18.08.2017
ТаңКүнБесінЕкінтіАқшамҚұптан

Мұхамеджан Оразбайұлы Тазабек

image 1

     Тазабек Мұхамеджан Оразбайұлы 1975 жылы 3 шілдеде Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Шахан ауылында дүниеге келген. 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін үздік бітірді. 2000 жылы осы университетте  «Әдебиеттану» мамандығы бойынша аспирант дәрежесін алды. Шет тілдері және іскерлік карьера университетінің түлегі (2011).

      Мұхамеджан Оразбайұлы қазақтың төл өнері айтысқа 1987 жылдан бастап түсті. Содан бері ол сандаған облыстық, республикалық және халықаралық айтыстарда топ жарды. 1996-1997 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ақындар мектебінің жетекшісі, 1997-2003 жылдар аралығында ҚР ұлттық «Ұлан» гвардиясының құрама бөлімшесінде Президенттік оркестр орындаушысы, 2005-2006 жылдары ««Ақ Орда» республикалық қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің рухани жобаларын үйлестіруші қызметтерін атқарған. 2007 жылдан бері «Асыл арна» телеарнасының бас директоры.

        Мұхамеджан мырза еліміздің журналистика саласында, соның ішінде публицистика жанрында тер төгіп келеді. «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Жұмадағы жүздесу» (2001-2002 ж.ж.), «Ораза қабыл болсын» (2008), «Иман нұры» рухани-мәдени бағдарламаларының, «Қазақ радиосындағы»  «Құбыла» (2003-2008) жобасының авторы және жүргізушісі. Бірнеше публицистикалық жинақтардың авторы. Мақалалары мен сұхбаттары мерзімдік басылымдарда және электронды ақпарат құралдарында жиі жарық көріп тұрады.

    Ұлттық айтыс өнерін насихаттаушы және айтыскерлердің жаңа буынын тәрбиелеуші тұлға ретінде де М.Тазабектің  төл өнерімізге қосқан үлесі қомақты. Ол - «Ақындық өнердің қыр-сыры», «Ақын айтатын сөз», «Ақын деген кім?» деген тақырыптардағы шеберлік тренингтерінің авторы және лекторы. ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ақылдастар алқасының, Жас журналистер клубының, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің ақпараттық насихат және сарапшылар тобының мүшесі. Қазақстан жастар одағы сыйлығының (1996), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының (1998) иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Отбасылы, бір ұл, төрт қызы бар.

 


.