Сұхбат 2019-02-28 (0) (5885)

РАЙЫМ УАЙЫС: 39 ЖАСЫНДА АНАМ БЕС БАЛАМЕН ЖЕСІР ҚАЛДЫ

РАЙЫМ УАЙЫС: 39 ЖАСЫНДА АНАМ БЕС БАЛАМЕН ЖЕСІР ҚАЛДЫ

 

Бүгінде талантты әнші, үлгілі отағасы, ардақты әке, Мейрамбек Бесбаевтың шәкірті Райым Уайыспен сұхбат құрудың сәті түскен еді. Риясыз сұхбатымызда бал балалық қызықтарынан бастап, ана мен келін жарастығы, отбасындағы берекенің негізі, бала тәрбиесі және алға жетелеген арманымен қоса, бүгінгі жеткен үлкен жеңістері туралы сыр шерткен еді... 

 

"«Маша и Медведь»-ті Қазақстанның мультфильдерімен салыстыруға келмейді "

Асыл арна: Ассалаумағалейкум Райым аға, сұхбатымызды балалық шағыңыздан бастағым келіп отыр. Бала Райым қандай болған? Қандай мультфильмді жібермей көретін едіңіз?

Райым Уайыс: Уәғалейкум әссәләм! Бала Райым мен аға Райымның үлкен айырмасы бар деп айта алмаймын. Себебі, біз отбасымызда 5 ұл, 1 қыз болдық. Ал мен үйдің кенжесімін. Әдетте кенжелер ерке, бұзық болып жатады ғой. Бізде керісінше болды. Алдымдағы 4 ағам өте бұзық еді. Әкеміз 40 жасында дүниеден өткенде анам 39 жаста болған екен. Тірегінен айырылып отырған анамның арқасын одан сайын ауыр жүк болмайыншы деген ой менде кішкентай кезімнен қалыптасты. Ал ағаларым өте жас еді. Ойнады, күлді, қызуқанды мінездері де болды. Олардың қылықтары мен іс-әрекеттерін көріп өскен мен іштей «Анамның көңіліне қаяу түсірмесем екен» деп жиі ойлайтынмын. Бала қиял өте асқақ болады ғой. Ұшқыш болсам екен, ақын болсам екен деп басталған арман бүгінгі әншілік өнермен жалғасын тапты. Ал мультфильмге келсек, ол кезде «Ну, погоди!» қазіргі «Маша и Медведь» сияқты өте атақтысы әрі бірегейі еді. Бертін келе «Том и Джерри» шығып, оны да таласып-тармасып көретінбіз. Анық есімде қалғаны осы екеуі екен. 

Асыл арна: Қазіргі балаларға арналған мультфильмдерге көңіліңіз тола ма?

Райым Уайыс: Қазір өзіміздің қазақстандық мультфильмдер жоғары деңгейде дамып келе жатыр ғой. Көңілім толады деп айта аламын. Бірақ қазір көріп жүрген «Маша и Медведь»-тің балаларға беретін тәрбиелік мазмұны жоқ сияқты көрінеді. Ондағы бірі қашып, бірі қуу, бұзықтықтар баланың көңілінен шыққанмен, оны ұшқалықтықтан басқа ештеңеге үйрете алмайды. Ал қазақи мультфильмдердің әрқайсысы белгілі бір оймен, идеямен аяқталады. Ең бастысы, мағына мен мәнді қатар алып жүретіндігі мені қуантады.

Асыл арна: Күніңіз немен басталады?

Райым Уайыс: Әрине, аузында Алласы бар әр мұсылманның күні құлшылықпен басталады ғой. Аллаға шүкір, біздің де таңымыз сол намазбен атады. Содан кейін мынаны істеймін дегендей арнайы жоспармен жүретін адаммын деп айта алмаймын. Мәселен, бүгін сіздер сұхбатқа шақырдыңыздар. Ол 12-ге бекітілді. Бұл - күндік жоспар. Одан бөлек бос уақытымда әртүрлі нәрсе істеуім мүмкін, көңілімнің қалауына қарай. Мысалы, Құран оқимын немесе үй ішіндегілер түгел тұрып жатса, бәріміз арқа-жарқа болып шәй ішуіміз мүмкін деген сияқты...

