Руханият 2019-07-25 (0) (16410)

АЛЛАҒА ҒАНА СЫЙЫНУДЫҢ 20 АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

АЛЛАҒА ҒАНА СЫЙЫНУДЫҢ 20 АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

1.  АДАМЗАТТЫҢ ЖАРАТЫЛУЫНЫҢ НЕГІЗГІ МАҚСАТЫ – ҚҰЛШЫЛЫҚТЫ ТЕК АЛЛАҒА ҒАНА АРНАП, АЛЛАДАН ӨЗГЕГЕ СЫЙЫНУДАН БАС ТАРТУ

Себебі, Алла Тағала қасиетті Құранның «Зәрият» сүресінің 56-аятында: «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық ету үшін ғана жараттым», - деп, біздің жаратылудағы ең негізгі мақсатымызды айқындап берген.

Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінде Алла Тағала Ибраһимнің (а.с) басынан өткен мынадай бір керемет мысалды келтіреді:

Сол кездің патшасы Намруд Ибраһим пайғамбармен а.с тартысқа түседі. Ол сол кездегі бүкіл жер жүзіне үкімі жүріп отырған жалғыз патша еді. Тіпті, «Әлемді түгелге жуық билеген төрт үлкен патша болған. Соның бірі – Намруд» деген де дерек бар. Сол патша Ибраһиммен а.с: дауласады. Ибраһим:

-           Менің Раббым өмір беріп тірілтеді және өлтіреді, - дейді. Намруд шіміркпестен:

-           Мен де өлтіремін және тірілтемін, - деп жауап береді. Сонда Ибраһим:

-           Алла күнді шығыстан келтіреді, ал сен батыстан шығарып көрші, - дейді. Сонда әлгі патша не істерін білмей абдырап қалады.

Бұл керемет мысал Құрандағы «Бақара» сүресінің 258-аятында баян етілген.

Яғни Алла Тағала Ибраһим пайғамбардың басынан өткен осы оқиға арқылы бүкіл адамзат баласына ескерту жасап тұрғандай...

2. АЛЛАДАН ҒАНА СҰРАП ЖӘНЕ ОҒАН ҒАНА СЫЙЫНЫП, АЛЛАҒА ОРТҚА ҚОСУДАН АУЛАҚ БОЛҒАН АДАМНЫҢ ӨМІРІ БЕРЕКЕЛІ БОЛАДЫ ӘРІ АХЫРЕТТЕГІ СЫЙЫ ЕСЕПСІЗ .

Бұл туралы Алла Тағала «Нахл» сүресінің 97-аятында: «Ер немесе әйелден кім иманды болған күйде ізгі амал істесе, онда оны жақсы өмірмен жандандырамыз. Әрі олардың сыйын істеген амалдарынан артық етіп қайтарамыз», - деген. («Нахл» сүресі, 97-аят)

 

3. ЕШ НӘРСЕНІ ЖАРАТПАҒАН ӘРІ СӨНІП, БАТЫП КЕТЕТІН НӘРСЕЛЕР СЫЙЫНУҒА ЛАЙЫҚТЫ ЕМЕС.  СЫЙЫНУҒА ТЕК АЛЛА ҒАНА ЛАЙЫҚТЫ

 

Құрандағы мына бір керемет мысалға көз жүгіртіңізші:

Ибраһим (а.с) өз еліне тура жолды насихаттау үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданған. Соның бірі - бір күні ол өзінің қауымы секілді адасып жүргендердің, күн мен айға, пұтқа сенушілердің кейпіне енеді. Ол жұлдызды көріп:

-           Міне, мынау ғой менің Раббым! - дейді. Ал жұлдыз сөніп қалған кезде:

-           Жоқ болып кетті ғой, ол Құдай болса, жоғалмайтын еді, мен жоғалып кететін нәрселерді жақсы көрмеймін, - дейді. Кейін шығып келе жатқан айға қарап:

-           Осы менің Раббым! - дейді. Көп ұзамай ай да жоғалады, одан да үмітін үзеді. Шығып келе жатқан күнді көріп, оған да:

