00:02 | Құран уақыты
2017-04-13 (0) (25940)

ӘЛИ (Р.А) МЕН ФАТИМА АНАМЫЗДЫҢ ОТБАСЫЛЫҚ ӨМІРІ

ӘЛИ (Р.А) МЕН ФАТИМА АНАМЫЗДЫҢ ОТБАСЫЛЫҚ ӨМІРІ

 

Фатиманы (р.а) еске алғанда оның кімнің қызы, кімнің жары, кімнің анасы екендігі  еріксіз еске түседі. Фатима (р.а)  – тақуалардың көшбасшысы, Адам ұрпағының мырзасы Мұхаммед Пайғамбар мен Хадиша анамыздың (р.а) төртінші қызы, көзінің нұры, жүрегінің бөлшегі, ұрпағын жалғастырушысы. Оның сыртқы келбеті Алла Елшісіне ұқсаған болса, уақыт өте келе ішкі дүниесі де кемелдене түседі. Пайғамбардың көзінің қарашығындай болған қызы Фатимаға (р.а) деген махаббаты да тым ерекше еді. Айша анамыз (р.а) бұл туралы: «Мен Пайғамбардың отырса да, тұрса да Фатимаға көрсеткен құрметі мен ізгі қарым-қатынасын ешкімнің бойынан көрмедім. Қызы кіріп келсе, орнынан тұрып, бетінен сүйетін және өзінің жанына отырғызатын», - дейді.

Фатима (р.а) – екі дүние әйелдерінің ханымы, ешкіммен салыстыруға келмейтін тұлға. Мұхаммед Пайғамбардың күллі адамзатқа үлгі-өнеге екендігі сөзсіз. Алайда, әйелдер ерлер секілді киінбейді, ерлер араласатын кейбір іске араласпайды, бала туады, хайыз, нифас көреді. Осы тұстың бәрінде барша әйелге үлгі болатын жан, Пайғамбардың «көшірмесі» – Фатима анамыз (р.а). Ол бір сөзінде: «Фатима – менің бөлшегім, оған ауыр болған нәрсе – маған ауыр, оны қуантқан нәрсе – мені қуантады деген болатын. Тағы бірде қызына: «Алла сенің ашуыңмен ашуланады, сенің разылығыңмен разы болады», - деген еді. (Бұхари). Елестетіңізші! Алла пәк! Фатима (р.а) ашуланса, Алла ашуланады, риза болса, Алла риза екен. Фатима анамыздың (р.а) үмметіміздегі орнын, Алла алдындағы дәрежесін осы хадистен-ақ аңғарыңыз. Фатимаға (р.а) ілесу – Пайғамбарға ілесу.

Фатима (р.а) пайғамбарлыққа дейінгі уақытта Алла Елшісі 35 жасқа толғанда дүниеге келген. Хижраның 2-жылы Бәдір шайқасынан кейін Әли ибн әбу Талибке (р.а) ұзатылады. Оған Хасан, Хусейн, Умму Күлсім атты перзенттерді дүниеге әкеледі. Әкесінің қазасынан алты ай өткеннен кейін дүниеден өтеді.

 

