23.06.2017
ТаңКүнБесінЕкінтіАқшамҚұптан

ӘЗІРЕТ СҰЛТАН – ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАЛАРЫНЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ

image 1
2017-01-10

Бой көтергеніне бес жылдың жүзі енді толатын «Әзірет Сұлтан» мешітінің халық аузында «қайырымдылық шараларының қара шаңырағы» атанып кеткелі қашан. Алып құлшылық ордасы көз тойдырған көркі мен кеңінен көсілген көлемі жағынан ғана емес, көпке ұсынған көмегі мен көптеген игі шаралардың көшбасшысы ретінде де дараланып тұрады. Осы жылдар ішінде «Әзірет Сұлтан» мешіті еліміздің жүрегі – Астана өміріне мейірімділік сәулесін таратып, қайырымды қоғам қалыптастыруға қомақты үлес қосты.

 

 

 

 

Осы жылдар ішінде мешітке келіп, көмек сұраған жандарға қол үшын созумен қатар, Астана қаласындағы Қарттар үйі мен Балалар үйіне, Қарилар медресесіне ай сайын қамқорлық танытып келе жатқан «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі көптеген қайырымдылық акциялары да жыл сайын ұйымдастырылып, дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Тіпті, ең алғаш «Әзірет Сұлтан» мешітінде ұйымдастырылған «Мектепке жол» және «Раббың үшін құрбан шал!» қайырымдылық шаралары бүгінде бұқаралық сипат алып, еліміздің түкпір-түкпірінде тұрақты түрде өткізілетін болған.

Бұдан бөлек, жыл сайын қасиетті Ораза айт мерекесіне орай «Айттық бізден болсын!», тоқсан сайын «Мұқтаждың мұңын бөліс!» акциялары, Рамазан кезінде күн сайын 500 адамдық ауызашар дастархандары жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Тіпті, кей кездері «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы, ҚМДБ-ның төраға орынбасары Серікбай қажы Сатыбалдыұлының бастамасымен Мүгедектер күні мен зағиптар күні, Тәуелсіздік мерекесіне орай «қайырымдылық апталығы» жарияланып, мұқтаж жандарға жеті күн бойы жәрдем көрсетілген болатын. Қайырымды жандар мен мұқтаждар арасына алтын көпір болған «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі бұл шаралар жыл санап жаңа деңгейге көтерілу үстінде.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қасиетті Рамазан қарсаңында ашылған алып мешіттегі алғашқы қайырымдылық шаралары ауызашар дастархандарынан басталған болатын. Мешіттің төменгі қабатында орналасқан мейрамханада қасиетті Рамазан кезінде басталған сол бір сауапты дәстүр содан бері үзілген емес. Акцияға атсалысқан жомарт жандардың арқасында алғашқы жылы 400 адамға жайылған ауызашар дастарханының қонақтар саны бүгінде 500-ге жетіп отыр. Сондай-ақ, соңғы жылдары мешіт мейрамханасынан бөлек, Қарттар үйі мен Балалар үйінде, Мүгедектер ұйымының мүшелеріне арнайы ауызашар беріліп келеді. Қайырымдылық акциясының жалпы құны 2012 жылы 1 440 000 болса, 2013 жылы бұл сома 1 632 000-ге ұлғайған. 2014-жылы мүгедектер мен қарттар үйінде және түзету мекемесінде т.б. орындарда мешіт атынан  15 435 адамға 22 500 000 теңгеге ауызашар дастарханы жайылған. Ал, 2015-жылғы ауызашар дастарханы 13 500 адамға жайылса, былтырғы Рамазан айында 29 күнде 14 616 адамға 32 457 600 теңгеге тегін ауызашар берілді.

 

 

 

 

 

 

 

Жамағатты жақсылыққа жұмылдырып, қайырымдылыққа жетелеген дәстүрлі акциялардың бірі – «Раббың үшін құрбан шал!». 2012-жылдың күзінде алғаш рет ұйымдастырылған бұл акция бүгінде республика көлемінде өткізіліп келеді. Аталмыш акцияның да көрсеткіштеріне үңілсеңіз, жыл санап Астана жамағатының қайырымдылық шараларына барынша атсалысып, қайырымды қоғам қалыптасып келе жатқанын аңғаруға болады. Мысалға, ең алғашқы жылы аталмыш акция аясында 25 ірі қара сойылып, құрбандық 500 отбасыға таратылған. Ал, 2013-жылғы Құрбан айт мейрамында сойылған ірі қара саны 60-қа жетіп, 1 465 отбасыға ет үлестірілген.

 

Акция аясында жиналған құрбандық еттері Елорда маңындағы ауылдарға жеткізіліп, жыл сайын сол жердегі мұқтаж жандарға да таратылып келеді. Бұдан бөлек, қаламыздағы түрлі қоғамдық (Зағиптар, мүгедектер ұйымы. т.б.) ұйым мүшелеріне, мешітке өтініш білдірген мұқтаж жандарға, Қарттар үйі мен балалар үйіне, студенттер жатақханасына да құрбандық еті беріліп, көмек көрсетіледі. 2014-жылы осы бағытта 10 тонна 115 келі ет таратылса, 2015-жылы бұл көрсеткіш тағы көтеріле түскен – 10 843 келі. Қалың жамағаттың қалауына жағып, қалтасына орай келген бұл акция аясында 2016-жылы таратылған еттің жалпы салмағы 11 350 келіні құрап отыр.

 

 

 

 

 

 

 

«Әзірет Сұлтан» мешітінен басталған бірегей акциялардың бірі – «Мектепке жол» жобасы. 2013-жылдың тамыз айында алғаш рет «Әзірет Сұлтан» мешітінде өткен бұл қайырымдылық шарасында тұрмысы төмен отбасынан шыққан 300 оқушыға мектеп формасы, қажетті құрал-жабдықтар салынған сөмке тарту етілген еді. Содан бері желісі үзілмеген шара аясында 2014-жылы 257 оқушыға – 4 369 000 теңгеге, 2015-жылы 267 оқушыға – 4 000 000 теңге, 2016-жылы 221 оқушыға 3 757 000 теңгеге көлемінде көмек көрсетілген.

 

 

 

 

 

Бұдан бөлек, алып мешіттегі жиі-жиі ұйымдастырылып тұратын қайырымдылық шаралары да жетерлік. Тұрмыс тауқыметі тұралатқан жандарға аз да болса демеу болсын деген ниетпен ұйымдастырылатын азық-түлік, дәрі-дәрмек тарату шаралары да ай аралатып өткізіліп келеді. Оған қоса, құлшылық ордасынан қайырым күтіп, өтініш білдірген жандар қаншама?! Ашылғалы бері сан жетімнің басынан сипап, сан жесірдің көз жасын құрғатқан «Әзірет Сұлтан» мешітндегі әрбір күн қайырымдылық толы десе де болғандай. 


 

Muslim.kz

2347

Нет результатов.




Please enter the letters as they are shown in the image above.
Letters are not case-sensitive.
.