" Ана жүрегі таудай қиянатты да кешіре алады" 

Асыл арна: Асыл дініміз аналарды қадірлеп, жақсы жағдай жасап, құрметтеп жүруге үйретеді. Заманға сай сізде "Анаңа қоңырау шалдың ба?" деп, біраз  адамға ой салып едіңіз. Анаңызды жиі қуантасыз ба?

Райым Уайыс: Бірінші, «Анаңа қоңырау шалдың ба?» деген сөзіңізге тоқталғым келіп отыр. Жалпы, осы ән өте сәтті шыққан әндердің бірі болды. Менің осы уақытқа дейінгі жазған әндерімнің қызығын «Анаңа қоңырау шалдың ба?»-дан кейін ғана көрдім. Ән шыққанда, авторы оны досына жіберген екен. Яғни, досы анасымен араласпай кеткен көрінеді. Алғашқыда барлығы бір үйде тұрған, бірақ келін мен ененің арасына алтын көпір болудың орнына, жігіт келіншегінің сөзін сөйлеп, анасын қатты ренжітеді. Онымен қоймай, бала-шағасын алып көшіп кетеді. Арада біраз жылдар өтеді. Анасымен көріспеген, бірде-бір қоңырау шалмаған. Ал анасы балаға деген өкпеден, қазіргі тілмен айтқанда, депрессиядан ішкілікке салынып кетіпті. Автор досының басындағы бар жағдайды білгендіктен, осы әнді ватсап арқылы арнайы жіберген екен. Екі жылдан кейін, Алланың қалауымен, жаңағы жігіттің көзі ашылады. Әнді жылап тыңдап, өткен-кеткенін еске алады. «Досым, бұл әнді кім айтады?» дейді, «Райым деген бауырымыз» десе, «Айтшы оған, менің көзімді ашты. Осы уақытқа дейін не істеп жүргем?» деп өз-өзін жепті. Арада бірнеше күн өткен соң маған бір видео келді. Ашсам, жаңағы жігіт «Бауырым, маған сенің әнің қатты әсер етті. Автокөлігімде отырмын, анама қарай жолға шықтым» деп видео түсіріп, маған жіберіпті. Содан, анасына барып, табанынан сүйіп, кешірімін сұрап, ризашылығын алыпты. Қазір бәрі бір шаңырақ астында өмір сүріп жатыр екен. Қарап отырсаңыз, бір адамның өміріне әсер етті. Ана мен бала арасындағы суық мұзды ерітті. Сол сияқты, бұл - осындай өзіміздің замандастарға насихат ретінде жазылған ән. Өзім куә болған сол оқиғадан кейін менде нақты мақсат пайда болды. Не жазсам да, не шығарсам да, мән-мағыналы, өзгеге пайдасы тиетін дүние болса екен дедім. Міне, жеміс пен жеңіс деген де осы деп білемін. 

Ал енді, келесі сұрағыңызға жауап берсем, әрине, анамды жиі қуантамын. Қазір 64 жаста. О кісіні небір қымбат сыйлықтардан гөрі, менің жүзімдегі күлкі мен бақыт көбірек қуантады. Жылы лебіз бен жақсы мәмілені кез-келген үлкен кісі аңсайды. Мен де осы нәрселерді беруге тырысамын. Ал материалдық жағдай өздігімен болып жатады ғой. Мысалы, сырттан келсең тәттісін алып келе салу, бірге серуендеп, анда-санда киноға апару, қыдырту деген сияқты... Бірақ, бұлардан да басты нәрсе - қабағына қарап, әрдайым көңіл бөліп отыру. Үйде отырып анамның 50 жастағы суреті мен қазіргі кезін салыстырып күліп жатамыз. Өйткені, ол кездегіден гөрі бүгінгі анам әлдеқайда жас. Яғни, 50 жастағы бала-шағаны қалай жеткізем, қалай үйлендірем деген сынды уайым бүгін жоқ, көңілі тоқ. Аллаға шүкір, анам өте бақытты жан деп есептеймін.

