Ғибратты әңгіме 2014-12-10 (0) (13517)

"Адамға сенген мұрттай ұшады, Аллаға сенген құстай ұшады"

Ертеректе Аббасит халифасы "Әл-Мансур" таққа отырған күні оған атақты ғұлама Муқатил ибн Сулеймен келіп кіреді. Халифа ол кісіге: "Маған насихат айтшы", - дейді. Сонда ғұлама: "Естігенімді айтайын ба, әлде көргенімді айтайын ба?", - деп сұрайды. Халифа: "Көргеніңді айт", - дейді.
"Мұсылмандардың әміршісі! Омар ибн Абдулазиздің (Әмәуи династиясының ізгі халифасы) он бір баласы болды. Өмірден өткенде артына 18 динар қалдырды. 5 динарға кебінделді, 4 динарға көмілетін жері сатып алынды. Қалғаны балаларына таратылды. Алланың атымен ант етейін, аз уақыттың ішінде Омардың балалары күніне мыңдап садақа беретін деңгейге жетті. Ал дүниеден өтерде он бір баласының әрқайсысына миллион динардан қалдырған Һишам ибн Абдулмаликтің (Ол да Әмәуи династиясының халифасы болған) кейбір балаларының базарда қайыр сұрап жүргенін көрдім.
     Омар ибн Абдулазиз өлім алдында жатқанда одан: "Балаларыңа не қалдырдың?", деп сұралған еді. Ол: "Балаларыма Алладан қорқуды қалдырдым. Егер олар ізгі, салихалы болса, Алла оларды Өз қамқорына алады. Егер керісінше болса оларға күнә жасауға көмектесетін дүние-мүлік қалдырмаймын", - деген екен".

     Көп адамдар балаларына дүние жинап беріп, болашағын жарқын еткісі келеді. Дүние жима демейміз ғой, тек көпшілік дүние-мүлік пен байлықты бақытты қылып, уайым-қайғыны болдырмайтын негізгі фактор ретінде көруі уайымдатады. Сөйтіп нағыз бақыт пен ұлы тыныштықты  ұмыт қалдырып жатқан жайымыз бар. Үлкен бақыт - баласына Алланы танытуда. Қазақ: "Адамға сенген мұрттай ұшады, Аллаға сенген құстай ұшады". "Адамға сенгеннің екі көзі шығады, Аллаға сенгеннің екі бүйірі шығады". "Құдай деген құр қалмайды",- дейді.
Ал Алла тағала  Құранда: "Артында әлсіз ұрпақ қалдыруға қалай қорықса (өздері де солай) қорықсын. Олар Аллаһтан қорқып, тура сөз айтсын"-деген. (Ниса сүресі, 9 аят).

13517 рет оқылды