-           Міне, менің Раббым! Өзі үлкенірек екен! - дейді. Алайда күн де батады. Сол кезде Ибраһим (а.с):

«Әй, елім! Сендердің Аллаға серік етіп қосқандарыңа менің қатысым жоқ. Ақиқатында, мен аспандар мен жерді жасаған Аллаға жүзімді бұрдым әрі мен Аллаға серік қосушылардан емеспін» дейді. («Әнъам» сүресі, 76-78-аяттар)

Міне, осы бір мысал арқылы Алла Тағала Өзінің өлмейтін, Мәңгі Тірі Алла екенін, құлшылыққа, сыйынуға лайықты Өзі ғана екенін айқындап берген.

 

4. АЛЛА ТАҒАЛА ЖЕР БЕТІНЕ ТҮСІРГЕН БАРЛЫҚ ПАЙҒАМБАРЛАРДЫҢ НЕГІЗГІ МИССИЯСЫ МЕН МІНДЕТІ ЕҢ ӘУЕЛІ АЛЛАҒА ҒАНА ҚҰЛШЫЛЫҚ ЕТІП, ОДАН БАСҚАҒА СЫЙЫНУДАН БАС ТАРТУҒА ШАҚЫРУ ЕДІ.

 

Яғни Алла Тағала барлық пайғамбарларды ескертуші ретінде жіберді. Ал олар Алланың бірлігіне иман келтіруге және бір Аллаға ықыласпен құлшылық жасауға үндеді. Бұл барлық пайғамбарлардың дағуаттарының бастамасы, пайғамбарлық міндеттің негізгі мәні, өзегі еді. Бұл туралы Алла Тағала Құранда: «Расында әр үмметке «Аллаға ғана құлшылық қылыңдар, Одан өзгеге табынудан аулақ болыңдар» дейтін елші жібердік»

(«Нахл» сүресі, 36-аят)

«Әй, Мұхаммед! Біз сенен алдын бір Елші жіберсек, оған: «Менен басқа Құдай жоқ. Сондықтан Маған құлшылық етіңдер» деп уахи етпей тұрып жібермедік» («Әнбия» сүресі, 25-аят) – деген.

 

5. ПЕРІШТЕЛЕР ДЕ, ПАЙҒАМБАРЛАР ДА ТЕК ОСЫ МАҚСАТПЕН ҒАНА ЖЕРГЕ ТҮСКЕН

Алла Құранда: «Ол періштелерді рухпен (уахимен) Өз әмірімен, құлдарынан қалағандарына (пайғамбарларға): «Менен басқа ешбір құдай жоқ екенін ескертіңдер. Әрі Менен қорқып, сақтаныңдар (тақуалық етіңдер)», - деп түсіреді», - деген. («Нахл» сүресі, 2-аят)

 

6. МҰСЫЛМАННЫҢ ӨЗГЕЛЕРДІ ШАҚЫРАТЫН АМАЛДАРЫНЫҢ ЕҢ МАҢЫЗДЫСЫ ӘРІ АЛҒАШҚЫСЫ ОСЫ БОЛУЫ КЕРЕК

Пайғамбарымыз (ﷺ) адамзат баласына ақиқатты жеткізу жолында талай тер төкті, көп сынаққа ұшырады. Ол ﷺ кейде осындай маңызды іске өзінің көмекшілерін, яғни сахабаларды да жұмылдыратын. Сол оймен бір күні Му‘азды (р.а) Йеменге жібереді. Сапарға шықпас бұрын оны шақырып алып, Йемендегі халыққа ең алдымен Аллаға ғана құлшылық ету керектігін айт деп тапсырады:

Ол ﷺ Му‘азға:

«Расында, сен адамдардың ішіндегі Кітап түсірілген қауымға бара жатырсың. Оларды Алладан басқа Құдай жоқ екендігіне және менің  Алланың Елшісі екендігіме шақыр,  егер олар осыған бойұсынса, оларға Алла, күніне бес уақыт намаз орындауды  жүктегенін хабарла. Егер олар бұған да бойұсынса, онда оларға Алла араларындағы байларының кедейлерге садақа беруін міндеттегенін хабарла. Ал егер олар осыған да бойұсынса, онда олардың дүниелерінің ең қымбатына тиіспе (яғни зекет ретінде алма) және жәбір көргеннің қарғысынан сақтан (қорық), расында оны мен  Алланың арасында перде болмайды!» - деген. ( Бұхари, Муслим)

 

7. БАРЛЫҚ ПАЙҒАМБАРЛАРДЫҢ БАЛАЛАРЫНА АЙТҚАН ЕҢ МАҢЫЗДЫ ӨСИЕТІ  ДЕ АЛЛА ҒАНА СЫЙЫНУ ӘРІ ОҒАН СЕРІК ҚОСПАУ ЕДІ!

Бұған ең керемет мысалды біз мұсылманның жол бастаушысы болған қасиетті Құраннан табамыз. Құранда Йаъқуб пайғамбар өлім аузында жатып балаларына былай деп өсиет еткен еді:

«Әй, ұлдарым! Ақиқатында, Алла сендерге бұл дінді таңдады. Сондықтан сендер Аллаға берілгеннен басқа халде өлмеңдер (яғни тек мұсылман болған күйде ғана өліңдер)»

Осыдан соң Йаъқуб пайғамбар (а.с) өлім халінде жатса да, артындағы ұрпағының жағдайына (дініне) қатты алаңдап: «Менен кейін не нәрсеге құлшылық етесіңдер?» деп сұрайды. Сонда балалары: «Біз сенің Құдайыңа әрі аталарымыз Ибраһим, Исмаъил және Исхақтың құдайы – Жалғыз Құдайға құлшылық етеміз. Біз Оған бойұсынушымыз» деп жауап береді. («Бақара» сүресі, 132,133-аяттар)

Яғни осы аяттарды келтіре отыра Алла Тағала біздің ең бірінші ескеруіміз тиіс, ұрпағымызға аманаттауымыз тиіс маңызды нәрсе осы екенін ескертіп кетеді.

 

8. АЛЛАҒА ҒАНА ҚҰЛШЫЛЫҚ ЕТІП, ОҒАН СЕРІК ҚОСПАҒАН АДАМНЫҢ БАРЛЫҚ КҮНӘЛАРЫ КЕШІРІЛІП КЕТЕДІ!

 

Яғни Аллаға ғана құлшылық етіп, Оған серік қоспаған күйде дүниеден озған адамның барлық күнәлары кешіріледі!

Себебі, құдси хадисте Алла Тағала: «Кімде-кім күнә жасап және күнәларының көлемі бүкіл жерді жауып, бірақ Менен басқа ешкімге табынбай келген болса, онда Мен оны бүкіл күнәсын жабатын кешіріммен қарсы аламын», - деген. (Муслим)

Және тағы бір хадисте Алла Тағала: «Әй, адам баласы, егер де сен Маған жер мөлшеріне тең күнәмен келсең, содан кейін Маған ештеңені серік етпей (ортақ қоспай) жолықсаң, онда Мен саған міндетті түрде соның (күнәның) мөлшеріндей кешіріммен келемін", - деген. (Тирмизи)

 

 

9. ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ﷺ БӘДӘУИГЕ АЙТҚАН ӨСИЕТІ

 

Айша анамыз (р.а)  былай деген: «Бірде Пайғамбарға ﷺ бір бәдәуи келді де: «Иә, Алланың Елшісі, маған соңы әлбетте орындалатын екі амалды айтшы», - деп сұрады. Сонда Алла Елшісі  ﷺ: «Алладан басқа ешкімге құлшылық етпей өткен адам Жәннатқа кіреді, ал Алламен бірге тағы да басқаға құлшылық етіп өлген адам тозаққа түседі», - деді. (Муслим)

 

Бұл туралы мәшһүр хадистердің тағы бірінде былай делінген:

Бірде Алла Елшісі ﷺ көліктің үстінде, ал Муъаз оның артында отырған кезде ол ﷺ «Муъаз!» - деді. Муъаз: «Мен алдыңдамын және қызмет етуге бақыттымын!» - деді. Пайғамбар ﷺ тағы да: «Әй, Муъаз», - деді. Муъаз: «Мен алдыңдамын және қызмет етуге бақыттымын!» - деді. Бұл жай үш рет қайталанды. Сосын Пайғамбар ﷺ: «Егер құл шын жүрегімен «Алладан басқа Құдай жоқ және Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі» деп куәлік берсе, онда Алла оны Отқа (яғни тозаққа) харам етеді!» - деді. Муъаз: «Иә Алланың Елшісі, адамдарды қуандыру үшін бұны хабарлайын ба?» - деп сұрады. Сонда ол ﷺ: «Адамдар осыған ғана сенім артып қалады», - деді. Сондықтан Муъаз бұны бұл жайлы айтпауым күнә болады деп өлер алдында ғана хабарлаған. (Бұхари, Муслим)

 

10. АЛЛАНЫҢ ПЕНДЕЛЕРІНДЕГІ ХАҚЫСЫ – АДАМНЫҢ ОҒАН ОРТАҚ ҚОСПАУЫ

Бұл туралы сахаба Муаз ибн Жәбал (р.а) былай деген:

«Бір күні мен Пайғамбарымыздың ﷺ есегінің артында мінгесіп отырғанымда Пайғамбар ﷺ менен:

«Әй, Муаз! Алланың құлындағы хақыларын және құлдың Алладағы хақыларын білесің бе?» - деп сұрады. Мен: «Алла және Оның елшісі жақсы біледі» - дедім.

Ол ﷺ: «Алланың құлдағы хақысы – олардың Аллаға ешкімді серік етіп қоспай, тек Өзіне ғана құлшылық жасауында. Ал құлдың Алладағы хақысы –оған ортақ қоспаған құлдарын Өз мейірімімен кешіруі, жазаламауы», - деген. 

(Бұхари», Муслим)

 

11. ҚИЯМЕТТЕ ТАРАЗЫДАҒЫ ЕҢ АУЫР ТАРТАТЫН АМАЛ

Абдуллаһ ибн ‘Амр р.а Алла Елшісінің ﷺ былай деп айтқанын жеткізген:

«Қиямет күні бүкіл жаратылыстың көзінше менің үмметімнен бір адам шақырылады. Оның алдына өзінің күнәлары жазылған 99 кітап әкелінеді.  Содан кейін одан «Бұларды жоққа шығара аласың ба? Жазушы періштелер қандай да бір әділетсіздік жасап па?» деп сұралады. Ол бірден «Жоқ, барлығы рас. Мен өз күнәларымды, осының барлығын жасағанымды мойындаймын» дейді.  Сонда оған «Расында сенің бір қайырлы амалың бар, міне, дәл сол амалың үшін бүгін саған әділетсіздік етілмейді», - делінеді. Содан кейін күнә жазылған 99 кітаптың жанына «Алладан басқа сыйынуға лайықты Құдай жоқ және Мұхаммед – Оның елшісі» деген сөз жазылған бір қағаз әкелінеді. Әлгі құл шошып, «99 кітаптың жанында бұл қағаздың салмағы да жоқ қой» дейді. Алла оған «Бүгін саған титтей де әділетсіздік жасамаймыз» дейді де, 99 кітапты таразының бір жағына, ал әлгі «Алладан басқа сыйынуға лайықты Құдай жоқ және Мұхаммед – Оның елшісі» деген сөз жазылған қағазды таразының екінші жағына қойғанда, таразының қағаз тұрған жағы ауыр тартады. Бұл - «Алладан басқа сыйынуға лайықты Құдай жоқ және Мұхаммед – Оның елшісі» деген сенімді басқа ештеңенің басып озып алмайтынының айқын көрінісі.