Асыл арна: Кітаппен доссыз ба? Қандай жанрды сүйіп оқисыз?

Райым Уайыс: Иә, әрине. Көбіне, әдеби туындылардан гөрі рухани, діни сауатты арттыратын кітаптарды артығырақ бағалаймын. Ал, негізі менде, осы уақытта кітап оқимын деген арнайы жүйе жоқ. Өнер адамдарын білесіз, жоспарлар үнемі өзгеріп тұрады. Бірақ қолым қалт етсе міндетті түрде оқуға тырысамын.

"Анам мені бұрын өте қатты қызғанатын еді"

Асыл арна: Еліміздегі жас отбасылардың бірісіздер. Жалпы ерлі-зайыптылар арасындағы махаббат пен сыйластықты сақтап қалу мен қиындыққа сабыр ету қалай жүзеге асуы тиіс деп ойлайсыз? 

Райым Уайыс: Мұндай сұрақтарды Алтынбек көкелеріміз секілді үлкен кісілерден сұрау керек сияқты (күлді). Жап-жас болып алып, ақыл айтып отырудан аулақпын. Ал негізі, ең басты нәрсе - ерлі-зайыптылар жақсы мәміледе болуы маңызды. Ер азамат өзінің басым тұратынын күшпен емес, ақылымен, сабырлылығымен көрсетуі керек. Ал әйел «менің ерім осы, менің қорғаным» деп арқа сүйеп, оны сыйлай білсе, қазіргі отбасыларда орын алып жатқан үлкен жанжалдардың алдын алуға болар еді. Бірі шалынды ма, екіншісі міндетті түрде көтеріп алу керек. Мәселен, мен анаммен бірге тұрамын. Ал кез-келген ана баласын басқа әйелден қызғанатыны белгілі. Осы ене мен келін арасындағы кикілжіңдердің алдын алып, теңдей қарап, ортасындағы алтын көпір бола білу - ер азаматтың міндеті. Менде де сондай кезеңдер болды. Анам қызғанды (күлді). Оның бәрін сөзбен айтып жатпаса да іштей сезіп, көріп тұрасың. Осындай өтпелі кезеңнен сабыр мен дұрыс мәміленің арқасында аман өттік (күлді). Енді алғашқы кезде ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой, әйтеуір бір сынақтар кездеседі. Оны өтпелі кезең деп қана қабылдап, шыдамдылық таныту керек, одан өтсе, бәрі керемет болады. Міне, соның жемісі -анам қазір келінін қызындай жақсы көреді. Оны көріп өскен балалардың да тәрбиесі мықты болады. 

Асыл арна: Ер адам отбасының тірегі болса, әйел адам ұйтқысы.  Шаңырағыңызды шаттыққа кенелтіп отырған асыл жарыңыздың қандай қасиетін бағалайсыз?

Райым Уайыс: Ең бірінші, сабырлығын бағалаймын. Содан соң менің келіншегім өте ақылды (күлді). Қазақ тілі маманы, қазақ тілі мен әдебиетінің магистры. Әйел затының білімі мен сол білімді орынды пайдаланудағы ақыл-парасаты лайықты деңгейде болса, адами қасиеттері де өздігінен жоғарылай береді. Мысалы, мен білмей жатқан нәрсені келіншегімнен сұрасам, ол біледі. Ол білмегенді мен білем. Үнемі бір-бірімізді толықтырып отырамыз. Ең бастысы, құлшылығы, намазы бар. Ал адам дініне берік болса, сол дін оны тәрбиелеп шығады. 

Асыл арна: Өмірдің қуанышы, Алланың сыйы, жұмыстан шаршап келгеніңізде алдыңыздан жүгіріп шығып, "Әке" деп күтіп алатын балаларыңыздың өскенде қандай болғанын қалайсыз?

