Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

"Шабдалы" көркем фильмі көрерменге жол тартты (ФОТО, ВИДЕО)


XIV “Евразия" кинофестивалінің аясында 5 шілде күні "Асыл арна" телеарнасының жаңа өнімі "Шабдалы" толық метражды фильмі көрерменге жол тартты. Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына орай тұсауы кесілген бұл фильм Алмас Алматовтың әңгімесінің желісімен түсірілген. 

“Шабдалы” фильмінің режиссері әрі сценарий авторы Жандос Құсайынов фильм жайлы былай дейді:

"Былтыр Facebook бетіне жырау ағамыз Алмас Алматовтың “Шабдалы” деген шағын әңгімесі шыққан болатын. Оны маған осы фильмнің идеясының авторы Мұхамеджан Тазабек ағамыз жіберді. “Жандос, мына әңгімені оқып көрші. Меніңше, жақсы бір фильмге сұранып тұрған секілді”, - деді. Оқыдым. Расында да, тап-тұйнақтай, айтар ойы анық, тамаша шығарма екен. Оның үстіне, өмірде болған оқиға. Демек, ол сенімді. Ал сенімді дүние көрерменнің көңілінен шығары сөзсіз.

Алдымен Алмас Алматов ағамызға жолығып, батасын алдық. Ол кісі “Шабдалының” желісінде фильм түсірілетінін естігенде қатты қуанды. Сөйтіп, мен сценарий жазуға отырдым. Бас-аяғы бір айдың көлемінде екі драфт жасап, аяқтап шықтым. Кастинг өтті. Басты рөлге бақ сынаған актрисаларымыз көп болды. Бірақ соңғы таңдау Шолпан Елгезекова мен Айдана Қызылқұловаға түсті ғой.

Кейін бір ай дайындық жұмыстары жүрді. Әңгіме ауаны 2000 жылдар болғандықтан, сол кезеңге сай локация іздеу оңайға түскен жоқ. Дегенмен, сценарийге сай түсірілім алаңдарын тапқандай болып, фильмнің продакшнын бастап кеттік. Фильмнің бар оқиғасы - осы. Алмас көкеміздің тамаша әңгімесі, Мұхамеджан ағамыздың байқампаздығы – ақыры сол шығарманың қалың көрермен назарына тұтас фильм боп шығуына себеп болды"

Астана Mega Silk Way-дегі "Chaplin cinemaға" жиналған xалық саны көп болды. Келген қонақтарға түрлі сезім сыйлай алған туынды киносүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп үлгерді.
Тұсаукесерде залға сыймай қалған халықтың сұрауы бойынша "Шабдалы" көркем фильмі екінші рет көпшілік назарына ұсынылды.  Бұл кезде де зал аузы-мұрнына дейін толды. Ішке сыймаған ел есіктің көзінде тұрып көрді. 

«Фильм үшін бұл - жүлдеге бергісіз жетістік» деп ағынан жарылған  режиссер алдағы уақытта туындыны Алматы, Шымкент, Қызылорда секілді үлкен қалаларда көрсетуді де жоспарлап отыр.




asylarna.kz

ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер