2017-01-17 (0) (6547)

ОМАРДЫҢ СОҢҒЫ КҮНДЕРІ...

ОМАРДЫҢ СОҢҒЫ КҮНДЕРІ...

 

 

Мұсылман үмбетіне сенімді қамал, алғыр қолбасшы, қарапайым да, әділетті басшы, қамқор ғалым, фақиһ, отарының кішісі мен үлкеніне, әлсізі мен мықтысына, байы мен кедейіне мейірімді әке бола білген Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) өмірінің соңғы он жылында бір сәтке де дамыл таппады. Аллаға және Оның Елшісіне  () ықыласпен сенген шебер саясаткер, дана әмірді ел-жұрт қадірледі, үлгі тұтты. Мұсылмандардың оған деген құрметі әлі күнге дейін сөнген жоқ. Осынау сыйластық иесі ғұмырының соңғы сәттеріне де келіп жеттік.

 

Омар мен Хузайфаның (р.а) сұхбаты

 

Хузайфа (р.а) баяндайды: «Бірде Омар екеуміз отырғанымызда ол: «Алла Елшісінің () сынақтар мен азғырулар туралы сөзі кімнің есінде?» деп сұрады. Мен: «Адамның әйелімен, мал-мүлкімен, балаларымен және көршілерімен сыналуы намазбен, садақамен, адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюмен жуып-шайылады» дедім. Омар (р.а)    айтты: «Мен оны емес, бұрқылдаған теңіз секілді бүлікті нұсқадым». Мен: «Уа, мұсылмандардың әміршісі, ол саған зиянын тигізбейді, өйткені, сен мен оның арасында жабық есік бар» дедім. Омар (р.а): «Ол есік сына ма, әлде ашыла ма?» деп сұрады. Мен: «Ол сынады» деп жауап бердім. Омар (р.а) сонда: «Демек, оны ешкім ешқашан жаба алмайды!» деген еді».

Хузайфадан (р.а): «Омар қандай есік туралы айтылғанын білді ме?» деп сұралды. Ол (р.а): «Ол мұны түн таңнан ажыратылып тұратындай жақсы білді, өйткені, мен хадисті ешбір қатесіз, дәлме-дәл баяндап бердім» деп жауап берген екен. Адамдар Хузайфадан (р.а) ол есіктің нені білдіретіндігін сұрауға жүрексініп, Масруқ арқылы білмек болады. Ол: «Бұл қандай есік?» деп сұрағанда: «Бұл есік – Омардың өзі» деген жауапты естиді («Фәтх-әл-бәри», 48 б).

Әнас ибн Мәлик (р.а) Алла Елшісінің ()  бір күні Әбу Бәкір, Омар және Османмен бірге Ухуд тауына көтерілгендігін жеткізеді. Сонда тау дірілдейді. Пайғамбар ()  оған: «Тыныштал, Ухуд! Анығында, сенің үстіңде – Пайғамбар, шыншыл және екі Алла жолында қайтыс болатын адам тұр» деген екен (Бұхари).

 

 

 

Омардың (р.а)  хижраның 23 жылы қажылық кезінде жасаған дұғасы

Омар (р.а) Минадан шығып Абтахқа аялдайды. Ол жерге киімін төсеп, арқасымен жатты, содан кейін қолын аспанға көтеріп: «Уа, Алла, мен қартайдым және қалжырадым... Ендеше мені бұл дүниеден өз міндеттеріне салғырт қарамаған және ысырап жасамаған күйде алып кет!» деп дұға жасайды. Осы дұғадан кейін Мединеге қайтады.

Әбу Мұса әл-Ашаридің (р.а)  түсі

Әнас ибн Мәлик (р.а) жеткізеді Әбу Мұса әл-Ашаридің (р.а) сөзінен жеткізеді:

«Менің түсіме көптеген тұлпар кірді, содан кейін біреуі ғана қалғанша басқалары жоғала бастады. Мен оны ұстап, тауға дейін жеттім. Ол жерден Алла Елшісін ()  көрдім, оның жанында Әбу Бәкір болды, ол Омарға өзіне қарай жүру туралы белгі берді». Сонда Әнас: «Енді неге мұны Омарға хат арқылы жазып жібермейсің?» дегенде: «Мен оған өзінің өлімі туралы хабарды айтып бергім келмейді» деп жауап береді.

 

 

Омардың (р.а)  соңғы құтпасы

 

Хижраның 23 жылы зул-қағда айының 21-і күні Омардың (р.а) жасаған құтпасының біршама бөлігін сахаба Абдуррахман ибн Ауф (р.а) жеткізген. Бұл Омардың соңғы құтпасы еді. Сонда ол (р.а): «Анығында, мен өзімнің өлімімнің алдын ала білдірілген хабары секілді түс көрдім. Түсімде бір қораз мені екі рет шұқыды. Адамдар маған өздеріне басшы сайлау жайлы бұйырып жатты. Расында, Алла өзінің дінін, Пайғамбарын жіберіп орнатқан шариғатын тастамайды. Егер мен өлсем әмірші Алла Елшісі () көзі тірісінде разы болып өткен алты адамнан тұратын кеңесте тағайындалсын!» деген екен.

Омардан (р.а) кейін мұсылмандардың әміршісі болып ардақты сахаба Осман ибн Аффан (р.а) тағайындалады. Бұл туралы толық ақпаратты келесі бөлімнен оқи аласыздар.

 

 

 

Омардың (р.а)  өлтірілуі

 

Әмр ибн Маймун (р.а) баяндайды: «Омарды өлім халіне жеткізген соққы жасалған күні ол екеуміздің арамызды Абдулла ибн Аббас (р.а) қана бөлетіндей жақындықта тұрғанмын (таң намазы уақытында). Омар (р.а)   әдетте қатарлардың арасынан өткенде: «Саптарыңды түзеңдер!» деп айтатын. Қатарлар арасында бос орынның қалмағанына көзі жеткенде алдыға шығып, тәкбір қағатын, кейін алғашқы ракағатта адамдар жиналып үлгеру үшін «Юсуф», «Нахл» сүрелерін немесе осылардың көлеміндей сүрелер оқитын. Бұл жолы тәкбірді қағып үлгергені сол еді: «Мына ит мені өлтірді!» деген дауысын естідім (Әбу Люлюа соққы жасағаннан кейін). Имансыз өзінің қанжарын оңға, солға сермеп, адамдарға да тап берді. Осылайша он үш адамды жарақаттады, оның жетеуі қайтыс болды. Мұны көрген бір мұсылман өзінің қалпағы бар шапанын Әбу Люлюаға лақтырды. Қашып құтыла алмайтынын білген қылмыскер өзіне қанжарын тықты. Бұл уақытта Омар (р.а) Абдуррахман ибн Ауфтың (р.а) қолынан ұстап, алдыға шығаруға икем жасады. Омардың (р.а) артында тұрғандар менің көргенімді көрді, одан арғылары ештеңе білмеді. Омардың (р.а) дауысын естімегендіктен: «Алла пәк!» деп айта бастады.                                                                                      Абдуррахман ибн Ауф (р.а) адамдармен намазды қысқа оқыды, бәрі тарағанда Омар (р.а): «Уа, ибн Аббас! Мені кім өлтіргенін қарашы...» деді. Ол аз уақытқа жоқ болып кетті де, қайта келіп: «Муғираның құлы» деді. Омар (р.а)  одан сұрады: «Қолөнерші ме?!». «Иә». «Алла оны жазаласын! Мен оған жақсы қарау туралы бұйрық бердім ғой (Отқа табынушы болған Әбу Люлюа Муғира ибн Шуғбаның құлы еді. Қолөнерші болып, диірмен тартқыш жасаумен айналысатын. Муғира одан күн сайын төрт дирхем алып тұратын. Әбу Люлюа Омарға (р.а) жолығып: «Я, мұсылмандардың әміршісі, Муғира менен көп алады, маған оны төлеу қиын. Онымен сөйлесіп, жеңілдетуін сұрашы» дейді. Омар (р.а) оған былай деп жауап қатады: «Алладан қорық және өзіңнің қожайыныңа жақсы қарым-қатынас жаса. Алайда, өзі Муғирамен сөйлесіп отқа табынушыға жеңілдік жасауын сұрағалы тұр еді. Әбу Люлюа ашуланып, айқайлап жібереді: «Сонда оның әділеттілігі менен басқа барлығын қамтиды?!», деді. Осылайша Омарды (р.а)   өлтіру үшін өзіне қанжар жасап, оны уға суарып алады. Мені өлтірушіні мұсылман етпеген Алла Тағалаға мақтау болсын! Сен және сенің әкең Мединеде көп имансыздың болуын қалап едіңдер (Омар (р.а) Мединені Аллаға серік қосушылардан тазартқысы келген еді. Алайда, көптеген сахабалар бұған оң қабақ танытпады)». Ибн Аббас (р.а)  оған: «Егер қаласаң, мен былай жасайын....» деп оларды өлтіруге ұсыныс айта бастайды. Сонда Омар (р.а): «Бұл енді дұрыс болмайды! Оларды сендердің тілдеріңде сөйлеп, қыблаға қарап намаз оқып, сендермен бірге қажылық жасағаннан кейін қалай өлтіруге болады» деді. Содан кейін оны үйіне алып кетті, біз артынан жүрдік».

