Руханият 2019-06-14 (0) (9986)

РАМАЗАНДАҒЫ ОРАЗАНЫҢ ҚАБЫЛ БОЛҒАНЫНЫҢ БЕЛГІСІ

 РАМАЗАНДАҒЫ ОРАЗАНЫҢ ҚАБЫЛ БОЛҒАНЫНЫҢ БЕЛГІСІ

 

Мінеки қимасақ та Рамазан айымен қоштастық. Көпшілік мұсылмандар Алла Тағаланың рахымымен осы ұлы айда құлшылық-ғибадат жасауда өте зор ынта танытты. Мешіттер тіпті таң намазында да толы болып, жомарттықта, харамнан тыйылуда, көркем мінез танытуда т.с.с. игі нәрселердің барлығында адамдар ерекше ыждағаттылықпен атқарғанына да куә болдық. 

 

​Тіпті бұрын құлшылыққа  құлық танытпай жүрген кей таныстар осы ұлы айда ораза ұстап, намаз оқыды. Бірақ, өкінішке орай, осы берекелі ай өтісімен мешіттер босай бастады. Адамдардың көбі игілікке ұмтылудағы және күнәдан тыйылудағы жігер мен ынтасын жоғалтты. Осы айда намазын түгендеп, иманын бүтіндей бастағандардың  көбісі баяғы жартас сол жартас.

 

​Әлгі той біте салысымен "Әй, өзіміз бір шәй ішейікші, шақырыңдар анау келіндердің бәрін" деп бір үлкен іс бітіргендігімізді алға тартып марқайып, арқаны кеңге салатынымыз бар емес пе. Сол қасиетіміз шайтанның шап беретін жері болса керек. Неге дейсіз бе? Өйткені құлшылығымыздың қабыл болған, болмағаны тек Аллаға ғана аян әрі Аллаға аз болса да үздіксіз орындалатын амал сүйіктірек. Сондықтан Рамазан аяқтала салысымен мұсылманның бойынан табылатын бірінші әдеп ол, Алладан кешірім сұрау.

 

Алладан кешірім сұрау

 

         Рамазан аяқталды, енді осы айда жасаған құлшылығымыз қабыл болуы үшін Алладан кешірім сұрауымыз керек. Себебі Алла Тағала Өзінің елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Пайғамбарлығы аяқталып, дүниеден озар сәті таяғанда кешірім сұрауды бұйырды. Алла Тағаладан ең соңғы уаxи болған аяттардың бірі насыр сүресінде:

«Енді Раббыңды мақтай дәріптеп, Одан жарылқау тіле. Негізінен Алла, тәубені қабыл етуші»,-деді.  («Насыр» сүресі, 3-аят).

Осы насыр сүресі түскеннен соң Айша анамыз         (оған Алланың ризашылығы болсын) былай деді:

"Қайтыс болар алдында Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жиі: «Аллаға мақтау және Оған мадақ, Алладан кешірім сұрап, Оған тәубе келтіремін!»,-деп айтумен болды.  /Субхана-Ллаһи уа би-хамди-һи, астағфиру-Ллаһа уа атубу иләй-һи!/ (Бұхари, Муслим).

 

Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен тағы бір хадисте Саубан (оған Алланың ризашылығы болсын) былай деді:

"Намазды оқып болысымен, Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алладан үш рет кешірім сұрап, сосын үш рет: «Иә Алла, Сен – Сәлемсің (Бейбітсің), және Сенен – сәлем (бейбітшілік) және Сен тәбәрәксің, иә ұлылық және жомарттық Иесі!» /Анта-с-Саләму ва мин-кә-с-салә-му, табаракта, йа За-ль-джаляли уа-ль-икрами!/, - деп айтатын.

Бұл хадисті жеткізушілердің бірі ал-Аузаъидан: «Алладан кешірімді қалай сұрау керек?», - деп сұрағанда, ол: «Алладан кешірім сұраймын, Алладан кешірім сұраймын, деп айт» /Астағфиру-Ллаһ, астағфиру-Ллаһ/, - деді. (Муслим.)

 

Рамазанда тастаған күнәларыңызды қайтып бастамауға бар жігеріңізді салу

 

         Рамазанда күнәні тастап, біткеннен кейін күнәні қайта бастаған адам моншадан шыға салысымен батпаққа түскен адам сияқты.

Хафиз Ибн Ражаб сондай-ақ былай деген: “Рамазан айында ораза ұстау нығметінен кейін күнә жасаған адам - бұл Алланың мейірімін  Оның азабына ауыстырған адам!”

Абдуррахман Ас-Сағди: "Кім рамазанның басында белсенді болып, ал соңында құлшылықта немқұрайлылық танытса, ол бидайды егіп, суғарып, кейін пісіп тұрған өнімді ормай тастап кеткен адам сияқты болады",- деген екен.