Неке сыйлығы және тойға дайындық

Әли ибн әбу Талиб (р.а) баяндайды: «Фатиманы күйеуге беретін уақыт келген кезде  азат етілген күңім менен: «Фатиманың күйеуге берілетіндігі жайлы хабарды естідің бе?» - деп сұрады. «Жоқ» дедім. Ол: «Бұл рас. Алла Елшісіне барып оны сұрауыңа не кедергі?» - деді. Мен: «Бірақ менің неке сыйлығы ретінде ұсынатын еш нәрсем жоқ» деп едім, ол: «Сен Алла Елшісіне бар, ол саған қызын береді» деп айтты. Алламен ант етейін, оның менен өтінгені соншалықты, қалай келіскенімді білмей, Алла Елшісіне бардым. Оған кіргенде бойымды ұят пен ықыласты қорқыныш билеп, аузымнан бірде-бір сөз шығара алмай қалдым. Алла Елшісі менен: «Сені маған қандай шаруа әкелді? Бір нәрсе қажет па еді?» деп сұрады. Үндемедім. Сонда ол: «Бәлкім, Фатиманы айттыруға келген боларсың» деді. Мен «Иә» дедім. «Сенде оны саған ұзатуыма негіз болатын бір нәрсе бар ма?» дегенде: «Жоқ, Алламмен ант етейін, уа, Алла Елшісі» деп жауап бердім. Ол айтты: «Саған берген сауыт қайда, ол шамамен төрт жүз дирхам тұрады». «Ол менде тұр». «Онда мен саған Фатиманы беремін. Оған өзіңнің сауытыңды жібер» деді».

Фатимаға (р.а) берілген неке сыйлығы (мәһр) осындай еді. Оны тойға дайындаған Алла Елшісі түкті мата кесіндісін, үлкен түтікшені және хош иісті қамыспен толтырылған былғары жастықты берді (Ибраһим ибн Мұхаммед әл-Әли). Басқа нұсқада Әлидің (р.а) бұл сауытты Османға төрт жүз дирхамға сатып келгендігі айтылады. Сонда Осман сауытты Әлиге (р.а) қосымша сыйлық ретінде тарту етіп жібереді. Бұл туралы Алла Елшісіне айтқанда, ол Осман (р.а) үшін дұға жасайды.

 

Неке

Әсма бинт Умайс (р.а) жеткізеді: «Мен неке қиюға қатыстым. Таңертең Алла Елшісі есікке келіп: «Уа, Умму Айман, маған бауырымды шақыршы» деді. Ол: «Сенің бауырың – және сен оған өз қызыңды тұрмысқа бересің бе?» деді. Пайғамбар: «Иә» деп жауап берді. Әли келгенде Алла Елшісі оған су бүркіді де, Алладан ол үшін дұға сұрады. Содан кейін: «Маған Фатиманы шақыршы» деді. Ол ұялшақтықтан сүрініп кіріп келді. Алла Елшісі оған: «Үндеме, мен сені үй-ішімдегі ең сүйіктіме бердім» дейді. Оған да су бүркіп, Алладан дұға сұрады. Содан кейін бір кісінің сұлбасын көріп: «Бұл кім?» деді. «Мен» деп едім. «Әсма?» деді. «Иә» деп жауап бердім. «Әсма бинт Умайс?». «Иә. «Сен оған деген құрметің үшін Алла Елшісінің қызының неке қию рәсіміне келдің бе?» «Иә». Ол мен үшін де Аллаға дұға жасады (Фадаил ас-сахаба).

Бурайда (р.а) Алла Елшісінің : «Қалындыққа той дастарханы қажет» дегендігін жеткізеді. Сонда Сағд (р.а): «Менен бір қой» дейді. Ансарлардан болған бірнеше адам жиналып оған бірнеше сағ (өлшем бірлік) ұн жинап береді. Алғашқы неке түні уақыты таяғанда Алла Елшісі өзіне су әкелуді тапсырады. Онымен дәрет алады да, Әлиге (р.а) шашады. Содан кейін: «Я, Алла! Оларды берекелі ет, оларға береке жібер және олардың олардың ұрпағын берекелі ет!» деп айтты. (Табарани).

 

Жұбайлардың ортақ өмірі

Алла Елшісінің Әли мен Фатиманы (р.а) өте жақсы көргендігіне қарамастан, олар өте қарапайым, қарабайыр, қиыншылық пен аштыққа сабыр сақтап өмір сүрді.

Аш-Шағби Әлидің (р.а) мына сөздерін жеткізеді: «Мен Алла Елшісінің қызы Фатимаға үйлендім және бізде түнде ұйықтайтын қой терісінен болған төсектен басқа ештеңе болмады. Күндіз біз онымен түйемізді азықтандыратынбыз, мен де сол түйеден басқа қызмет ететін ештеңе болмады».

