Руханият 2019-10-23 (0) (2095)

АЛЛА ТАҒАЛА ЖАҚСЫ КӨРЕТІН ЖЕТІ АДАМ

АЛЛА ТАҒАЛА ЖАҚСЫ КӨРЕТІН ЖЕТІ АДАМ

 

Сізді жоқтан бар еткен, барлық құдырет тән болған, сұраған дұға-тілегіңізді қабыл етіп, таудай болған күнәңізге кешірім берген, таусылмайтын шексіз құдірет иесі Алла Тағаланың өзіңізді жақсы көргенін қалайсыз ба? Ендеше, сіз де осындай жан болыңыз.

1. ҮНЕМІ ЖАҚСЫЛЫҚТА ЖАРЫСАТЫН АДАМ

«Алла жолында (мал-дүниелеріңді) жұмсаңдар, өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар. Әрі игілік істеңдер. Шын мәнінде, Алла ықыласпен игілік істеушілерді жақсы көреді» («Бақара» сүресі, 195-аят).

Қасиетті Құранда баяндалғандай, Алла Тағала адамдар арасында көмекке мұқтаж жандарға  қол ұшын беретін жомарт құлдарын айрықша жақсы көреді. Мұқтаждың мұңын бөлісіп, кем-кетікке қарайласу, мал-мүлкін Алла жолында жұмсау – қоғам арасындағы қайырымдылықты арттырып, бақытты өмір сүруге жетелейтін ізгі амалдардың бірі.

Көбіне «жомарттың қолын жоқтық байлайтыны» да рас. Дегенмен, Алла разылығын қалап, бауырының басындағы ауыртпалықты азайту мақсатын көздеген жанның көл-көсір дәулеті болуы шарт емес. Тек пейілі мен ниеті таза болып, шынайы ықыласымен жәрдемдессе болғаны. Оған дәлел ретінде мына бір хадисті келтіре аламыз.

Хасан Басридің (р.а.) жеткізген хабарында біреу Османға (р.а.) келіп: «Ей, дәулеттілер! Сендер-ақ бүкіл сауапты қоймайсыңдар. Садақа үлестіріп, құлдарға азаттық алып бересіңдер. Қажылыққа барасыңдар және дін жолында мал-мүлік жұмсайсыңдар», – деген екен.  Осман (р.а.): «Сендер бізге қызығатын болып тұрсыңдар ғой, солай ма?» – деді. Сонда әлгі кісі: «Иә, біз сендерге тамсана қараймыз», – дегенде, Осман (р.а.): «Уаллаһи, (Алланың атымен ант етейін), өзі зәру жағдайда бола тұра адамның дін жолында бір дирхам жұмсағаны бай-бақуатты, молшылық заманда берген адамның он мың дирхамынан артық», – деп жауап берген екен Байхаки, (Шуабуль-иман, 3/251 (3456)

 

2. ӨЗ ҚАТЕСІН МОЙЫНДАП, АЛЛАДАН КЕШІРІМ СҰРАЙТЫН АДАМ

«...Анығында, Алла істеген күнәсіне шынайы өкініп, Өзіне бойсұнуға қайтушыларды (тәубе етушілерді) жақсы көреді әрі тазарушыларды жақсы көреді» («Бақара» сүресі, 222-аят)

Бір күннің өзінде ісімізбен де, тілімізбен де, біліп те, білмей де көп қателік жіберетініміз анық. Мейірімі шексіз Алла Тағала өз қатесін мойындап, шын өкініп, Өзіне истиғфар айтқан құлдарын жақсы көреді. Егер сіз де Алланың жақсы көретін құлдарының бірі болғыңыз келсе, үнемі кешірім сұрау дұғасын айтып жүріңіз.

Кешірім сұрау дұғасы:

«Астағфируллаһ» («Алла Тағала мені кешірсін»)

 

3. АЛЛАҒА ТӘУЕКЕЛ ЕТКЕН АДАМ

«...Егер қандай да бір іске бел бусаң, бір Аллаға тәуекел ет. Расында, Алла тәуекелшіл құлдарын жақсы көреді» («Әли Имран» сүресі, 159-аят)

Аллаға тәуекел қылу – барлық іс-қимылдарымыздың барысы мен Оған нәтижесін тапсыру. Алла бір тараптан өзіне сенуімізді күтсе, енді бір жақтан өмірге қатысты өзімізге тиесілі барлық жауапкершіліктерімізді  орындауымызды және осыған байланысты шаралар жасауымызды күтеді. Халық арасында бұл жағдай «Түйеңді мықты қазыққа байла, артынан тәуекел қыл», «Нар тәуекел» деп айтылады.

