13:40 | Құран уақыты
2017-10-27 (0) (6079)

МҰСЫЛМАН ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ӘЛЕМДІК ҒЫЛЫМҒА СІҢІРГЕН ЕҢБЕКТЕРІ

МҰСЫЛМАН ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ӘЛЕМДІК ҒЫЛЫМҒА СІҢІРГЕН ЕҢБЕКТЕРІ


Адамзат тарихында ғылымның дамуына батыстың қосқан үлесі мол деген түсінік қалыптасып қалған. Алайда, батыс әлемінің ғылым мен технологияда жоғары жетістікке жетуіне себеп болған - мұсылман ғалымдарының еңбегі еді. Себебі, уақыт өте келе Ислам ғұламаларының әлемді өзгерткен ғылыми жаңалақтары батыстың меншігіне өтіп кеткен жайы бар...

 

КОДПЕН ЖАБЫЛАТЫН ҚҰРАЛДЫ МҰСЫЛМАНДАР ОЙЛАП ТАПҚАН

Біздің дәуіріміздің XII ғасырында Исламның көрнекті ғалымдарының бірі Әл-Жазари көптеген механикалық құрылғыларды ойлап табады. Солардың қатарында, әлемдегі ең бірінші ойлап табылған кодпен жабылатын құлып та бар. Ол көлемі кішкентай 12 символдық белгісі бар 4 тетіктен тұрған. Бұл – зат сақтауға өте сенімді құрал. Бұл құлыптың тетігі сандыққа арналып жасалынған. Сандықты ашу үшін кілт қажет емес, тек тетіктің дұрыс бағытын еске сақтаған жөн. Егер адам тетікті сәйкес келетін белгілі бір бағытқа бұраса, сандықтың ішкі құрылғылары босап, қақпағы еш қиындықсыз ашылады. Міне, керемет!

 

ҚҰМСАҒАТ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

Әл-Жазари ашқан ғылыми жаңалық мұнымен тоқтап қалған жоқ. Ол XII ғасырда шыны стақанға ұқсаған сағат ойлап табады. Қазіргі құмсағат – сол құралдың жетілдірілген үлгісі. Құралдың іші 2-ге бөлінген, бірақ онда құмның орнына құрылғының жоғарғы жағынан төменге қарай ағатын су қолданылған. Бұл сағат мұсылман елдерінде бес уақыт намаздың уақытын білу үшін ойлап табылған екен. Яғни бұл - бір жағынан тақуалықтың көрсеткіші болса, екінші жағынан сәндік безендіру үшін қолданылған құрал.

 Ислам ғұламалары тек механикалық құрылғыларды ғана ойлап табумен  шектелген жоқ. Олар басқа ғылым салаларында да өздерінің көшбасшы екенін дәлелдей түсті.

 

ОПТИКА САЛАСЫНДАҒЫ ЕҢБЕК

Ежелгі грек ойшылдары адамның көз жанарын зерттеп, көптеген жетістіктерге қол жеткізген. Ал XI ғасырда араб ғұламасы Ибн Хайсам грек ғалымдарының зерттеуін тереңдете отырып, осы салада бұрын-соңды болмаған жаңалық ашады. Ғалым шыны әйнектің үлкейткіш қасиетінің бар екенін және ол көздің көру мүмкіндігін арттыратынын ойлап тауып, адамзаттың игілігіне ұсынды және ғалымдарды таң қалдырып, ерекше құрметке бөленді.

 

МҰСЫЛМАН ҒАЛЫМДАРЫ МЕДИЦИНАНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН

Рази, Ибн Сина жазған құнды еңбектер әлемдік медицина үшін революциялық жаңалық болды. Медицина саласы сол кездің өзінде тері ауруы, жүйке аурулары, әйелге байланысты аурулар, жарақат, ішкі мүше аурулары, дәрігер этикасы сынды әртүрлі тармақтарға бөлініп, жеке-жеке ғылым ретінде қарастырылды. «Авиценна» деген атпен мәлім Ибн Сина өзінен кейін зор шығармашылық мұра қалдырып кетті: ертедегі деректерге қарасақ, ол 456-ге жуық еңбек жазды, бірақ бізге дейін оның 240 кітабы ғана жеткен. Ол дәрігер, ғалым әрі фармацепт еді. Бар болғаны 57 жыл өмір сүрсе де (980-1037) оның өмірі мен дарыны осы уақытқа дейін аңызға айналып келеді.

Сол уақытта Еуропалық дәрігерлер ауруды дуамен немесе сиқырмен емдейтін. Ал араб дәрігерлері адам анатомиясын жетік білуінің арқасында адамдарға өте қиын оталарды жасап тәжірибе жинап жүрген болатын. Олар, тіпті, сүйектер мен адамның ішкі ағзаларына да ота жасайтын болған. Сонымен қатар, араб дәрігерлері адамдарды тексеру үшін механикалық аспаптар ойлап тапқан. Солардың бірі – қан мөлшерін анықтайтын құрылғы. Бұл құрылғының жоғарғы бетінде кіші көлемде екі мүсін орнатылған. Олардың қызметі, біріншіден, қанның мөлшерін көрсететін болса, екіншіден, жағымсыз процестен емделушінің назарын аударатын болған.

 

СУ ҚҰБЫРЫН МҰСЫЛМАНДАР ОЙЛАП ТАПТЫ

X ғасырда мұсылман елдерінде су құбыры мен кәріз кез-келген үйді қамтып, адамдардың күн сайын жуынуына мүмкіндігі болған. Мұсылмандар тек қаланы ғана сумен жабдықтап қоймай, ауыл шаруашылығында да оңай пайдаланған. Ал Еуропа қалаларында адамдар лас көшелерде аяқ алып жүру үшін ағаштан жасалған биік өкшелі аяқ киім киіп жүруге мәжбүр болған.

 

ҰРЛАНҒАН ЕҢБЕК

1250 жылы Еуропаның білім жанашыры ІІ Фридрих патша өмірден озады. Осы уақыттан бастап шіркеу иелері мұсылман ғалымдарының еңбектерін иемденіп алуға әрекет жасай бастайды. Ғалымдарды сарайдан алыстатып, еңбектерін өздерінде қалдырып отырады.

Бірақ 800 жылдан аса уақытты қамтыған мұсылмандардың ғылыми-зерттеу жұмыстары ізін жоғалтқан емес. Олар ұрланды. Кітаптар, жазбалар, сызбалар тарихтың қараңғы қойнауында қала берді, ал олардың  авторлары біржола ұмытылды. Бірақ бірнеше ғасырлардан соң бұл еңбектер қайта жарыққа шықты. XX ғасырда бұл кітаптардың арабтарға тиесілі екені анықталды. Еуропаның Леонардо да Винчи, Галилео Галилей сынды ғалымдары еңбек  авторларына еш күмән келтірместен, мұсылман ғалымдарын мойындай отырып, олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты.

Қазіргі таңда көптеген мұсылмандар ғылым-білімде  өздерінің батыстан қалыс қалып бара жатқанына ұялады. Бірақ олар өздерінің  оптика, медицина, механика саласындағы ұлы бабаларының жеткен жетістіктерін жете білмейді. Батыс-христиан әлемі мұсылман мәдениетімен танысқаннан кейін ғана көптеген ғылым салаларын дамытуға қадам жасады. Сондықтан батыс әлемі мұсылман ғалымдарының ерен еңбегінің алдында қарыздар екені даусыз.

 

 

 

 

6079 рет оқылды