(Тирмизи, Ибн Мәжаһ, Ахмад, әл-Хаким)

Әбу Сағид әл-Худриден жеткен хадисте Алланың Елшісі ﷺ былай деген: "Мұса пайғамбар: Иә Раббым, мені, Сені мадақтап еске алатын нәрсеге үйрет және сол арқылы дұға етіп жалбырынатын болайын, - деген. Сонда Алла: Иә, Мұса, Алладан басқа құдай жоқ деп айт,— деді. Мұса: Иә Раббым, бүкіл құлдарың осыны айтады, - деді. Алла: «Иә, Мұса, егер де жеті аспан және оның тұрғындары (адамзат, жындар, періштелер) әрі жеті жер таразының бір табағында, ал " Лә иләһа иллә Аллаһ" (Алладан басқа Құдай жоқ) таразы табағының екіншісінде болса, онда "Лә иләһа иллә Аллаһ" оларды басып түседі", - деген.

(Ибн Хиббан, әл-Хәким)

 

12. ЖЕР БЕТІНДЕГІ КҮНӘЛАРДЫҢ ЕҢ АУЫРЫ

Алла өзіне серік қосқанды кешірмейді. Ал одан өзге күнәларды қалағанына кешіреді. Кімде-кім Аллаға бір нәрсені серік етсе, ол үлкен күнәны ойдан құрастырған болады.

(«Ниса» сүресі, 48-аят)

Егер адам Аллаға серік қосқан күйде дүниеден өтіп кетсе, оның күнәлары кешірілмей, тозаққа тасталады. Ал егер райынан қайтса, тәбе етсе, онда Алла қалаған пендесінің тәубесін қабыл етеді. Ол ерекше Мейірімді, өте Кешірімді және Тәубелерді қабыл етуші.

 

13. НҰХ ПАЙҒАМБАР ДА БАЛАСЫНА ОСЫНЫ ӨСИЕТ ЕТКЕН!

Нұх пайғамбар (а.с) өлім аузында жатқан кезінде баласын шақырып алып, оған алтыннан қымбат мына сөздерді айтқан еді:

«Балам, саған екі нәрсені жасауды бұйырамын және сені екі нәрседен тыямын.

Бірінші:

Егер жеті қабат аспан мен оның тұрғындары (адамдар, жындар, періштелер) әрі жеті жер таразының бір табағында, ал " Лә иләһа иллә Аллаһ" (Алладан басқа сыйынуға лайықты Құдай жоқ) таразының екінші табағында болса, онда сөзсіз "Лә иләһа иллә Аллаһ" оларды басып түсер еді. Сондықтан күнде «Лә иләәһә иллә Аллаһ» ( Алладан басқа сыйынуға лайықты Құдай жоқ) деген сөзді айтып жүр.

Екінші:

Айтылуы оңай болғанымен, таразыда ауыр болған «СубханАллаһи уә бихамдиһи» (Алла Тағала кемшілік атаулыдан пәк және барлық мадақ Аллаға тән) сөзін де жадыңнан шығарма.

Үшінші:

Құдайдан өзге нәрседен медет тілеп кетуден сақтан.

Төртінші:

Тәкаппарлық пен менмендіктен аулақ бол»

(Ахмад, Бұхари, Байхақи)

 

14. ЛҰҚМАН ХАКІМНІҢ ҰЛЫНА АЙТҚАН ЕҢ БІРІНШІ ӨСИЕТІ !

Қасиетті Құранның «Лұқман» сүресінде Лұқман хакімнің ұлына айтқан 9 өсиеті баяндалады. Алладан даналық пен ақыл берілген Лұқман ұлына:

«Әй, ұлым, кішкентайым! Аллаға серік қоспа. Өйткені, серік қосу – өте үлкен әділетсіздік», - деп насихат айтқан еді. («Лұқман» сүресі, 13-аят)

 

15. БҰЛ - БҮКІЛ ПАЙҒАМБАРЛАРДЫҢ ЕҢ БАСТЫ ДҰҒАСЫ!