Тәуекел қылу  істерді Аллаға аманат етіп, шалқадан түсіп жату емес. Керісінше, күшіміз бен қабілетіміздің жеткенінше қолымыздан келгенді істегеннен, қажетті шараларды жасағаннан кейін, осы жұмыстың нәтижесін біз үшін Алланың іске асырғанына иман ету.

Тәуекел қылған адам - ниет қылып бастаған жұмысының нәтижесі Алланың қолында екеніне толық иман еткен кісі.

 

4. ӘДІЛЕТТІ АДАМ

«...Ал олардың арасында билік айтсаң, әділ үкім шығар. Расында, Алла әділетті жандарды жақсы көреді» («Мәида» сүресі, 42-аят).

Әділдік ұлы қасиет, оның ұлықтығы. Ол - Алланың көркем есімдерінің бірі. «Ал-Адл» (Әділетті). Алла Өз әділдігінен иманды және имансызды ризықтандырды, көптеген елшілер жіберді, кітаптар түсірді, адасқан қателескен адамға тәубе есігін ашып қойды, туралыққа жол сілтеді. Ешкімді алдын ала ескерту жібермей тұрып жазаламайды.

Сахаба Бурайда ибн әл-Хасиб (р.а) Пайғамбарымыздан (жеткізеді: « Қазы (судия) үш түрлі, екеуі тозақта, біреуі ғана жәннатта: бір қазы ақиқатты білді және сонымен үкім шығарды, ол жәннатта. Екіншісі адамдарға білімсіздікпен үкім шығарды, ол тозақта. Үшіншісі үкімді біле тұра зұлымдық етті, ол да тозақта» (Тирмизи). Қазақтың «Тура биде туған жоқ» деуінің төркіні де осында болса керек.

 

5. ТАҚУА АДАМ

«...Алла Өзіне қарсы келуден барынша сақтанатын (уәдеге берік) тақуа жандарды өте жақсы көреді» («Тәубе» сүресі, 4-аят).

Иә, егер өзіңізді Алла Тағаланың жақсы көргенін қаласаңыз, тақуа құлдарының қатарынан болыңыз. Осы орайда "тақуалық дегеніміз не?" деген орынды сұрақ туындайды.  Қысқа қайырсақ, тақуалық дегенiмiз - Алла Тағалаға бойұсынып, шариғатқа сай тiршiлiк ету, күнә iстеуден сақтану. Ал Шәкәрім Құдайберді ұлының сөзімен баяндасақ - Ислам жолымен айтсақ, нағыз тақуа мұсылман, ал ғылым тілімен айтсақ, ойшыл ғалым, кемеңгер парасат иесі.

6. ШЫНШЫЛ АДАМ

«Әркез қара қылды қақ жарғандай тура болыңдар. Өйткені Алла турашылдарды жақсы көреді! » («Хужурат» сүресі, 9-аят)

Яғни бір нәрсе айтсақ, өтірік қоспай, дұрыс сөз сөйлеу. Өтірік айту күнәлардың ең жаманы, кемшіліктердің ең нашары, көңілдерді (жүректерді) қарайтатын бүкіл жамандықтардың басы. Хадисте былай делінеді:

 «Дұрыс болыңдар, дұрыстық жақсылыққа, ал жақсылық  жәннатқа тартады. Өтіріктен сақтаныңдар, өтірікшілік күнәға, ал күнә жаһаннамға тартады» (Бұхари).

 

7. БАСҚАНЫҢ АҚЫСЫНА КІРМЕЙТІН АДАМ

«...Алла әділдікке, адам құқығына ерекше мән беретіндерді жақсы көреді» («Мумтахана»  сүресі, 8-аят).

Әбу Ханифаның әділ саудасы

 

Бірде Имам Әбу Ханифаға бір әйел келіп жібек матадан жасалған киім сатпақшы болады. Имам қанша тұратынын сұрағанда әлгі әйел киімді 100 дирхамға бағалайды.

Сонда Имам:

— Бұл киім одан да қымбат тұрады, – дейді. Әйел:

— Ендеше 200 дирхам, – деді. Әбу Ханифа сөзін қайталап:

— Бұл киім одан да қымбат тұрады?! — дейді. Әлгі әйел 300, сосын 400 деп бағасын өсіре берді. Имам Әбу Ханифа:

— Бұл киім одан да қымбат тұрады, дей бергенде әйел:

— Сіз мені мазақ етіп тұрмысыз, – деп таңдана қарады. Сонда Әбу Ханифа:

— Мен бұны 500 дирхамға сатып аламын, – деп, жаңағы әйелдің тауарын лайықты бағасына сатып алған екен.

P/S: Алла сенімен болса, неден қорқасың? Егер тастап қойса, кімнен үміт күтесің?

 

2095 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !


Пікір жазу үшін, сайтқа тіркеліңіз. Тіркелу

*