Райым Уайым: Шынымды айтсам, өнер ортасында жүргенін, әсіресе әнші болғанын мүлде қаламаймын. Өзім де осы жолмен жүріп келе жатқандықтан, мен көрген нәрсені олар көрмесе екен деймін. Жамандағаным емес, бірақ өнерде адамның рухани әлсіреуіне себеп болатын дүниелер өте көп. Жалт-жұлт еткен жылтыр дүниеден аулақ болса екен, қызықпаса екен деген арман-тілегім бар. Нақты мынадай мамандық иесі болсын деп кесіп айтпасам да, әнші болуына қарсымын. Қазір енді кішкентайынан рухани нәрселерді, ислам парыздарын, шариғи тәрбиені бойларына сіңіруге барынша тырысып жүрміз. Қазір «Раббың кім?» деп сұрайтын болсам, «Алла» деп өзім жаттатқан дүниелермен жауап береді. Мұның астарын, мағынасын терең ұқпаса да, өсе келе бойына өздігінен сіңіреді деп ойлаймын. Кейін нені армандайтынын, қандай  маман иесі болатынын біле жатармыз. Бірақ Алладан әрдайым жақсы жолда болуы үшін дұға етем.

"Мен баламнан бұрын, өзімді тәрбиелеп жүрмін"

Асыл арна: Әке - бала үшін өмірдегі қайталанбас тұлға. Сіз қандай әкесіз?

Райым Уайыс: «Балаңды тәрбиелеуді өзіңді тәрбиелеуден баста» деген сөз бар. Осы сөзді мен әке болғанда терең түсіндім. Сен бір нәрсені қате істесең, балаң да соны істейді, сен бір жерде жаман сөз айтып қалсаң, ертеңіне балаң да соны айтады. Бумеранг сияқты, лақтырасың, өзіңе қайтып келеді. Сондықтан, мен баламды ғана емес, өзімді тәрбиелеу үстіндемін. Ашуланып тұрсам да, қатты сөз айтпауға тырысам, әр нәрсені ойланып барып айтам. Ал балам жәй ғана соның бәрін көріп, естіп жатыр. Өздігінен берілетін тәрбие де осында. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді ғой, сол сияқты ештеңені ерекшелеудің қажеті жоқ. Тек әр нәрсені өзің әдет қыла білсең, балаң да әдепті болып шыға келеді.

Асыл арна: Перзент үшін ата-ана алдындағы өтелуі тиіс парыз не деп ойлайсыз?

Райым Уайыс: «Анаңды меккеге үш рет арқалап апарсаң да перзенттік парызыңды өтей алмайсың» деп өте әдемі жеткізген ғой дана халқымыз. Сол сияқты, ана алдындағы борышыңды өтеп біту мүмкін емес. Дегенмен, болмасақ та ұқсап бағуға бар күшімізді саламыз. Қолымнан келген барлық жақсылықты істеймін. Қолыңда түк болмаса да, ең құрығанда езуіндегі күлкіге себепші болып отыру - баланың міндеті. Ортадан ба, әлде заманы ма, білмеймін, барлық адам болары болып, бояуы сіңген соң өкініп жатады ғой. Бәрі қолымызда тұр ғой, осыны әр қазақ түсінсе, осы өмірде істеуі тиіс барлық парыздарын өтей алар еді. 

Асыл арна: Көркем мінез иесі деген кім?

Райым Уайыс: Әрине, көркем мінездің ең биік шыңын көрсетіп кеткен адамзаттың асыл тәжі, пайғамбарлардың сұлтаны - Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Ал одан бөлек, көзі тірі ортамызда жүрген адамдардан кім деп сұрасаңыз, көз алдыма бірден мешіттегі ұстаздарымыз келеді. Соның ішінде Ерлан Ақатаев деген ұстазым бар, өте көркем адам. Бір көрген адамды қолынан қысып құшақтауының өзі бұл кісінің мінезін, жан дүниесін айқын көрсетіп тұрады. Ең құрығанда осы ұстаздарымыздан мінезі жұқса, жаман болмаймын деп ойлаймын.

"Сабыр сақтаудың арнайы техникалары бар"

Асыл арна: Мінезіңізді көркем ету үшін қандай әрекеттер жасайсыз?

