Бүгінде Қазақстандағы кез келген азамат өзінің жағдайына байланысты мемлекет тағайындаған әр түрлі әлеуметтік төлем түрлеріне ие бола алады. Алайда, бұл төлемдерге қатысты қағидаларды, шарттарды біле бермеуіміз мүмкін. Осы орайда, «Асыл арна» телеарнасында тікелей эфирге шығатын «Маңызды мәселе» бағдарламасына Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Зиядин Байғожаұлы Ағыбетовты қонаққа шақырып, төмендегідей сауалдарға жауап алу мүмкіндігі туды.
1. Аға, қазіргі уақытта зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің түрі көп. Солардың атын атап, түсін түстеп берсеңіз...
–Бүгінде елімізде үш деңгейлі әлеуметтік төлем жүйесі пайдаланылып отыр:
· Бірінші деңгейі – базалық;
· Екінші деңгейі – міндетті түрде (солидарный), яғни, жасы келіп зейнетақы алатын отандастарға қатысты;
· Үшінші деңгейі – жинақтаушы қорынан. Зейнетақы осы үш деңгейде төленеді.
Ал әлеуметтік мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар:
· Адам денсаулығына зақым келіп, мүгедектікке душар болғанда төленеді;
· Әр түрлі апат, ауру-сырқаудан ата-анасы қайтыс болып, асыраушысынан айырылған балаларға төленеді (санатына қарай есептеледі);
· Жасы келе тұра бір күндік болсын еңбек өтілі жоқ қарттарды мемлекет қараусыз қалдырмайды, жасына байланысты әлеуметтік жәрдемақы беріледі. Оның мөлшері күнкөріс деңгейіне байланысты есептеледі. Қазіргі таңда бұл деңгей 22 829 теңгені құрап отыр.
Мемлекеттік арнайы әлеуметтік жәрдемақылардың мұнан басқа 17 түрі қарастырылған. Мысалы, соғыс ардагерлеріне, соғыс мүгедектеріне, көп балалы аналарға т.б.
2. Дағдарысқа қарамастан көптеген әлеуметтік төлем сақталып отыр, сақталғанымен қоймай, кейбір әлеуметтік төлемдер саны артты. Осыған шүкіршілік айту керек болармыз...
–Зейнетақы мөлшерін айтатын болсақ, биылғы жылы 1 млн. 900 мың адам ынтымақтық жүйе (солидарная система) бойынша зейнетке шығатын болады. Бұл жүйе бойынша 1998 жылға дейін жұмыс істеген азамат жарты жыл еңбек өтілі болса да мемлекеттен жәрдемақы алады. Негізінде, ер адамдар 25 жыл еңбек өтілі болғанда, әйелдер 20 жыл еңбек өтілі болғанда толық зейнетақыға шығады. 2016 жылы бұл зейнеатақы көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға өсіп отыр. Бүгінде ең төменгі зейнетақы көлемі – 25 829 теңге.
3. ҚР азаматы зейнетақы жасына жеткенге дейін соңғы 3 не 5 жылда жұмыс жасамаса да зейнетақы беріле ме?
–Зейнетақы беріледі. Жоғарыда айтқан ынтымақтық жүйе бойынша адамның 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі алынады. Мысалы, қазір 50 жаста зейнетке шығып жатқан адамдардың еңбек өтілі шамамен 20-25 жылды құрайды. Егер ол соңғы 3 жылда жұмыс істемесе 1995 жылға дейінгі еңбек өтілі алынады да, орташа көрсеткіштер есептеліп, зейнетақы мөлшері белгіленеді.
4. Елімізде зейнетақы алмайтын топтар бар ма?
–Қазақстанда мүлде зейнетақы алмайтын адам жоқ. Еңбек өтілі жоқ адамдар зейнетақы алмайды, алайда, мемлекет оларға қамқорлық жасап, арнайы жәрдемақы тағайындайды.
5. Зейнетке арнайы бекітілген мерзімнен ерте шығатын топтар бар ма?
–Елімізде 63 жасқа толған еркек және 58 жасқа келген әйел зейнетақыға шыға алады. Алайда, әйелдер бала санына қарай ерте шығу мүмкіндігіне ие. Мәселен, 5 баласы бар аналар (асырап алған баласын 8 жасқа дейін тәрбиелесе де есептеледі) 53 жастан зейнетке шығады. Сондай-ақ, Семей, Павлодар, Қарағанды секілді арнайы бекітілген бірнеше төтенше аймақта 1949-1963 жылдар аралығында (ең аз дегенде 5 жыл өмір сүрсе) тұрған әйелдер 45 жастан-ақ зейнетке шығуға құқығы бар. Сонымен қатар, ер адам болсын, әйел адам болсын өзінің жинақтаушы қорында 5 миллион теңге жиналған болса (ең төмен зейнетақы мөлшері 25 829 теңгеден 18-20 жылға төленетін қаржы), еркектер 55 жаста, әйел 50 жаста шыға алады.
