Руханият 2019-08-07 (0) (8075)

АЙТ НАМАЗЫНЫҢ ОҚЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ 16 ЕРЕЖЕ

АЙТ НАМАЗЫНЫҢ ОҚЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ 16 ЕРЕЖЕ

 

1. Айт намазына азан шақырылмайды және қамат айтылмайды.

2. Имам айт намазына тәкбір айтарда "Алла үшін айт намазын оқимын" деп ниет етеді. Ұюшы жамағат айт намазына және имамға ұюға ниет етеді.

3. Имам да, жамағат та "намаз ашу" дұғасын оқиды.

"Субханәкә" 

سُبْحَانَكَ اللَّهُمَّ وَ بِحَمْدِكَ وَ تَبَارَكَ اسْمُكَ وَ تَعَالَى جَدُّكَ وَ لاَ اِلاَهَ غَيْرُكَ

 «Субханәкә Аллаһумма уа  бихамдика уә тәбәрәкә-смука уә тә'ала жәддукә уә лә иләһә ғайрук»

Мағынасы: Уа, Аллаһым! Сені тәсбих етіп (күллі жаратылыс пен нұқсан атаулыдан) пәктеймін. Саған «хамд» айтып, мадақтаймын. Сенің қасиетті есімің аса мүбәрак. Және де сенің ұлылығың аса жоғары. Сенен басқа ешбір Құдай жоқ.

4. Имам және жамағат оған еріп үш тәкбір айтады. Имам тәкбірлерді айтқанда жамағат та оны айтып үлгеруі үшін арасында "Субханаллаһ уа әлхамдулиллаһи уа лә иләһә илләллаһу уаллаһу әкбар" сөзінің ұзақтығындай қысқа үзіліс жасайды. Бұл үш тәкбірдің кезінде имам да, жамағат та қолдарын көтереді. Букр ибн Сауаада:

"Омар ибн әл-Хаттаб жаназа намазы мен айт намаздарында әр тәкбірде қолдарын көтеретін", - деген. (Ән-Науауи)

5. Имам "ағузу" мен "бисмилләні" іштен айтып, "әл-Фатиха" мен қосымша сүрені дауыстап оқиды. Қосымша сүре бірінші рәкағатта "Әл-Ағлә" сүресі болуы сүннет. Нұғман ибн Башир (оған Алла разы болсын): "Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айт намаздары мен жұма намаздарында "Саббихисма раббикал-әғланы" және "Һәл әтака хадисул-ғшияны" оқитын. Жұма мен айт бір күнге қатар келіп қалса, екі намазда да сол екеуін оқитын", - деген. (Мүслім)

6. Кейін рүкүғ жасалады.

7. Сосын рүкүғтан көтеріледі.

8. Кейін екі сәжде жасалады.

9. Сосын жамағат имамға еріп, екінші рәкағатқа тұрады. Имам "бисмилләні" іштен айтып, "әл-Фатиха" мен қосымша сүрені оқиды. Қосымша сүре екінші рәкағатта "әл-Ғашия" сүресі болуы сүннет.

10 Имам да, жамағат та оған еріп, рүкүғтан бұрын үш тәкбір айтады (Аллаһу әкбар - қаз. Аллаһ ұлық). Сосын имам төртінші тәкбірді айтып рүкүғқа кетеді.

(Егер имам тәкбір санын бұдан асырып жіберсе, жамағат оның тәкбіріне еруін тоқтатпайды. Өйткені бұл мәселеге қатысты жеткен хадистерде тәкбір саны көп болса, оқасы жоқ.)

11. Сосын рүкүғтан көтеріледі.

12. Кейін екі сәжде атқарылады.

13. Сосын отырыс "ташаһһуд" орындалады, сәлем беріліп намаз аяқталады.

14. Айт намазынан кейін имам екі құтпа айтады. Құтпа тоғыз тәкбірмен басталады.

Әбу Са`иид әл-Худри: "Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ораза айты мен Құрбан айты күндері намаз оқылатын жерге қарай шығатын. Ең әуелі намаздан бастайтын. Сосын орнынан тұрып, жүзін адамдарға қарататын. Адамдар сап құраған орындарында отыратын. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оларға уағыз, насихат айтып, әмірлерін бұйыратын", - деп айтқан. (Бұхари)

15. Имам екі құтпаның арасында жеңіл отырыс жасайды. Сосын екінші құтпаны айтуға тұрады. Оны жеті тәкбірмен бастайды.

Убайдуллаһ ибн Абдулла ибн Утба: "Құрбан айт пен ораза айт күндерінің тәкбіріне тән сүннет - имам мінбеге көтеріліп, бірінші құтпаның алдында тоғыз тәкбір айтады. Тәкбірлердің араларын басқа сөзбен үзбей бірінен соң бірін айтады. Сосын құтба айтады". - деген. (Әл-Байһақи)

16. Имам бірінші құтпаның алдында тоғыз, екінші құтпаның алдында жеті тәкбір айтқанда жамағат та ішінен тәкбір айтады.

 

 

8075 рет оқылды