Райым Уайыс: Мұсылман адамның ең бірінші түзеу керек нәрсесі - мінезі. Сондай бір кемшіліктерімнің бірі - ашуланған кезде сабыр сақтау мен үшін біраз қиындау. Мен қазір осы нәрсемен күресіп жатырмын. Сабыр сақтаудың арнайы техникалары бар ғой, соларды меңгеріп жүрмін (күлді). Бірақ бұл айтып отырған қызбалық мінездің отбасыма  мүлде қатысы жоқ. Көріп отырған анам, естіп отырған балаларым барда, мен саналы түрде өзімді тыя аламын. Үйдегі тәртіпті барынша дұрыс ұстанамын. Тек сыртқы ортада, көшеде, әсіресе, кептеліс кезінде сабырсызданып кететінім бар. Соның бәрімен жұмыс жасап жатырмын. Ер адам бір нәрсеге мақсат қойса, соған жетеді ғой. 

Асыл арна: Сынды шын деп қабылдай аласыз ба?

Райым Уайыс: Сыны шындыққа жанасымды болса, неге қабылдамасқа. Бірақ әрбір сын айтып отырған адамына да байланысты. Мысалы, маған тәжірибелі, көпті көрген адам таза оймен, дұрыс жеткізіп сын айтса, мен міндетті түрде оны дұрыс қабылдаймын. «Ол жәй адам емес қой, неге бұлай айтты? Демек менде бірдеңе дұрыс емес» деп, мейлі, ол ауыр тисе де, ой елегінен өткізіп, соны дұрыстауға күш саламын. Және осылай орынды сын айта алатын адамның болғанын да дұрыс көрем. Себебі, мен өзімдегі кемшілікті түзеймін. Ал енді, өзінде де сол қасиет бола тұра, өзгені түзеуге тырысатын адам болса, оны дұрыс қабылдай алмауым мүмкін. Өйткені, мен бұл мінді оның өзінен көріп тұрамын ғой...

Асыл арна: Елі үшін мақтанып, елі үшін қайғыратын азамат қандай болуы тиіс?

Райым Уайыс: Ең алдымен, аузы дуалы, әр мәселені орынды шеше алатындай ақылдылығы мен әділдігі болуы керек. Яғни, өз принциптері үшін емес, ел үшін қызмет ете алатын адам әрдайым ел алдында сыйлы болады. Аллаға шүкір, қазір бейбіт заман, елі үшін соғысып, елі үшін жан беретін кезеңнен өттік. Бүгінгі күнімізге шүкіршілік ете отырып, не істесе де, қайда, қалай сөйлеп жатса да, қазақ азаматы екенін ескеріп жүрсе нағыз елінің қамын жеген сол болмақ... 

Асыл арна: Бүгінге дейін жеткен ең үлкен жетістігіңіз?

Мен негізі, 2007-ден 2009 жылға дейін намазды әні бастаймын, міне бастаймын деп өзімді алдап жүрдім. Таразда Берік Қалиев деген ағамыз бар болатын, бір күнгі жұма намазында  «Бес уақыт оқып жүрсің бе?» деп сұрады. «Жоқ» деп ем, «Ертең өліп қалсаң не істейсің?» деп бетіме айта салды. Бұл сөз маған қатты әсер етті. Сол күні, Алланың қалауымен, кеудем ашылды. Жаңағы сөздің жүрегіме жетуі, ойландыруы мені бірден намазға келтірді. Бертін келе, Мекке-Мадина қалаларына умраға бардық. Міне, менің өмірімдегі ең үлен жетістік - осы болды.

Одан кейін, өнерге келер болсам, Мейрамбектей азаматтың шәкірті болып, 2009 жылы Алматы қаласына келдім. Былайша айтқанда, бұл да - Алланың қалауы. 

  Асыл арна: Райым аға, арнайы уақыт бөліп, риясыз әңгімеңізбен бөліскеніңізге көп рахмет! Амандықта жүздескенше! 

 

Сұхбаттасқан 

Үміт ҚОНЫСБЕК

 

 

5885 рет оқылды