2016-10-07 (0) (7664)

ҚЫСҚЫ (ТОҚЫЛҒАН) КИІМДЕРДІ ЖУУ МЕН КЕПТІРУГЕ АРНАЛҒАН КЕҢЕСТЕР

ҚЫСҚЫ (ТОҚЫЛҒАН) КИІМДЕРДІ ЖУУ МЕН КЕПТІРУГЕ АРНАЛҒАН КЕҢЕСТЕР

Қыс жақындаған сайын тоқыма киімдердің де сатылымға шығатыны анық. Жас келіндерге айтарымыз, тоқылған киімдерді жуу мен кептіруде аса сақтық танытпасаңыз, жаңадан алған киіміңіздің қызығын көрмей жатып-ақ қоқысқа тастауыңыз ғажап емес. Мұндай киімнің бір жуғаннан кейін тым кішірейіп тарылып қалғанын немесе керісінше үлкейіп, шамадан тыс созылып кеткенін байқап жатамыз. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін не істеу керек?

 

 

Егер киіміңізді кір жуғыш машинаның көмегімен жуатын болсаңыз:

1.     Киімді ішкі жағына аударуыңыз керек;

2.     Шама келсе, тоқылған киімдерге арналған синтетикалық сұйықтықтарды пайдалануға болады. Бұл суда тез еріп, кірдің оңай шайылуына мүмкіндік береді;

 

3.     Кір жуғыш құралдың тоқыма киімдерге арналған «Шерсть» деп аталатын режимін таңдаңыз. Киіміңіздің қалай жуылатыны мен қандай нәтиже беретіні осы режимге тікелей байланысты. Себебі, ыстық су мен тым салқын су киімді созып, я болмаса тарылтып тастауы мүмкін. 

 

 

Егер кірді қолмен жуатын болсаңыз:

Ең алдымен, суыңыздың аса ыстық емес, шамамен 30-35С, яғни дене температурасында болуына көңіл бөлуіңіз керек. Тоқылған киімдер суды бірден сіңіріп алатындықтан, суды да өте көп пайдалануыңызға әрі суды жиі-жиі ауыстырып тұруға тура келеді.  Кірді кетіру оңай емес болғандықтан, арнайы кір жуатын сұйықтықтар пайдалануға болады. Бірақ құрамында хлоры бар «Белизна», «ACE», «B», «ACE Brilliant» секілді сұйықтықтарды пайдаланбаған жөн. Себебі олар киімнің тез тозып қалуына, жыртылып, я болмаса жылдам сарғайып кетуіне әкеліп соғады. Сондықтан кір болып қалған жерді тазартудың ең тиімді жолы – губкаға (немесе жұмсақ матаға) сірке суын сіңіріп, дақты ысқылап кетіру. Егер киіміңіз ашық түсті болса, сірке суының орнына сутегінің тотығын (перекись водорода) пайдалануға болады.

Киіміңіз шамадан тыс созылып кетпеу үшін:

Киімнің өз қалпын сақтап қалуы оны дұрыс сығу мен кептіруге де байланысты. Есіңізде болсын, ешқашан тоқылған киімді қатты сығуға болмайды. Оны жеке ыдысқа салып суын сорғытып қою керек немесе көрпе, орамал сынды үлкен әрі қалың матаның үстіне қойып қою керек. Сонда құрғақ мата жуылған киімнің суын тез сіңіріп алады. Ешқандай қоспасыз, табиғи жіптен тоқылған киімдерді (100% шерсть) өте ыстық құралдардың көмегімен кептіруге болмайды. Бұл киімдерді үтіктемеуге тырысу керек, алайда үтіктеуді қажет ететін болса, киімді аударып, үстіне дымқыл мата (марля) қойып, ішкі жағынан үтіктеген жөн.

 

Сонымен бірге аппақ киімдерді өзгелерге қоспай, жеке жууды да есіңізден шығармаңыз.

 

7664 рет оқылды