 Хафиз Ибн Ражаб тағы бір сөзінде: “Рамазан айында ораза ұстау нығметіне одан кейін күнә жасауды қарама-қарсы қоюға қатысты айтар болсақ, бұл Аллаһтың мейірімін қайырымсыздыққа, ашуына ауыстырған адамның амалдарынан!”,-деген. (“әл-Ләтаиф” 398).

Алла бізді осындайлардың қатарынан болудан сақтасын!

 

Құлшылықта тұрақтылық танытыңыз

 

​Құлшылықтың қабыл болғанын тек Алла ғана біледі.  Дегенмен ғалымдар құлшылықтың қабыл болуының белгілері бар деген. Мәселен Рамазандағы құлшылықтардың қабыл болуының белгісі адамның Рамазаннан кейінгі құлшылықтарының сапасы арта түседі.

 

Бірде Бишр әл-Хафиге: «Ақиқатында, тек Рамазан айында ғана құлшылықта ынта танытатын адамдар бар», - деп айтылғанда, ол: “Алланы тек Рамазанда ғана еске түсіретін халық нашар! Ақиқатында, ізгі адам – жыл бойы ынта танытатын адам!» (“әл-Ләтаиф” 396).

 

Рамазандағы оразаңыздың қабыл болуының белгісі

 

Ғұлама Хафиз ибн Раджәб (оған Алланың ризашылығы болсын) оразаның қабыл болуы туралы былай деген екен:

"Адамның Рамазандағы оразасының қабыл болуының көптеген белгілерінің бірі ол адам Рамазан аяқталғаннан кейін құлшылығын нәпіл оразалармен жалғастырады. Өйткені егер Алла бір құлдың құлшылығын қабыл еткен болса, Ол оған ғибадаты мен игі істерін әрі қарай орындауға жәрдемдеседі"

 [«Лятаиф аль-ма’ариф», 221]

Бірақ, соған қарамастан, Алланы Рамазан айында еске түсіретіндер бәрібір Алланы мүлде еске алмайтындардан, Оған Рамазанда да, басқа кездерде де құлшылық етпейтіндерден жақсырақ. 

Алла Тағала уақыттың кейбір мерзімдерін, күндерді және айларды ардақтағаны әрі оларда жасалатын игі амалдар басқа уақыттарға қарағанда Алла үшін ұнамдырақ және сүйіктірек болатынында күмән жоқ. Әрі Алла мұны Өз құлдарын белсенді ету үшін жасады. Алайда мұны «Басқа кездерде Алланы ұмыту, күнәлар мен бұзақылықтарға оралу, парыз-уәжіптерді орындауда салғырттық таныту керек» деп түсінуге болмайды! Жоқ! Осы ардақты уақыттар, соның ішінде ұлы Рамазан айы да Алланың құлына нәсіп еткен белсенділікті одан кейінгі уақыттарда да ұстауына себепкер болуы керек. Мұның үстіне, құлшылық пен игілікте орташыл болып, тұрақтылық таныту, белгілі бір мерзімде ғана ынта танытып, кейін оны тастап кетуден жақсырақ. Айшадан (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Расында, Алла үшін ең сүйікті істер – бұл тұрақты түрде орындалатындары, тіпті олар аз болса да!» 

Ал Айша (Алла оған разы болсын) өзі былай деген: “Егер Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үй-іші қандай да бір амалдарды орындайтын болса, олар оны кейін тастамайтын”. (Мүслим 782)

Әлқама былай деп баяндайтын: “Мен Айшадан: «Уа, мүміндердің анасы, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) амалдары қандай болатын? Ол қандай да бір күндерді ерекшелейтін бе?», - деп сұрадым. Ол: «Жоқ, оның амалдары тұрақты болатын. Бірақ сендерден кім Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жасай алатынды жасай алмақ?!», - деп жауап берді”. (Мүслим 783.)

Осы шарапатты хадисте өмірін Алла Тағалаға ықыласпенқұлшылық етумен өткізетін адамның ұлы жетістікке жететініне нұсқау бар.

Әш-Шәғбиден: «(Құлшылықта ынта таныту үшін) қайсы ай жақсырақ: ережеп пе (ражаб), шағбан ба?», - деп сұрағанда, ол: «Аллаға әркез құлшылық етуші бол, әрі «шағбаншыл» болма!», - деп жауап берген екен.  (“әл-Ләтаиф” 396)

Ендеше, біз де, уа, Алланың құлдары, «рамазаншыл» ғана болмай, осы ұлы айда қол жеткізген қайрат пен жігерімізді қалған өмірімізді де Ұлы және Аса Құдіретті Раббымызға құлшылықта және мойынсұнушылықта өткізу үшін пайдаланайық!

Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде:

"Иман келтіргендердің жүректері Алланың зікіріне (Құранға) жұмсап әрі түскен хақиқатқа жібімей ме? Ал енді бұрын өздеріне кітап беріліп, сосын ұзын мерзім өткендіктен жүректері қатайғандар сияқты болмаңдар. Олардың көбі бұзақылар",- деген. («Хадид» сүресі, 16-аят)

    «Раббыңа саған өлім келгенге дейін құлшылық қыл» («Хижир» сүресі, 99-аят).