 

Алланың ең сүйіктісі (халилі) болған Ибраһим пайғамбар (а.с) былай деп дұға жасаған: "Раббым, осы қаланы қауіпсіз ет, мені және балаларымды пұттарға табынудан аулақ ет» («Ибраһим» сүресі, 35-аят)

 

16.  АЛЛАҒА ҒАНА СЫЙЫНЫП, ОҒАН ОРТАҚ ҚОСПАҒАН АДАМ ТІРІ КЕЗІНДЕ ШАПАҒАТ ЕТУ МӘРТЕБЕСІНЕ ИЕ БОЛАДЫ

 

Иә, Аллаға серік қоспай, Оған ғана құлшылық етуші адам өзінің қайтыс болған бауырына шапағатшы болуға мүмкіндік алады. Шапағатшы болу бақыты ешқандай пайғамбарларға емес, тек соңғы елші Мұхаммед пайғамбарымызға ﷺ ғана берілген нығмет екенін ескерсек, мұндай бақыттың Аллаға ғана құлшылық еткен пендеге нәсіп болуы – бұл амалдың Алла алдындағы дәрежесінің, қадірінің қаншалықты биік екенін көрсетеді емес пе?

Алла Елшісі  ﷺ: «Егер кез-келген мұсылман қаза тауып, оның жаназа намазына Алладан басқа ешнәрсеге құлшылық етпеген қырық адам қатысатын болса, онда олардың шапағаты (болысуы) қабыл болады», - деген.  (Муслим) Бұл не деген зор мүмкіндік, не деген үлкен бақыт десеңізші?!

 

17. БҰЛ - ТАБЫСҚА ЖЕТУДІҢ НЕГІЗГІ КІЛТІ!

Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз халқына ең бірінші осы нәрсені айтқан еді. Ол ﷺ: ”Уа, адамдар! «Алладан басқа құлшылыққа лайықты Құдай жоқ» деп айтыңдар, сонда табысқа жетесіңдер!” – деген.

(Ибн Әби Шәйба, Ибн Хузайма, Ибн Хиббан)

 

18. ҚАСИЕТТІ ҚҰРАННЫҢ ТҮСКЕНДЕГІ НЕГІЗГІ МАҚСАТЫ ДА ОСЫ!

Адамдар бірқұдайшылықты ұстанулары үшін және көпқұдайшылықтан қайтулары үшін ғана Алла Тағала Өзінің Кітабын, яғни Құранды түсірді.

Бұл туралы Алла сол Құранда: «Әлиф. Ләм. Ра. Бұл - аса Дана, толық Хабардар тарапынан ашық баян етілген, сонсоң түсіндірілген бір Кітап. Сендер Алладан басқа ешкімге құлшылық қылмауларың үшін», - деген. («Һуд» сүресі, 1,2-аяттар)

 

19.  ДҮНИЕДЕН ОЗАТЫН АДАМНЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ ОСЫ БОЛУЫ ТИІС ӘРІ КІМГЕ БҰЛ СӨЗДІ АЙТУ НӘСІП БОЛСА, ОЛ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ЖӘННАТТЫҚ БОЛАДЫ.

Иә, хадисте: «Соңғы сөзі “Алладан басқа сыйынуға лайықты Тәңір жоқ” болған адам Жәннатқа кіреді», - делінген. (Әбу Дәуд)

Сахаба  Му’аз (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінің ﷺ  былай деп айтатынын жеткізген:

«Кімнің соңғы сөзі «Алладан басқа сыйынуға лайықты ешбір Тәңір жоқ» болып, сол сенімде дүниеден өтсе, ол сөзсіз Жәннатқа кіреді»

(Ахмад, Әбу Дәуд)

Алайда, мұны «күнә жасап жүре берейін, кейін өлетін кезде осы сөзді айта салып Жәннатқа кіре саламын ғой» деп түсінбеген абзал. Адам қалай өмір сүрсе, солай өледі. Алла Тағала – Әділ. Ол мұндай мүмкіндікті Өзінің таңдаған, Өзі разы болған құлдарына ғана нәсіп етеді. Кей адамдардың біліп тұрса да, осы сөзді айта алмай қиналып жататыны – соның айғағы. Тәубе жасап үлгере алмай, күнә арқалап жүрген адамның жақсы өліммен өлуі мүмкін емес. Губканы (әлгі сіңіргіш матаны) суға малған адам оны сыққанда май шығармайды, су шығарады. Сіз оны суға салып алып, май күтпейсіз ғой, солай ма? Дәл сол секілді кәлиманы айтып өлу үшін кәлиманың шарттарына сай өмір сүру керек.

