2016-05-18 (0) (3341)
post

ҚМДБ қызметкерлері Түркияның діни телерадио кешенінде болды (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бөлім басшылары Түркияға жасаған ресми сапары барысында бауырлас елдің Дін істері министрлігі жанындағы діни телерадио кешенінде болып, ақпарат құралдарының жұмысымен танысып, тәжірибе алмасты. 

 

Телерадио Бас директоры Әбдірахман Әкбар ҚМДБ Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиевке, сонымен қатар делегация мүшелеріне ұжымның жұмысын жан-жақты баяндады. «Диянет ТВ»-ның ашылғанына 4 жыл толған екен.

«Қазір Ислам туралы теріс ақпараттар таратылып жатқанын жақсы білесіздер. Біз барлық мүмкіндігімізді салып, осы келеңсіз жағдайды жақсылыққа қарай өзгертуге, яғни Ислам туралы дұрыс хабар таратып, оның асыл құндылықтарын насихаттауға атсалысып жатырмыз. Біздің ұжымда 140 адам қызмет етеді. Телебағдарламалардың басым бөлігі отбасына, балаларға арналған. Ислам туралы деректі фильмдерді де түсіріп жатырмыз. Жастарға арналған құнды тележобаларды жүзеге асырып келеміз. Жастар түзелсе, мемлекетіміз де өркендейді», – деді Бас директор Әбдірахман Әкбар.

Ғылымбек Мәжиев ресми қабылдау барысында ҚМДБ жанындағы «Хикмет» телерадио студиясының өнімді еңбектері туралы тоқталды. Сонымен қатар, 24 сағат бойы жұмыс істейтін «Асыл арна» ислами ағартушылық телеарнасы туралы да баяндап берді. Кездесу соңы тәжірибе алмасу шараларына ұласты.

 

baq.kz

3342 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !