07:50 | Жұма мүбәрак
2017-04-07 (0) (17888)

ҮНДЕМЕУДІҢ СІЗГЕ СЫЙЛАЙТЫН ТӨРТ СҮЙІНШІСІ

ҮНДЕМЕУДІҢ СІЗГЕ СЫЙЛАЙТЫН ТӨРТ СҮЙІНШІСІ

 

Әдемі сөйлеп үйрену – өнер, ал, керісінше, үндемеуді үйрену – тіптен үлкен өнер. Қажет кезде үндемей қалу сондай қиын! Алайда, үндемей жүрудің сізге сыйлайтын мынадай төрт даналығын біле жүріңіз.

 

Ашулы кезде үндемеу – үлкен даналық!

 

Ашуланбайтын адам жоқ, бәрі ашуланады. Дінімізде ашуланбау емес, ашуды жеңу талап етілген. Дініміздің әмірлеріне бағынып, тыйымдарынан сақтанған адам ашуын жеңеді, сабырға қол жеткізеді. Келісесіз ғой, ашуын дер кезінде ұстай білетін, лайықты орында ғана ашуға берілетін мұсылмандарды кездестіру қиын-ақ. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Күрескенде жыққан адам мықты емес, ашуы келгенде өзін ұстай алған адам мықты» (Бұхари, Муслим) деді. Және тағы бір хадисінде мұны қайта-қайта ескертеді: «Егер ашулансаң, үндеме. Егер ашулансаң, үндеме. Егер ашулансаң, үндеме» (Ахмад). – Ибн Раджаб (оған Алланың рақымы болсын) осы хадиске байланысты: «Бұл ашуға қарсы ұлы дәрі. Себебі, мұндайда ашуланшақ адамның аузынан кейін өкінетін көптеген балағат сөздер шығып кетеді және оның зияны да өте қатерлі. Ал егер, ол ашу кезінде үнсіздік сақтаса, бұл зұлымдықтың бәрі оған жоламайды» деген.«Бірде Әбу Дарда (оған Алла разы болсын): «Уа, Алла Елшісі, маған Жәннатқа жетелейтін бір амал көрсетші» дейді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ашуланба, сонда саған Жәннат болады» деген екен» (Табарани). Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір жолын көбірек оқыңыз. Сондағана болмашы нәрселерге тез ашулана бермейтін, ашуланған жағдайда да ашуын сабырмен баса алатын адамға айналасыз. Ең бастысы, ашулы кезде үндемеу арқылы нәпсіңіздің жетегінде кетпей, өзіңізді жігерлілікке, көркем мінезділікке тәрбиелеуді үйрене аласыз.

Сіздің жүрегіңізді ризыққа толтытартын сүйінші хабар айтайын ба? Тағы да үндемеңіз. Үндемегеніңіз үшін Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына асыл сөздерімен сүйіншілейді: «Кім Исламдағы бауырына деген ашуын ұстай білсе, Алла Тағала оның кемшіліктерін жасырады және кімде-кім ашуын төккісі келгенде өзін баса білсе, Алла Тағала Қияметте оның жүрегін ризалықпен толтырады» (Табарани).

 

Өзгені үндемей тыңдай білу – мәдениеттілік!

 

Басқаны тыңдай білу – үлкен өнегелік. Тіпті өзіңнің айтылғанмен келіспеушілігің бола тұра, қарсыласыңды соңына дейін тыңдап шығу тәрбиелілік нышандарының бірі. Кісімен сөйлескенде оның жүзіне сыпайылықпен назар сап, айтайын деген ойын сабырмен тыңдап, асықпай, үндемей сөзінің аяғын күткен дұрыс. Ғұлама Имам Шафиғидың:«Маған кейде бір адам бір мəселе жайлы айтады. Мен оны ол дүниеге келместен бұрын естіп қойсам да оған құлақ саламын. Кейде, бірінші рет естіп тұрғандай күй көрсетемін» деген даналығы бар. Сөзге құлақ қойып, тыңдай білуге де дағды керек. Хәкім Абай ақылды сөзді кімнің қалай ұғатыны туралы былай деген: «Қарны тоқ аса маңғаз ұқпас сөзді, сөзді ұғар көкірегі болса көзді». Кісіні тыңдай білу де – үлкен мәдениеттілік. Адамның аузы біреу, құлағы екеу болғандықтан, көп тыңдай білу керек. Сөйлей білу қаншалықты қажет болса, үндемей тыңдай білу де сонша керек. Бір ғұлама:«Өмір маған адамдарды әдемі, тартымды сөздермен баурап алуды ғана емес, көп сөйлей бермей, олардың сөздеріне құлақ сала білуді, осылайша жүректерін жаулап алуды үйретті. Өзгелерді тыңдай білу шеберлігі оларды бізбен болған отырыстарында бақытты етеді» деген. Ендеше өзгені де үндемей тыңдай біліңіз, бақытқа бөленіңіз.

 

Егер сізді біреу орынсыз ғайбаттаса, үндемей, ұтыңыз!