 

20. АЛЛА ТАҒАЛА АДАМНАН ОЛ БІРҚҰДАЙШЫЛЫҚТЫ ҰСТАНБАЙЫНША, ОНЫҢ ЖАҚСЫ АМАЛДАРЫН ҚАБЫЛ ЕТПЕЙДІ.

Бұл туралы Мейірімді Алланың Өзі Құранда бәрімізге былай деп ескерту жасаған:  «Негізінде, олардың садақаларының қабыл етілуіне, олардың Аллаға және Оның елшісіне күпірлік етулері (жүрекпен сенбеулері) әрі намазға жалқауланып келулері мен садақаларын еріксіз түрде жұмсаулары кедергі болды» («Тәубе» сүресі, 54-аят)

Демек, бұл адам Алладан басқа құлшылыққа лайықты Құдай жоқ екенін біліп, оны жүрекпен бекітіп, соған сай өмір сүрмесе, бірқұдайшылықтың мәнін түсініп, оны ұстанбаса, онда Алла Тағала оның кешірім тілеуін қабыл етпейді дегенді білдіреді.

Қарапайым ғана мысал, Пайғамбарымыздың ﷺ атасы Абдумутталиб Пайғамбарымызға  ﷺ өте көп көмегі тиген, оған көп жақсылық жасаған кісі еді. Ол Пайғамбарымызды ﷺ жамандықтан қорғауға, оған жаман сөз келтірмеуге барын салатын. Пайғамбарымыз ﷺ ол кісіден “Алладан басқа сыйынуға лайықты Тәңір жоқ және Мұхаммед Оның елшісі” деп куәлік етші» деп өтінген еді. Алайда, ол «ата-бабамның дінінен қайтпаймын» деп сол күйі дүниеден өтіп кетті. Яғни адам қанша жерден жақсы амал жасаса да, жүрегінде бірқұдайшылық болмаса, оның амалы зая кетті дегенге саяды.

Алла қасиетті Құранның «Зумәр» сүресінде: «Аллаға біреуді серік етіп қоссаң, амалың жойылып кетеді...» - деген. Және осы аяттың жалғасында: «Сен Аллаға ғана құлшылық ет әрі шүкір етушілерден бол» деп ескертеді. («Зумәр» сүресі, 65,66-аяттар)

 Демек, бұл дүниеде де, Ақыретте де бақытқа жетіп, мәңгілік, түгесілмейтін игіліктің дәмін татқысы келген адам жүрегіне, өзінің амалдарына мән беріп, кез келген жағдайда Аллаға ортақ қосып қоймауға барын салуы керек екен.

 

Сөзімізді қорытындылай келе, «Аллаға ғана құлшылық ету» деген ұлы амалды қысқаша түрде былай деп түсіндіреміз:

«Аллаға ғана құлшылық ету» дегеніміз -

  Жаратушымыз Алланың хақысы;

  адамдар мен жындардың жаратылу мақсаты;

  барлық пайғамбарлардың адамдарға жіберілу мақсаты;

  барлық адамдарға бұйырылған ең бірінші және ең ұлы парыз;

  мұсылман болудың, Алланың құлы болудың шарты;

  Құрандағы ең алғашқы бұйрық;

  кез-келген жақсы амалдардың қабыл болу шарты;

  ақыретте таразыға тартылатын ең ауыр іс;

  күнәлардың кешірілуіне себеп болатын ең ұлы амал;

  тозақтан құтылып, Жәннатқа кірудің жалғыз себебі, кілті!

Ендеше, Алла бізді тура жолға салып, Өзіне ғана құлшылық еткен ықыласты құлдарынан болуымызды нәсіп етсін! Әмин!

16410 рет оқылды