Аралда жүріп Алланы таныған адам!

Аралда жүріп Алланы таныған адам!

Кейде өте қарапайым мысалдар адамның көкірегіне сәуле құяды.  Өйткені ол ақиқатты бұрын-соңды естімеген болуыңыз мүмкін. Ертеректе Ибн Құдама Әл-Мақдиси (Аллаһ оны мейріміне бөлесін) атты ғұлама өзінің «Тәубе етушілер» атты кітабында, Абдул Уахид ибн Зәйд деген кісіден мынадай қызықты оқиғаны келтіреді:

Ол: «Теңізде кемемен келе жатып, жел айдап, бір аралға тап болдық. Аралды кезіп жүріп, қолдан жасалған пұтқа (адамдар Алладан өзге құлшылық ететін қолдан жасалған жасанды мүсіндер) табынып жатқан бір адамды жолықтырдық. Онымен танысып, сөйлесе келе кімге құлшылық ететінін сұрадық. Ол пұтты нұсқады. 
Біз оған: «Біздің кемемізде бізбен бірге мұны қолдан жасай алатын адам бар. Бұл құлшылық етілетін нағыз құдай емес», - дедік. 
Ол: «Сендер кімге сиынасыңдар?», - деді.
Біз: «Аллаһқа», - дедік.
Ол: «Аллаһ деген не?», - деп таңдана сұрақ қойды.
Біз оған: «Аллаһ ол – бүкіл әлемді жаратушы, жер мен көкте билігі жүруші, өлілер мен тірілерге үкімі жүруші», - дедік.
Ол сонда: «Оны қайдан білдіңдер?», - деп сұрады.
«Оны Ұлы Патша, Айбынды Жаратушы бізге пайғамбар жіберіп, үйретті», -дедік.
Ол: «Пайғамбар не істеді?», - деді.
Біз: «Пайғамбар дінді жеткізді. Сосын Аллаһ оның жанын алды», - дедік.
- Ол сендерге ешбір белгі тастап кеткен жоқ па?
- Әрине, қалдырды.
- Не тастады?
- Бізге Жаратушының кітабын тастап кетті.
- Маған Жаратушы Патшаның кітабын көрсетіңдерші. Патшалардың кітабы әдемі әрі көркем болмақ.
Біз оған Құран әкеліп бердік.
Ол: «Мен мұны оқи алмаймын», - деді. Біз оған Құранның бір сүресін оқып бердік. Ол оны естіген кезде жылап жіберді. Оқыған сайын жылауын үдете түсті. Сосын: «Мына кітаптың егесіне қарсы күнә жасауға болмайды», - деді де Исламды қабылдады. Біз оған Ислам тәлімдері мен Құран сүрелерін оқуды үйреттік. Оны өзімізбен бірге кемемен алып кеттік.  Жолда күн батып, кеш қарайғанда жатуға ыңғайландық. Ол сол кезде: 
«Әй адамдар! Сендердің маған үйреткен тәңірлерің түн болған кезде ұйықтай ма?», - деді. 
Біз оған: «Жоқ, әй Аллаһтың құлы! Ол - Тірі, Басқарушы, Ұлы. Ешуақытта ұйықтамайды», - дестік.
Ол: «Сендер ұйықтамайтын Раббыларың тұрғанда ұйқтап жататын қандай жаман құлсыңдар!?», -  деді де құлшылық жасауға кірісті. Елімізге келіп жеткенде жолдастарыма: «Мынау Исламды жаңа қабылдады. Әрі бейтаныс, бөтен кісі», - деп біраз қаржы жинап, қолына ұстаттық. 
Ол: «Бұл не?», - деді.
- Өзіңнің қажетіңе жұмсайтын ақша.
Сонда: «Аллаһтан басқа тәңір жоқ! Мен теңіздің бір аралында, Аллаһтан бөлек бір жаман пұтқа сиынып жүргенде де Аллаһ мені тастап қоймаған болатын. Енді Онымен танысып, білген кезде мені тастап қоя ма?!», - деп ақшаны алудан бас тартты. Сосын өзі кәсіп жасап, өмір сүре бастады. Аз уақыттың ішінде елдің ең игі, салихалы адамдардың біріне айналып, өмірден өтті.
Ибн Құдама, «Тәубе етушілер» кітабы, 179-бет.
8701 рет оқылды