6. Баласын жалғыз тәрбиелеп отырған аналарға 1 жасқа толғаннан кейін де алатын жәрдемақы тағайындалған ба?
–Өзіңіз білетіндей, сәбиге 1 жасқа дейін жәрдемақы төленеді. Отбасының табысы төмен болған жағдайда бала 18 жасқа толғанша берілетін жәрдемақылар бар. Ол үшін өзіңіз тұратын елді мекеннің аудандық бөлімшесіндегі әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, табысыңыз туралы құжатты өткізсеңіз, бұл мәселенің шешімі айтылады.
7. Еркек зейнетке шығып қайтыс болса, оның өмір бойы жинаған қаржысын (жинақтаушы қорындағы) баласы не немересі алуға бола ма?
–Иә, жинақтаушы қорындағы ақшаны мұрагерлікпен алуға болады. Ол үшін кісі қайтыс болған соң жарты жылдан кейін өтініш беріп, қажетті құжаттарды өткізсе, тиісті ақша беріледі.
8. Мүгедектерге топтарына сәйкес қандай жәрдемақылар қарастырылған?
–Әлеуметтік төлемдер күнкөріс деңгейімен есептеледі. Оның ең төменгі мөлшері 22 829 теңге екендігін айтып кеттім. Мүгедектерге тағайындалған төлемнің жалпы ауруға, қызмет барысында зардап шеккендерге, әскерде болып денсаулығынан айырылғандарға, радиацияға байланысты бекітілген түрлері бар. Биыл олардың жәрдемақысы былтырғы жылмен салыстырғанда 35 пайызға көбейді. Бұрын І топтағы мүгедек 30 337 теңге алса, қазір 40 669 теңге, ІІ топтағы мүгедек 23 715 теңге алса, қазір 31 775 теңге, ІІІ топтағы мүгедек 16 600 теңге алса, қазір 22 440 теңге алады.
9. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі мүгедектер, тұрмысы төмен адамдар (жәрдемақыға мұқтаж адамдар) өздеріне тиесілі төлемдерді білмеуі мүмкін. Осындай жағдайда ақпараттарды қайдан алуға болады?
–Мұндай адамдар ауруханаға баратын болса, дәрігерлер оларға міндетті түрде 88-формада сараптама бөліміне жолдама береді. Алматы қаласының тұрғындары 2-79-58-01 нөміріне хабарласып, қосымша ақпарат ала алады. Біздің де, әрбір аймақтық департаменттің де арнайы сайттары жұмыс істейді. Онда онлайн түрде сұрақ қойып, жауап алуға мүмкіндік жасалған.
10. Кәмелетке толмаған мүгедектердің қараушысына төленетін жәрдемақы ол кәмелетке толғаннан кейін де беріле ме?
–Кәмелетке толмаған мүгедектің қараушысына 24 200 теңге төленеді. Он сегіз жастан кейін күтушіге ештеңе берілмейді. Мүмкіндігі шектеулі адам белгілі бір топқа өтіп, өзінің тобына байланысты тиесілі әлеуметтік төлемақыларды алады.
11. Егер ерлі-зайыптылар ажырасып кетіп, әйел баланы жалғыз тәрбиелеуге мәжбүр болса, оның баласы «асыраушысынан айырылған» деген топқа жата ма?
–«Асыраушысынан айырылған» деген топқа анасы не әкесі аурудан тағы басқа бір себеппен қайтыс болған балалар жатады. Ал ажырасу жағдайы мүлде бөлек. Мұндайда алимент төлеу бағыттары қарастырылады.
12. Мемлекет тағайындаған әлеуметтік төлемге ие жандардың қатарына «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерелері де кіреді. Қазір бұл жеңілдік қанша баласы бар аналарға беріледі?
–ҚР заңы бойынша, 7 баласы бар аналарымызға «Алтын алқа», 6 баласы бар әйелдерге «Күміс алқа» беріледі. Оларға 13 775 теңге көлемінде жәрдемақы беріледі. Төрт бала және төрт баладан көп аналарға (жұмыс істеп жүрген болса да) 8824 мың теңге көмек көрсетіледі.
13. Көп балалы аналарға қандай жеңілдіктер бар?
–Әлеуметтік төлемдердің «бісмілләсі» – мемлекет аналарымыздың алғашқы үш баласы дүниеге келгенде 66 500 теңге көлемінде ақша төлейді. Егіз не үшем болса, еселеніп төленеді. Төртіншіден кейін дүниеге келген балаларға 111 063 теңге беріледі. Мұны «жөргекпұл» деп те атап жатады. Жұмыс істемейтін ана болса, бірінші баласына бір жасқа дейін 12 200 теңге көмекке ие болады. Бұл мөлшер бала санына қарай өсіп, төртінші баласына 18 900 теңге алады. Жұмыс істейтін аналар жүктілік себебінен жұмысынан айырылуына байланысты мемлекеттік сақтандыру қорынан төлем беріледі (декретный). Мысалы, жалақысы 100 мың болса, оның 4,2 есесін, яғни, 420 000 теңге қаражат алады. Бала жасқа толғанша жалақысының 40 пайызын алып отырады. Оның он пайызы зейнетақы жарнасына аударылады.
КӨРЕРМЕНДЕР САУАЛЫ:
14. Көрермен сауалы (Шығыс Қазақстан облысы):
«Жасы 80-нен асқан «Алтын алқа» иегері атанған апамыз бар еді. Ол кісі 3-4 жылдан бері аяғы ауырып, жүре алмай қалды. Алайда, белгілі бір мүгедектік топта болмаса ешқандай көмек көрсетілмейді екен. Бізге оның күнделікті қолданысына қажетті жаялық секілді заттарына қаражылай қолдау керек еді. Осы мәселе қалай болады?
–Менің ұққаным ол кісі үлкен жастағы адам. Ол міндетті түрде зейнетақы, оған қоса көп балалы ана ретінде 13 500 теңге алып отыр. Сонымен қатар, апамыз денсаулығына байланысты мемлекеттік әлеуметтік сараптамаға жүгінсе болады. Олар сараптап, анықтап, белгілі бір топқа бөледі. Нәтижесінде, тұрмыстық заттарға қажетті қаражатты шешуге болады.
15. Көрермен сауалы (Тараз қаласынан):
Баспаналық (тұрғындық) жәрдемақы кімдерге беріледі?
–Бұл әлеуметтік төлемге жатпайды. Тұрғын жәрдемақысы Тараз қаласында қалалық тұрғын үй басқармасы бар. Сол жерге тиісті құжаттарыңызды көрсетсеңіздер, тұрғын үйге кезекке тұрғызады. Әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қалалық бөлімшесінде әр аудан өздері бекіткен есеп бойынша, отбасына түсетін табыс пен коммуналдық шығынды есептеп, тиісті болса, арнайы қаражат бөледі.
16. Көрермен сауалы (Алматы қаласынан):
Сіңілімнің қызының үш баласы бар. Ортаңғы баласы мүгедек. Күйеуімен ажырасып кеткен, ол ешқандай қаржылай көмек көрсетпейді. Жәрдемақы алу үшін қандай құжаттар дайындау керек?
–Егер мүгедек бала болса, өздері бекітілген ауруханаға барып, баланың мүгедектігін растайтын сараптамалар жасатуы керек. Нәтиже оның мүгедектігін көрсетсе, сол аурухана мемлекеттік медициналық сараптама бөліміне жолдама береді. Содан кейін Алматы қаласындағы №33 ауруханаға барып, тағы да сараптамадан өтеді. Сонымен қатар, 3 баласы бар және табысы төмен болса, аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, құжаттарын өткізсе, жәрдемақы алуға мүмкіндік бар.
17. Көрермен сауалы (Оңтүстік Қазақстан облысынан):
Мен де, күйеуім де жұмыссызбыз. Оның жасы 54-те, мен 45-темін. Екі баланың анасымын, екеуі де кішкентай, 39 жасымда кеш босандым. Отбасымызға ешқандай кіріс кірмейді. Мемлекеттен әлеуметтік төлем алуға мүмкіндік бар ма?
– Еңбекке қабілетті адам зейнетақы жасына жеткенше жұмыс істеу керек. Аудандық бөлімшелерге жүгінсе, «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша кәсіппен (мал асырау, егін егу т.б) айналысқысы келгендерге ақша бөледі. Бұрын табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек деген жеңілдік қарастырылған. Жүйе бойынша, әр аудан өздері белгілеген күнкөріс деңгейі мөлшерінің 45 пайызы берілетін. Алайда, былтырдан бастап «ӨРЛЕУ» бағдарламасы қабылданды. Мұнда елді жұмысқа тарту көзделеді. Хабарласқан әйелдің өзі де, күйеуі де жұмысқа қабілетті көрінеді. Сондықтан олар аудандағы әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгінгендері дұрыс. Тексеріс нәтижесінде «ӨРЛЕУ» бағдарламасының жеңілдіктері тиісті болса, оларды жұмысқа тартады, әлеуметтік төлемдер қарастырылады.