    Сол күні адамдар тап бір өздерін осыған дейін қасірет шалып көрмегендей есеңгіреп жүрді. Бірі: «Бәрі жақсы болады» десе, екіншілері: «Мен ол үшін қорқамын» десті. Омарға (р.а) құрма сусыны әкелініп еді, ішкені қарнындағы жарақатынан атқылап шығып кетті. Кейін сүт ішкізгенде де жарақатынан атқылады. Сонда жарақатының өлім тудыратындай ауыр екендігі анық болды. Біз оған кірдік, көпшілік оны мақтай бастады. Бір жас жігіт: «Қуан, уа, мұсылмандардың әміршісі, өйткені, сен Алла Елшісінің () сахабасы болдың, алғашқылардың бірі болып Ислам дінін қабылдадың, кейін әмір болып тағайындалдың, әділетті басқардың. Енді міне Алла жолында қайтыс болғалы тұрсың» деді. Омар (р.а) былай деп жауап берді: «Мен осы ешбір күнә да, сауап та қалмауға жеткілікті бола ма деп үміттенемін»... Мұсылмандардың әміршісі (р.а): «Әй, Абуллаһ ибн Омар, менің қанша қарызым бар екенін қарашы» деді.  Санағанда оның сексен алты мың дирхем қарызының бар екендігі анықталды. Мұны жеткізгенде: «Омардың отбасының мал-мүлкі осы қарызды төлеуге жеткілікті болса, бәрін жұмса. Болмаса, Ъади ибн Кағбтан сұра. Егер ол қаражат та жетпесе, құрайыштардан сұра да, басқа ешкімге барма. Мен үшін қарызымды төле... Содан кейін мүміндердің анасы Айшаға (р.а) барып: «Омар саған сәлем береді» де, «мүміндердің әміршісі» деп айтпа, өйткені, мен енді басшы емеспін. Оған Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) өзінің екі жолдасының қасына жерленуге рұқсат сұрап жатыр деп айта бар».

