Ертеде елді-мекендерді үнемі аралап жүретін қарт дәруіш өмір сүрген екен. Қайсы ауылға барса да, кімді көрсе де айтатын жалғыз сөзі: «Жақсылық қылсаң өзіңе, жамандық қылсаң өзіңе» болады. Бірнеше жыл бойы дәруіштің осы әрекетін байқап жүрген бір әйел оны сынамаққа бекінеді. Мақсаты одан құтылу еді. Бәліш пісіріп, оған у қосады да әлгі кісінің қолына ұстатады. Дәруіш әйелдің бергенін иығынан түспейтін дорбасына салып жөніне кете барады.
Бірнеше қыр асқанда ұзақ жолды бағындырып келе жатқан керуенге жолығады. Көштің соңында шаршап-шалдығып, азығы таусылып ашығып келе жатқан әкелі-балалы дәруішті көре сала азық сұрай жөнелді. Барын ешкімнен аямайтын ол қолын дорбасына салды да бәлішті алып шықты. Бірнеше күн нәр татпаған екеу ойланбастан бәлішті асап жеп қояды. Көп ұзамай ауыздары көпіріп, іштері бүріп ауыра бастайды. Ақырында әке де, бала да бір мезетте жан тапсырды.
Бұл жағдайды естіген керуен басшысы дәруішті дереу тергеуге алады. Шошынған қария бәліштің тарихын сол қалпында баяндап берді. Көшбасшы өз адамдарын дәруіш нұсқаған ауылға жіберіп, әйелдің кім екендігін анықтауды тапсырады.
Нәтижесінде, уланып қайтыс болған екеу – у қосылған бәліш берген әйелдің күйеуі мен баласы болып шыққан екен.
Иә, жақсылық қылсаң өзіңе, жамандық қылсаң өзіңе. Нәтижесі бұл өмірде немесе арғы дүниеде өз иесін табады....