Мұнан басқа, әр түрлі аймақтарда үй тұрғызу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Алматы қаласы жұмыс күші жетпейтін Риддер қаласындағы құрылыс жұмыстарына қатыса алады, Шымкент тұрғындары Қызылорда аймағындағы нысандарда жұмыс істей алады. Ниет білдірген адам арнайы орындарға өтініш жазып, құжаттарын өткізсе, баспана беріледі, жұмыспен қамтамасыз етіледі. Әрі жинақтаушы қорына ақша жинауға мүмкіндік алады.
18. Көрермен сауалы (Талдықорған қаласынан):
Бес баланың әкесімін, төртінші балам бірінші топтағы мүгедек. Сол мүгедек балаға тұрғын үй мәселесі қарастырыла ма?
–Бес баланың анасы 53 жасқа жеткен болса, зейнетке шығуға құқығы бар. Төртінші балаңыз да мүгедектігіне байланысты бекітілген төлемақысын алып отыр деп ойлаймын. Тұрғын үй мәселесіне келсек, аудандық тұрғын үй басқармасына барып, кезекке тұруға болады. Және олар да осы жағдайыңызға байланысты белгілі бір жеңілдіктер жасайды. Яғни, үй кезексіз берілмейді, тек жеңілдікпен кезекке қойылады.
19. Көрермен сауалы (Қызылорда қаласынан):
Баламды туа біткен науқаспен босанып едім. Екі ай болды арнайы құрылғымен ауруханада жатыр. Мүгедектікке құжатты қанша айлығынан бастап дайындаймын?
–Бала мүгедек болса, қазір ауруханада жатқанда-ақ дәрігелер мемлекеттік медициналық сараптама бөліміне жолдама беру керек. Сондықтан, оларға құжаттарды дайындау керектігін ескерткеніңіз абзал.
20. Көрермен сауалы (Кентау қаласынан):
Алты баланың анасымын. Жасым 65-те. Биыл зейнетақы көбейеді деп ескертіліп еді, алайда, ондай өзгерісті байқамадық. Осы туралы не айтасыз?
–Зейнетақы мөлшерін есептегенде 1995 жылдан бергі үш жыл жұмыс өтілі саналады. Өкінішке орай, осы жылдары жұмыс істемеген адамдар қанша табысы болса да, аз мөлшерде зейнетақы алады.Мұндайда ең төменгі зейнетақы мөлшері 25 829 теңге төленеді.
21. Көрермен сауалы (Қызылорда облысынан):
Мен 53 жасымда зейнетке шықтым. Сегіз балам бар. Қырық жыл саудада жұмыс істедім, халыққа ұнамды қызмет еттім. Әлі де саудамен айналысамын. Алайда, менің зейнетақым аз шықты. Осы мәселені шешуге бола ма?
–Аудандық зейнетақы төлеу орталықтарына барып, қайта есептету керек. Дұрыс болған жағдайда, көзі жетеді. Жаңсақ болса, қайта қарастырылады.
Айта кетейін, 2018 жылдан бастап шартты зейнетақы жобасы қарастырылып жатыр. Қазіргі отандастарымыз жалақысының 10 пайызын жинақтаушы қорға салып жатса, осыдан кейін 15 пайызын жинайды. Бұл олар алатын зейнетақы мөлшері де көп болады дегенді білдіреді.
22. Көрермен сауалы (Оңтүстік Қазақстан облысынан):
1.Кәмелетке толған мүгедектердің қараушысына қосымша ақша төленбейтіндігін айттыңыздар. Сонда ол мүгедек 20,30 жасқа дейін бөгде адамның көмегіне мұқтаж болса қалай болады?
– Өкінішке орай, кәмелетке толған мүгедектің қараушысына төлемдер жоқ. Бұл мәселе жан-жақты қаралып жатыр.
2.Мүгедек жандар тұрғын үйді кезексіз ала ала ма?
– Бұл туралы аудандық тұрғын үй басқармасына барып, анығын білуге болады.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Зиядин Байғожаұлы Ағыбетов:
– Дағдарысқа қарамастан, мемлекетіміз әлеуметтік топтар алдындағы міндеттерін орындап отыр. 2016 жылы зейнетақы 9 пайызға, мүгедектер жәрдемақысы 32 пайызға, әлеуметтік сақтандыру қорының көмектері 7 пайызға көбейтіліп отыр. Және бұлардың көрсеткіші жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, алғашқы тәуелсіздік жылдары зейнетақының орташа мөлшері 3000 теңге болса, қазір 25829 теңгеге жетіп отыр. Сол кезеңде ең жоғарғы зейнетақы 7256 теңге болса, қазір 62 500 теңгеге жетті. Елбасы бастаған саясат әлеуметтік салаға көп көңіл бөліп отыр. Сонымен қатар, жұмыспен қамту бағдарламалары іске қосылып, жұмысқа қабілетті адамдарға қолдау көрсетіліп, түрлі жеңілдіктер беріліп жатыр.