Мужәһид (р.а) Әлидің (р.а) былай деп айтқанын жеткізеді: Мединеде тұрған кезімізде қатты аштық қысып, қаланың айналасынан жұмыс табармын деген ниетпен сыртқа шықтым. Кенет топырақ үйіп жатқан әйелді көрдім, оны илеуге бет алғанын бірден түсіндім. Жанына барып, ақысына құрма берсе, оның орнына атқарып беруге келістім. Он алты шелек су тасығандықтан қолдарым ісіп кетті. Осылайша балшық илеп бердім, ол маған он алты құрманы санап берді. Мен барлық оқиғаны Алла Елшісіне айтып бердім, ол содан кейін менімен отырып құрмадан жеді». Бұл аз ғана оқиғадан мол ғибрат алуға болады. Әли (р.а) көктен ризық күтіп отырмай, адал еңбегімен азық табуға аттанды. Және аштықтан болған әлсіздікке қарамай ауыр жұмысты атқарды. Және тапқан табысын өзі ғана пайдаланбай, Алла Елшісімен келіп бөлісті.

 

Шыдамдылық пен қанағат

Олардың тұрмыстары осындай болатын. Салтанат пен көл-көсір молшылықты көрмеді. Әлидің (р.а) су тасудан кеудесі ауырып, Фатиманың (р.а) тұрмыстық жұмыстан қажыған уақыттарында да Алла Елшісінің айтқанына сабыр сақтап, қанағат еткен оқиғасын еске түсірейікші.

Әли ибн Әбу Талибтен (р.а): «Фатима қол диірменді (айналдырғаннан) қолының (күстеніп кетуінен) шағымданып жүргенде, Пайғамбарға тұтқындар әкелінеді. Бұдан хабар алған Фатима Пайғамбарға барып (қолға түскен тұтқындардың бірін сұрау үшін), оны таппайды да, Айшаны кездестіріп, (келген мәселесін) соған айтып кетеді. Пайғамбар келген соң, Айша оған өзіне Фатиманың келгенін айтады. (Әли айтады): «Сонда Пайғамбар бізге келді, біз төсегімізге жатып қалған едік. Орнымыздан тұрмақ болған едік, Пайғамбар : «Орындарыңнан тұрмаңдар!» – деді де, біздің арамызға келіп отырды (олардың басқа тартса табан ашылатын, табанды жапса, басқа жетпейтін түкті жамылғылары болатын), Мен кеудемде оның табанының салқындығын сездім. Сосын (Пайғамбар ): «Екеуіңе өздерің сұрағаннан да жақсыны үйретейін бе? Төсектеріңе жатарда отыз төрт рет («Аллаһу әкбар» деп) Алланы ұлықтайсыңдар, отыз үш рет («субханаллаһ» деп) Оны барлық кемшіліктен пәк деп дәріптейсіңдер және отыз үш рет («әл-хамду лилләһ» деп) Оған мақтау айтасыңдар, бұл сендер үшін қызметшіден жақсы», – деді». Өзге бір риуаятта: «Әли: «Пайғамбардан соны естігенімнен бері оны қалдырған емеспін», – деді. Одан: «Сыффин түні де ме?» – деп (сұралғанда), ол: «Сыффин түні де», – деп айтты» деген қосымша келген (Әли өзі Шам өлкесінің тұрғындарымен соғысқан Сыффин шайқасы түнінде де осы сөздерді қалдырмай айтқан) (Муслим).

Алла Елшісі  қызметшілерді одан да артық мұқтаж адамдарға үлестіріп, өз отбасын осылай сабырлыққа тәрбиелейді. Олар да адамзаттың ұстазының әрбір сөзінен өнеге алуға тырысатын.

25940 рет оқылды