахих хадисте:  «Ешкім біреудің кемшілігін, мінін аңдымасын. Егер кім бауырының кемшілігін аңдыса, Алла оның кемшілігін аңдиды. Ал, Алла кімнің кемшілігін аңдыса, оны үйде отырған жерінен масқаралайды» делінген. Айналаңыздағы адамдармен тату-тәтті өмір сүргіңіз келсе:

  • Ø Күнделікті, адамдармен көркем қарым-қатынаста болу үшін, әр ісіне кешіріммен қарап, кемшіліктерін тізбелемесеңіз, айналаңыздағылар да сізге құрметпен қарай бастайды;
  • Ø Әрқашан бірінші болып кешірім сұрауға ұмтылыңыз. Әрі сауап аласыз әрі дауды ушықтырмаудың жолын табасыз.
  • Ø Жеңілістің де қайыры барын ұмытпаңыз. Жалған жеңістен гөрі, шынайы жеңілістің сізді шыңдайтынын жадыңызда ұстаңыз;
  • Ø Дүниеңіз жоғалса, сынақтан сүрініп кетсеңіз өзгені кінәлаудан бұрын, өз күнәларыңызға есеп беріңіз т.б.

Соңында айтарымыз, «Маған тиесіліні өзге адам пысықтық танытып алып кетуі мүмкін» деген оймен, өзгелерге күдікпен қараудан аулақ болыңыз.

«Ей, иманға келгендер! Дәлелсіз /жорамал/ ойлардың көбінен аулақ болыңдар, өйткені жалаң ойлардың /күмәннің/ кейбірі – күнә. Сондай-ақ бір-біріңді аңдымаңдар, әрі бірің өзгелеріңнің сыртынан ғайбаттамасын /ол естіген кезде жақтырмайтын сөз айтпасын». («Хужурат», 12 аят). 

Алла Тағала сізге нәсіп еткен несібеңізді ешкім де тартып ала алмайды.  Ислам ғұламаларының бірі:

«Алланың әуел бастан маған бекітіп қойған ризық – несібесін ешкімнің алып қоя алмайтынын білгенімде, жаным тыныштық тапты» - деген.

«Қырсық бір айналдырса шыр айналдырады» демекші, жамандық өз соңынан жамандықтарды ілестіріп, пенденің бақытсыздығын тездетеді. Сол сияқты жақсылық та өз соңынан жақсылықтарды ілестіріп, иесін ізгілікке жетелейді. Сол үшін пенде бір күнәлі іс жасап қойса, оның зардабына ұрынбау үшін тезірек тәубеге асығуы керек. Және сол тәубесінен кейін күнәға қайта оралмауы қажет. Расында, шынайы тәубе күнәларды кетіреді.

 

P.S: Жер бетінде жайдары әрі жайлы ғұмыр кешіп, мол сауап жинап, ақыретте жәннатқа барғыңыз келсе, қоғамнан кір іздемей, өз күнәларыңызбен күресіңіз!

 

4921 рет оқылды