«Қайғыдан құтқарғанға Құдай қарасады» деген сөз бар ғой. Иә, ел басына күн туған сын сағатта қол ұшын созбай, бейтарап қалу - азаматтығымызға сын. Сондықтан Арыстағы ағайынға қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да демеу, қолдау білдіру мақсатында біз де бір күндік жалақымызды аудардық. Себебі, ойламаған жерден ордасынан айырылып, бір-ақ күнде тыныштығы бұзылған халықтың жағдайы барлығымыздың да жанымызға батады.
Апатты жағдайда көз жұмып, қаза болғандардың отбасына, жақын туыстарына көңіл айтамыз. Алла бұл сынақты ел болып еңсеруімізді, қиындықтың артынан жеңілдік келуін нәсіп етсін.
Тек ақиқатты сөйлейтін Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Көмек - сабырдан кейін, қуаныш – қайғыдан кейін, ал жеңілдік – қиындықтан кейін келеді», - деген.
Сондықтан мойымайық. Отбасынан, үйінен, дүние-мүлкінен айырылғандарға Алла одан да жақсысын нәсіп етіп, ордасының қайта толуын, бір-бірінен көз жазып қалғандарға жақын-жуығымен аман-есен қауышуын тілейміз!