2016-02-24 (0) (3592)
post

НӘТИЖЕЛІ КЕЗДЕСУ

ҚР Сыртқы істер министірлігі мен Қазақстанның Малайзиядағы елшілігінің ұйытқы болуымен, Куала Лумпур қаласында жемісті кездесу өтті. 

   ҚР Дін істер жөніндегі комитеті және Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы  делегациясы мен «Асыл арна» телеарнасының түсіру тобы бірлесіп, Малайзия еліне жасаған іс-сапар барысында Куала Лумпур қаласындағы “Халықаралық ислам университетіне” барды. 

   Осы елдің 4-ші премьер-министірі болған Мохадкир Мохаммадтың Ислам конференциясы ұйымының жиынында ұсынған бастамасы қолдау тауып, 1985 жылы Оңтүстік Шығыс Азия өңірінде баламасы жоқ университет бой көтерді. Бүгінде әлемнің тоқсаннан астам елінен келген 18 мыңға жуық студент тәлім алады. Олардың арасында отандастарымыз да бар. Студенттерге әлемнің 50 елінен келген білікті ұстаздар сабақ береді. Университеттің жалпы аумағы 300 гектар жерді алып жатыр.  

        Мәртебелі меймандарды білім ордасының проректоры доктор Абделазиз Бергаут қабылдады. Делегацияны құшағын жая қарсы алған доктор ынтымағы мен бірлігі жарасқан Қазақстанды құрмет тұтатынын айтып, біздегі діни оқу-ағарту жүйесіне жоғары баға берді. Және білім саласында кез-келген болашағы бар жобаларды бірге атқаруға қуана келісетінен айтты. 

       Алғаш болып сөз алған «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам университетінің проректоры Шәмшетдин Керім екі жоғары оқу орны жүзеге асыруы тиіс бірнеше жақсы бастамаларды көтерді: 

Студент алмасу. Яғни, Қазақстандықтар осында келіп білім алса, есесіне «Нұр-Мүбәрәк» университеті де Малайзиялықтарды қабылдауға дайын. 

Екі білім ордасы бір-бірінің оқу бағдарламасымен танысып, тәжірибе алмасу. 

Бірлесіп тәлімгер тәрбиелеу. Бұл маңызды ұсыныстар проректор тарапынан қолдау тапты. 

      ҚМДБ, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының кеңесшісі Қуат Раев мұндағы жүргізіліп жатқан жұмыстарға көңілі толатынын жеткізіп, «екі елдің білім саласындағы қарым-қатынасы нығая берсе екен» - деген пікір айтты. Малайзияның дағуат, зекет, халал, технология, ислам қаржы жүйесіндегі алған асуы мол болғандықтан, үлгі алатын тұстарымыз көп. Демек, Қазақстанда да осы салалардың даму қарқынын егжей-тегжейлі түсіндіріп беретін ғылыми орталық ауадай қажет. Бүгінгі басқосу соған негіз қалауы ықтимал. 

     ҚМДБ «Жалпы және жастар» бөліміні меңгерушісі Алтынбек Ұтысхан екі елдің жастары өзара тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдіріп, жылдан жылға ынтымағын арттыруға қауқарлы екенін жеткізді. 

Кездесу кезінде айтылған барлық ұсыныстар қолдау тапты. Нақты құжатқа қол қойылып, меморандум жасалмаса да, болашақта атқаратын ізгі істердің негізі қаланды. Демек, Қазақстан мен Малайзияның білім саласындағы қарым-қатнасы нығая бермек. 

     Халықаралық ислам университетінің проректоры доктор Абделазиз Бергаут осыған дейін Қытай мен Үндістан елдерінің  сұраныстарына байланысты имамдардың білімін жетілдіру мақсатында әртүрлі бағытта (Құран, сүннет, фикһ, мазхаб т.б) 3-4 айлық курс өткізілгенін айтып, егер Қазақстан тарапынан да ұсыныстар болса ұйымдастыруға дайын екендіктерін жеткізді. Аталған ұсыныс ҚМДБ басшылығы тарапынан қолдау тапқан жағдайда, алдағы уақытта екіжақты келісім орнайтындығы белгіленді.

 "Асыл арна" телеарнасының тілшісі Нұрболат Жантелиев

3593 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !