Отбасы 2019-09-20 (13) (3287)

БАЛАНЫ САБАҚ ОҚУҒА ҚАЛАЙ МОТИВАЦИЯЛАЙМЫЗ?

БАЛАНЫ САБАҚ ОҚУҒА ҚАЛАЙ МОТИВАЦИЯЛАЙМЫЗ?

 

 

«Мына бала сабақ оқымайды. Білмеймін не істерімді?» - деген сөздерді қыркүйек басталғалы жиі естиміз. Егер сіз де «Балама қайтсем сабақ оқытамын? Білімге ынтасын қалай ашамын?» - деп уайымдап жүрген болсаңыз, «Іздегенге - сұраған», бұл мақаланы міндетті  түрде оқып шығуға кеңес береміз.

Құрметті оқырмандар, мақаламыздың бірінші бөлімінде балаға сабақ оқуға деген ең үлкен мотивацияны әуелі ата-анасының беретіні жайлы әңгіме өрбіткен едік. "Пайдалы ақпараттарыңызды жүзеге асырамыз, көп рахмет, "Асыл арна",- деп пікір де қалдырған екенсіздер, өте қуаныштымыз! Ал бүгін ұстаздың балаға берер мотивациясы жөнінде әңгімелейміз.

 

ҰСТАЗ МОТИВАЦИЯСЫ

 

Дана Абай: «...Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген  кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады» дейді (Абай, 19-қара сөз). Сонымен қатар Құнанбайдың баласы: «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деу арқылы ұстаздық пен шәкірт ұғымын айқындап берді емес пе?!

Сол секілді бүгінгі мектеп оқушылары үшін де ұстаз ең маңызды тұлға. Оның рөлінің маңыздылығы сондай, сүйікті мұғалімі түсіндірсе, қызықсыз материалдың өзін тез әрі жақсы меңгеріп алады екен. Ал кейбір балалар болашақтағы мамандығын өзі үлгі тұтатын ұстазына қарап таңдап жатады. Бұл жәй ғана сәйкестік емес. Сондықтан ұстаз шәкіртке мотивацияны қалай береді деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Алдымен мына бір ғибратты әңгімеге назар салайық!

 

МЫҢ АЛТЫНҒА БАҒАЛАНҒАН ТАС

 

Бірде бір ұстаздың алдына қарапайым адам келіп, ешнәрсеге пайдасы жоқ, ұсақ-түйекті, түсініксіз білім үйрететінін айтып айып таға бастайды. Жай ғана күлімсіреген ұстаз сандықшадан аса бағалы тасты алып шығады. Сонан кейін базардағы ұсақ саудагерлерді нұсқайды да, былай дейді:

–     Мынаны күміс сатушыларға алып бара ғой, жүз алтын тиынға сата алар ма екенсің?

Әлгі адам барлық саудагерлерге жүгінеді, алайда ешбірі де жүз күміс тиыннан артық ұсынбаған. Жауабын естігеннен кейін данышпан тағы да күлімсіреп:

–     Жөн екен. Енді нағыз зергерге барып, бұл тасты қаншаға бағалайтынын бақылап көр,-дейді.

Айыптаушы алып-ұшып зергерге келеді және асыл тас үшін он мың алтын тиын ұсынғанына қатты таңырқайды. Онысын ғұламаға айтқанда:

–     Сен менің берген білімімнің табиғатын мына аса бағалы тасты күміс саудагерлер бағалағандай түсіндің. Егер, тастың шынайы бағасын, қасиетін білгің келсе, зергер бол,-деген жауапты естиді.

Иә, сіз дұрыс түсіндіңіз. Әр мамандықтың өзгелер білмейтін қыры мен сыры бар. Оны тек сол саланың ыстығы мен суығына төзіп, талай жыл еңбек еткен білікті маман ғана жақсы біледі. Сол себепті біз көп шәкірттің жүрек түкпірінен орын алған талантты педагог, филология ғылымының докторы, профессор  Алма Қыраубаева апайдың ұстаздық жауһар жазбаларын беруді құп көрдік.  Тағылым берер ұстаздық жолдың ұлағатын сездірер алтын көмбе – ой орамдары кез келген ұстазды бей-жай қалдырмасы анық.

 

"ҰСТАЗДАРҒА АЙТҚАН 15 КЕҢЕСІМ"

 

«1. Ең жақсы өткен сабақтың қай жерден, қалай аяқталатынын күні бұрын білмейсің. Бұл сабақты шәкірт пен ұстаздың бірлескен ізденісі деуге болады. Сабақтың барлық жағдайын алдын ала жоспарлап қою шәкірттің еркіндігіне шідер салумен бірдей.                 

2. Шәкірт «екі» қою арқылы тәрбиелеуге болмайды. «Екілік» - өзіңе қойған бағаң. Өзіне талап қоюға ерінген мұғалім балаға талап қойғыш болады.                 

3.Бала әділетсіз жазалаудан, үздіксіз ескерту жасай беруден не істерін білмей, өзіне-өзі сенімсіз болып, жүйке ауруына ұшырайды.                 

4. Мұғалім мен бала арасындағы түсініспеушілік әр адамның туғаннан жаратылысы бөлек, адамның туғаннан өзіне ғана тән табиғаты бар екенін мойындамаудан шығады. Баланың мінезін өзгертемін деуге болмайды, мінезінің жақсы жақтарын байқап, дамытуға ғана болады.                 

5. Барлық жерде мұғалімге қойылатын талап: баланы тәрбиеле! Бірақ тәрбиенің не екенін дұрыстап түсіндірген ешкім жоқ. Тәрбиелеу дегенді – тәртіпті қылу деп ойлаймыз.

6. Оқушылары тым-тырыс отыратын мұғалімнің сабағынан, қажетті жерде шулата білген сабақ қызық.                 

7. Кісімен қарым-қатынас мәдениетін отбасынан сіңіре алмаған балаға мектепте де, өсіп, кісі болғанда да мақсатына жету қиын. Ол баланы мұғалімі өте сезімталдықпен жетектеуі қажет болады. Сүйкімсіз баладан ертең айналасына қадірсіз адам шығуы мүмкін.

8. Тіл алмайтын ызақор бала кемшілігін бетіне баса беруден шығады.

9. Шәкірттің сеніміне кіру қиын. Ол үшін шәкіртке әуелі өзің сенуің керек болады.

10. Ежелгі  гректер даналыққа ұмтылу таңғалудан басталады деп есептеген.              

11. Баланың қайғысы мұғалімнің жақсы оқитын және жаман оқитын бала деп бөлуінен басталады. Осыдан кейін баланың рухани дүниесі тек бағамен өлшенеді.

12. Кісі екеніне күмәнмен қараған баладан кісі шықпайды.

13.  Өзі білетін адам ғана басқаға үйрете алады.

14.  Оқушының кемшілігін көргіш болсаң, ықыласын өлтіресің.

15.  Педагогикалық өрістетпейтін нәрсе: «Анау керек емес, мынау керек емес» дейтін шектеу. Керегі: ізденіс, ізденіс.» Ал 30 жылдан аса педагогикалық тәжірибесі бар ұстаз ретінде менің әріптестеріме айтарым: "Дәрігер адам тәнін емдесе, мұғалім адам  жанын емдейді. Мұғалім сыныпқа баға қою үшін емес, балаларды шабыттандыру, ең болмағанда,  ынталандыру үшін кіру керек. Әр сабаққа шабыттанып кіріп, қанаттанып шыққан мұғалім – бақытты. Әр сабақтың қайталанбас тағдыры бар. Жеке басыңның проблемасы үйіңнің босағасында қалсын. Сабақтағы әдісті «менікі» деме, «біздікі» де. Балаларға сабақ үйретудің жаңа әдісін тапсаң, әріптестеріңмен бөлісуге асық. Себебі бәріңнің «илеп жүргендерің бір терінің пұшпағы». Сенің бөлігің жұмсақ болғаннан дұрыс дүние құрастырылмайды.»

 

P/S: Шынында да мықты педагог - балаға білімді қалай беру емес, сол білімді баланың санасына қалай сіңіруді үйрете алатын адам.

Кез келген еңбектің өтемі болады. Ал білім ізденген адамға дінімізде қандай сый бар екен? III бөлімін күтіңіздер!

 

3287 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !


Пікір жазу үшін, сайтқа тіркеліңіз. Тіркелу

*