 

Тағы да үндемеңіз. Құдыққа тас тастаған адам көбінесе түбіне барып түскен даусы естілгенше қарап тұрады. Сол секілді сізді орынсыз сөккен адамның көбісі жауабыңызды күтеді. Ұстамдылықпен көркем мінез танытыңыз да, өткізіп жіберіңіз. Құдық түпсіз екен деп ойласын.Бір кісі Хасан әл-Басриге: «О, Хасан, пәлен деген кісі сен туралы ғайбат айтты» дейді. Сонда Хасан әл-Басри ғайбат айтқан адамға ыдыс толы құрма беріп жібереді де: «Сенің маған сауапты істеріңді сыйға тартқаныңды естідім, сондықтан да, саған алғыс айтқым келді» деген екен. Өзінің тақуалығымен, шыншылдығымен танылған Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) жиі-жиі тілін қолымен ұстап тартатын. Хазіреті Омар (оған Алла разы болсын) мұның сырын сұрағанда: «Бұл  – маған қауіп төндіреді» деп жауап береді. Иә, тілді дұрыс қолдана білсеңіз жақсылығын береді, орынсыз қолдансаңыз соның азабын ғана тартасыз. Егер сізді біреудің орынсыз айыптап, ғайбаттағанын естісеңіз, оған мән бермеңіз. Үндемеңіз. Кей-кейде «Үндемеу де – жауап!» (Ибн Хиббан).Себебі, «Ол қандай сөз айтпасын, оның жанында дайын тұрған бақылаушы бар». («Қаф» сүресі, 18-аят).

 

Ұрыс-керіс кезінде үндемей үлгі болыңыз!

 

Айналаңыз мағынасыз сөйлей бастаса, сіз оларға үндемей үлгі болыңыз. Ұрыс-керіс кезінде біреудің көңіліне тиетіндей ауыр сөз айтпаңыз. Ұрыс-керіс кез-келген адамның өмірінде орын алады. Әсіресе, ерлі-зайыптылар арасында кикілжіңдер туындап тұратыны заңды құбылыс. Ара арасында сөзге келіп қалуы мүмкін. Мұндайда сіз бірінші болып үнсіздік танытыңыз. Кейін татуласып кетерсіздер, бірақ айтылған сөз адамның көкейінде ұзақ уақыт сақталады. Үндемеудің даналығын мына ғибратты оқиғадан тереңірек білейік. Данагөй қарттан тәлім алуға келген жас жігіт: – Ақсақал, маған тапсырма беріңізші, – деді. – Үндеме! – Түсінбедім. – Тапсырма сондай. Үндеме! Бір тәулік бойы жақ ашпа. – Жарайды, жай ғана үндемей жүру деген қиын емес қой... – Ал сен байқап көр! Маған мұндай тапсырма берілгенде жарты сағат та шыдамай, сөйлеп қойып, кейін аузымды алақаныммен жауып жүрген кездерім де болған. Ал уақыт өте келе көп жағдайда сөз шығындап, сөз таластырғанша, үндемей-ақ бар бәледен құтылуға болатынын ұқтым. Үнсіздіктің кейде тіпті жаныңа тыныштық сыйлап, айқай-шу мен талас-тартыстан бойыңды аулақ ұстайтынын түсіндім. Бұған менің етім үйренді. Жөнсіз сөйлемеудің, кейде мүлде үндемей қалудың пайдасы мол екен. Өзіңе сеніміңді арттырады, сабырлы болуды үйренесің, терең ойлап, шалт қимыл жасамауға әдеттенесің, жанған оттай лап ете қалатын бойыңдағы жаман дағдылардан арыласың, жаман ойды тежейсің. Мұның өзі – түсінген адамға мол тәлім-тәрбие! – деді қарт. Ұрыс-керіс, жанжал, кикілжін болып жатқан жерге кезігіп қалсаңыз, үндемеңіз. Тіпті, сол ұрыс-керіс өз басыңыздан өткерсеңіз де үндемеңіз. Себебі, үндемеген адам үйдей пәледен құтылады. «Алла Елшісі сіздің бұл сабырлығыңыз үшін Жәннаттан сарай беруге уәде етеді: «Кімде-кім өзінікі дұрыс бола тұра талас-тартыстан бас тартса, мен оған Жәннаттың шетінен зәулім сарай берілуіне кепілмін» деп сүйіншіледі (Тирмизи).

 

Барлығымыз бір Жәннатты армандап жүрген пендеміз. Барлығымыз амалдардың жақсысын жасап, адамдардың жақсысы болғымыз келеді. Иә, жақсы амал... Алла Тағала «Өлім мен өмірді сендердің қайсыларың амал етуде жақсырақ екенін сынау үшін жараттым» дейді. («Мүлік» сүресі, 2-аят). Көп амал емес, жақсы амал! Ал сіз үндемеу арқылы да жақсы амал жасап жатқаныңызды ұмытпаңыз.

17888 рет оқылды