     Ибн Омар (р.а) Айшаға (р.а) сәлем беріп, кіруге рұқсат сұрады. Кірген бетте оның жылап отырғанын көрді. Ол: «Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) саған сәлем жолдайды және өзінің екі жолдасымен бірге жерленуге рұқсат сұрайды» деді. Ол: «Мен бұл орынды өзіме сақтап қойғым келген, алайда, мен оны оған беремін» деп жауап берді. Ұлы қайтып оралғанда әкесіне хабарланды. Омар (р.а)  бірден «Мен тұрғызыңдар» деді. Бір адам оны өзіне сүйеп еді бірден: «Сенде қандай хабар бар?» деп сұрады. Ибн Омар (р.а): «Қалағаныңдай болды, я, мүміндердің әміршісі... Ол келісім берді» деді. Омар (р.а): «Аллаға мақтау болсын... Маған осыдан маңызды нәрсе жоқ еді... Қайтыс болсам, сонда алып барыңдар. Айшаға (р.а) сәлем беріп: «Омар ибн әл-Хаттаб кіруге рұқсат сұрайды» деп айтыңдар». Ол рұқсат берсе, мені қойыңдар, келіспесе, мұсылмандардың қабіріне алып барып, сонда жерлеңдер» деп сөзін аяқтады.

 

 

 

Омардың (р.а)  соңғы минуттары

 

Ибн Аббас (р.а) Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а) осы дүниедегі соңғы сәттерін былай деп сипаттайды: «Омар ауыр жарақат алғанда мен оған кіріп: «Жәннатқа қуан, уа, мүміндердің әміршісі! Сен өзгелер имансыз халде болғанда Ислам дінін қабылдадың және өзгелер оны тастағанда Алла Елшісімен ()  бірге күрестің. Және Алла Елшісі () өзі қайтыс болғанға дейін саған разы болды, сен әмір болып тағайындалғанда да ешкім қарсылық білдірмеді. Ақыры міне, Алла жолында қайтыс болғалы тұрсың» деп айттым. Омар (р.а) маған: «Айтқаныңды қайталашы» деді. Мен айтқанымды қайталадым. Сонда ол былай деді: «Алламен ант етейін, жер бетіндегі алтын мен күмістің барлығы менікі болса, оны алдымда күтіп тұрған сұмдықтан құтылу үшін берер едім!»

Омар (р.а) Пайғамбардан () көзі тірісінде Жәннат туралы хабармен сүйіншіленсе де, өзінің мемлекетінде әділеттілік патшалық құруы, мұсылмандар тыныш, берекелі, қауіпсіздікте өмір сүруі үшін барлық мүмкіндікті жасаса да Алла Тағаланың жазасынан қатты қорқатын. Омар (р.а)  көптеген артықшылықтарға  ие болды және мұны досы да, дұшпаны да мойындайтын. Игі іс жасаудың мүмкіндігін жібермеді. Өзге адамдармен салыстырғанда Тозақтың азабынан қорқуға аз себебі болғанымен, барлық адамнан артық қорқыныш танытты. Мұнда ықыластылар мен тақуалар үшін үлкен ғибрат бар...

Осман ибн Аффан (р.а) баяндайды: «Омарды ең соңғы болып көрген мен едім. Кіргенімде басы ұлы Абдулла ибн Омардың (р.а) тізесінде жатты. Ол (р.а): «Менің бетімді жерге қарат» деді. Ибн Омар (р.а) одан: «Менің саным мен жер бір емес пе?» деп сұрап еді, ол айтқанынан қайтпады. Содан кейін аяғын айқастырды. Мен оның жерге қарап жатып: «Егер Алла кешірмесе, маған және анама қасірет...» деп айтып жатқанын естідім. Ол бұл сөздерді кеудесінен жаны шығып кеткенше қайталап жатты».

 Омар (р.а) мұны Алла Елшісі  () Жәннатты уәде еткен болса да айтты. Оның ұлына жерге қаратуды бұйыруының себебі, өзін төмен түсіріп, Алланың ұлылығын айқындағысы келді. Бұл өзінің кешірім сұраған дұғасының қабыл болуына әсер ете ме деп үміттенді. Расында, адам Алланы жақын таныған сайын көбірек қорқады.

Сөздері Құранмен қуатталған Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) хижраның 23 жылы зул хижжа айы аяқталуға үш не төрт күн қалғанда, сәрсенбі күні қайтыс болды. Оның билігі он жарым жыл және бірнеше күнге созылды. Алла Елшісі де (), Әбу Бәкір де (р.а), Омар да (р.а) 63 жасында қайтыс болды.

