27.06.2017
ТаңКүнБесінЕкінтіАқшамҚұптан
03:2605:1112:5818:1820:4022:25

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ УФА ҚАЛАСЫНДА

image 1
2017-01-27

Уфа қаласы Ақеділ өзенінің жағасында, Оңтүстік Орал тауларынан батысқа қарай 100 шақырым қашықтықта орналасқан. Башқұртстан Республикасының астанасы. Халқының саны бір миллионға жуықтайды. Ресейдің үлкен қалаларының арасында Уфа 11 орында. 

Бас мүфтидің кеңесшісі Қуат Раев, ҚМДБ Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысхан және "Асыл арна" телеарнасының түсіру тобы алып шаһардың көрікті жерлерін аралап болғаннан кейін білім жүйесімен таныспаққа бет алды. Делегация мүшелері Ресей ислам университетіне бас сұқты. 

ҚМДБ өкілдері мен "Асыл арна" түсіру тобы Уфа қаласында 

 154 қазақ зиялысы білім алған әйгілі "ҒАЛИЯ" медресесінде болды

1906-1916 жылдары қызмет еткен "Ғалия" медресесінде Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Жиенғали Тілепбергенов және тағы да басқа көптеген көрнекті тұлғалар оқыған. Зерттеушілер олардың саны 154 болғанын айтады. 2003 жылы бұрынғы медресе қайтадан күрделі жөндеуден өтті. Сол жылдан бастап Ресей ислам университеті деп аталған. Бүгінде 10 шақты ресейлік қазақ ұлдары мен қыздары оқиды. 

Жоғары оқу орны басшылығымен болған кездесуде Бас мүфтидің кеңесшісі Қуат Раев Жемісті сапар жобасы туралы баяндады. Осыған дейін бірнеше шет мемлекеттерде болған жұмыс тобы сондағы қазақ жастарының тыныс-тіршілігін өз көздерімен көріп қайтты. Мәскеу, Қазан ислам институттарымен жасалынған келісім-шартқа сәйкес, алдағы уақытта  Уфадағы ислам университетімен де қоян-қолтық жұмыс істеу жоспарлануда.  "Жастарға дұрыс бағыттағы білім беру арқылы ғана оларды жат ағымдардан сақтандыра аламыз. Болашақта қазақстандық студенттерге қатысты үнемі екіжақты ақпарат алмасу өте қажет" деді Қуат Раев.

Сондай-ақ, келелі отырыс барысында Имамдар форумында қабылданған Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы таныстырылды. Тұғырнамада мұсылманның негізгі діни ұстанымдары, білуге тиісті діни мәселелер және оның зайырлы қоғам тіршілігіне, мемлекеттің заңдары мен қоғамда қалыптасқан тәртіптерге қарым-қатынасы, білім алуға, емделуге, Отанды қорғауға, еңбек етуге, отбасына, қоршаған ортаға және ел аумағындағы халықтың салт-дәстүрлерін, ерекшеліктерін сыйлауға қатысты көзқарастары айқын көрсетілген.  

Ресей ислам университетінің ректоры Артур Русланұлы меймандардың осынау сапарына жоғары баға беріп, білім беру мекемесінің бүгінгі жай-күйімен таныстырды. Мұнда бүгінде 750 тәлімгер білім алады. Оқу күндізгі, сырттай және кешкі деп бөлінеді. Имамдар мен уағызшы-теологтарды дайындауға дағдыланған мекемеде жылына 450 имам білімін жетілдіреді. Және мұнда тек Имам ағзам Әбу Ханифа мәзхабының 0бағытымен оқытылады. Ректор Қазақстан мен Башқұртстанды көп нәрсе байланыстыратынын айтты. Алдағы уақытта да екіжақты студент алмасу, тәжірибе бөлісу, бірлесіп әрекет ету, экстремизммен күрес бағыттары бойынша кең көлемдегі шаралар атқарылмақ. Кездесу сыйлық үйлестіру әрі фотоға түсумен аяқталды. 

Қазақстан әлем алдында досқа қамқор, дұшпанға кешірімді, көршілерге мейірімді ел екендігін дәлелдеп келеді. Дана халқымыз: «Бірлік бар жерде–тірлік бар», – дейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бетке ұстар тұғырнамасы еліміздегі мұсылман үмбетінің түрлі діни пікіралуандығына байланысты бөлінуіне жол бермеуді мақсат етеді. Әрі жастарымызға дұрыс бағыт-бағдар беруге үндейді. 

Нұрболат Қуанышбекұлы. "Асыл арна" телеарнасы.

Ресей Федерациясының Уфа қаласынан

 

 

 

 

 

2512

Нәтижелері жоқ.




Please enter the letters as they are shown in the image above.
Letters are not case-sensitive.
.