Абдуллаһ бин Амр бин аль-Ас (Екеуіне де Алла разы болсын) ол былай деді:

Бірде Алла елшісі маған: «Иә, Абдуллаһ, алғашында түнде намаз оқып, соңынан онысын қойғандар секілді болма» – деді.

 

Құлшылығын үзбей орындаушы құлшылық етпеген күндерінде де сауап алады

 

Омар бин аль-Хаттаб (оған Алла разы болсын) ол Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізді:

"Кімде-кім әдетінше түнде оқитынының бәрін, не бір бөлігін оқи алмай ұйықтап кетсе, бірақ онысын (алдағы күннің) таң намазы мен бесін намазының арасында оқып шықса, онда оның бұл амалы түнде жасаған ретінде жазылады." (Муслим)

Абу Айиуб (оған Алла разы болсын) ол Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізді:

"Рамазан айында ораза ұстап оған шәууәлдің алты күнін қосса, онда ол үздіксіз ораза ұстағандай болады". (Муслим)

Сағд ибн Әбу Уаққас былай деп айтқан: «Егер адам Құран оқуды түннің әуелгі бөлігінде аяқтаса, онда періштелер ол үшін таң атқанша дұға етеді, ал егер де ол Құран оқуды түннің ақырғы бөлігінде бітірсе, онда періштелер ол үшін кешке дейін дұғада болады» (Ахмад, әд-Дәрими. Хасан хабар. Қараңыз: “әл-Әзкар” 136).

Сәбит әл-Бунани былай деп айтатын: «Әнас ибн Мәлик Құранды түгелдей оқып аяқтаған кезде, бала-шағасы мен отбасы мүшелерін жинап, Аллаға дұға ететін еді» (әд-Дәрими 2/469, Са’ид ибн Мансур 1/140. Имам ән-Нәуауи, хафиз Ибн Хажар және шейх әл-Әлбани иснадтың сенімділігін растаған).

Ибн Утайба былай деген: «Бірде Мужаһид пен Абда ибн Әбу Любаба мені (кісі жіберіп) шақыртып алды. Мен оларға келгенімде, олар маған: «Расында, біз сені шақырған себебіміз, Құранды тилауат етуді (оқуды) аяқтап жатқан едік. Ал Құран оқудың соңында жасалған дұға қабыл болады»,- деді» (Ибн Әбу Дәуд. Имам ән-Нәуауи иснадын сахих деп атаған. Қараңыз: “әл-Әзкар” 119).

 

Қасиетті айда қол жеткізген рухани жетістікті сақтап қалу

 

Биылғы Рамазаннан не үйрендік? Соны ой елегінен өткізіп алудың маңызы зор. Себебі, бұл айда үйренген  тәлімімізді өзге айларда да жетілдіре жалғастыруымыз қажет. Мысалы, Рамазан айында көп адамдар темекі шегуден тыйылды. Сол Рамазан айындағы сабырмен тағы аздаған уақыт шыдап беретін болса есесіне, рак ауруының келіп шығыуына тосқауыл қоя алады. Бір қорап темекінің бағасы орташа есеппен алғанда, 500 теңге көлемінде, егер, ол кісі темекі сатып алмайтын болса, жылына шамамен 200 мыңдай теңгені үнемдейді. Бұл қаражатқа сауынды сыйыр алып, табиғи сүттен дәм татқанға не жетсін? немесе, технология кең құлаш жайған заманымызда брендке айналған «айфон 7» ұялы телефонына қол жеткізугі болады. Әрине ұялы телефонның зияны жоқ деп айтпаймыз, дегенмен, жөнімен қоланар болсақ, темекіге қарағанда зияны әлде қайда төмен.

 

Рамазан айында көзімізді, құлағымызды, тілімізді, бүкіл дене мүшелерімізді күнәдан тыюға тырысамыз, «оразаны бұзатын істер жасап қоймайын, Алла көріп тұр ғой» деп, өзімізді жөнге салып отырамыз. Ал,енді бізді рамазан айында көріп тұрған Алла, өзге айларда да дәл солай көріп тұрғанын қаперімізде ұстайық. Күнәдан өзімізді таза ұстасақ, қол-аяғымызды күнәлі істерге жүргізбесек, бұл біздің Рамазан айынан құралақан шықпағанымызды көрсетеді. Күзде ағаштардан жапырақтар төгілгені сияқты, Рамазан айынан пенденің күнәлары төгіліп шығуы өзінің іс-әрекеттеріне байланысты болмақ.  Рамазан айында болған өміріміздегі жағымды өзгерістер тұрақтылық тауып, баянды болуына,Рамазанда үйренген тәлімдеріміздің әсері екенін жадымызда сақтасақ, Алла қаласа, Рамазан рұхынан айырылмай, өмірімізді өзгерту мүмкіндігі бар.

 

 

9986 рет оқылды