Абдулла ибн Омар (р.а) әкесінің өлімінен кейін оның жуындырылып, сабанға оралып, жаназа намазы оқылғандығын жеткізеді. Жаназа намазын Сухайб ибн Синан (р.а) өткізді. Ол төрт рет тәкбір қақты. Бұл кезде қабір мен мінбердің ортасында тұрады. Оған жаназа намазын оқуға рұқсат берілуінің себебі – Омар (р.а) жарақат алғанда мұсылмандарға жаңа басшы тағайындалғанша Сухайбқа парыз намаздарға имамдыққа шығуды бұйырған болатын. Мұндағы даналық – Омар (р.а) өзінен кейін мұрагер болуға лайықты деп белгілеген алты сахабаның ешбіріне де намаз өткізуді тапсырмады. Өйткені, адамдар Омар (р.а) дәл сол адамды басшылыққа белгіледі деп ойлап қалатын еді.

Омар (р.а) Айшаның (р.а) бөлмесіне, Алла Елшісі () мен Әбу Бәкірдің (р.а) жанына жерленеді. Оның қабіріне Осман, Сағд ибн Зейд, Сухайб және Абдулла ибн Омар (оларға Алла разы болсын) түсті.

Айша анамыз (р.а) осыған дейін қаншама адамның өтінішіне бас тартса да, Омарды (р.а)  сол жерге жерлеуге рұқсатын береді.

Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а) өлімі мұсылман үмбеті үшін ауыр сілкініс болды. Адамдарға оның таң намазы уақытында Алла Елшісінің ()   мешітінде қастандық жасалғандығы да ауыр тиді. Олар енді мұсылмандарға бүліктен қорғайтын қамал бола білген тақуа, әділ, ықыласты басшыларын көре алмайды.

Кейіннен Абдулла ибн Масғұт (р.а) Омар (р.а) жайлы есіне салынғанда  аяғының астындағы тастар суланғанша жылап: «Расында, Омар Ислам үшін қамал болған, адамдар оған кіретін де, қайта шықпайтын, ол қайтыс болғаннан кейін, қамал бұзылды, енді міне адамдар Исламнан шығуда...» дейтін.

Әбу Убайда әл-Жаррах (р.а): «Егер Омар өлсе, Ислам әлсірейді және мен ешбір қазына үшін Омардан айырылғым келмейді» деген екен. Одан: «Неге?» деп сұралғанда: «Егер сендер ұзағырақ өмір сүрсеңдер менің сөзімнің орындалғанын көздеріңмен көресіңдер... Оның орнына оған тең біреу келсе, адамдар оған сабыр сақтай алмайды және бағынбайды, ал егер оның мұрагері әлсіз болса, олар оны өлтіреді» деп жауап береді...»

 

Соңғы сөз

 

Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а)  өлімімен Ислам тарихының ең жарқын әрі салтанатты беттері түрілді. Ол – ешқашан да байлық пен мансапқа ұмтылмаған, дүние жылтырына алданбаған таңғажайып, бірегей тұлға. Омар (р.а) алып Ислам мемлекетінің билеушісі бола тұра, абырой-атағын жеке мақсаттарына пайдаланбады. Оның өмірлік мақсаты, асыл арманы Ислам дінін нығайтып, мерейін үстем ету болды. Осы жолда терін төкті және Алланың көмегімен, аз уақыттың ішінде ізгі мұратына қол жеткізді.

Осы бір кезеңді оқып-білу жас буын үшін өте маңызды. Өйткені, оның әрбір қасиеті, істері, сөздері жастар қауымына тек пайда әкеледі. Олардың отанын, дінін, халқын сүйетін ұрпақ ретінде қалыптасуына әсер етеді. Алла Тағала баршамызға дұрыс өнеге, пайдалы білім алуды нәсіп қылсын!

6547 рет оқылды