Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Бекболат Тілеухан: Шабдалы десе, шабдалы екен...

Киноны айтам. Жас режиссер Жандос Құсайынның “Шабдалы” дейтін киносы. Биылғы “Еуразия” кинофестивалінің аясында тұсауы кесіліп, қалың көрерменнің көңілінен шығып жатқан осы фильм туралы мен де бір ауыз лебізімді білдіре кетсем деймін.
Әуелі, әңгімесі осы туындыға арқау болған Алмас Алматов туралы бірер сөз. Баяғыда Қазақ ұлттық консерваториясында істеп жүргенде, сол оқу орнында халық әні кафедрасын құрысқан үш азамат болды. Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, үшіншісі – осы Алмас Алматов. Әлекеңнің сыр өңірінің жыраулық мектебін бүгінге жалғаған ерен еңбегі бір төбе, ал қазақы әңгіменің қисапсыз қорын көкірек сарайына жинап, оны майын тамызып айта білетін айырықша қасиеті өз алдына бөлек әңгіме. Әңгімеші деген сөзді естісек, көз алдымызға алдымен Алмас Алматовтың елестейтіні содан. Осы шабдалы туралы уақиғаны де кезінде ағаның өз аузынан естіп, ерекше әсерленген едік. Кейін баспасөзге жарияланып, көркем шығарма ретінде оқырманға жол тартты.
Әңгіме “Асыл Арнаның” бас директоры, алаштың аяулы ақыны Мұхамеджан Тазабековті де айрықша толғантқан екен. Арна көп ұзамай шығарманың экрандық нұсқасын таспалауды бастап кетті. Нәтижені көріп отырмыз. Ел аңсаған, көрермен көргісі келген дүние шыққан секілді.
Жалпы, шетелдік қайбір озық туындысын қарасаңыз да, қандай да бір әдеби шығарманың желісімен түсірілген боп шығады. Қазақ киноларының жауһарларын тізбелеп көріңіз, ар жағынан Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Бердібек Соқпақбаев, Дулат Исабековтер қол бұлғап қарап тұрады. Дегенмен, осы инсценировка дәстүрі көзден бұл-бұл ұшқалы біраз болып еді. Қазақ экраны “поп-корн” киноларға толып кеткен. “Асыл арна” осы “Шабдалы” арқылы әлгі әдеби шығарманы экрандау тәжірибесін қайта оралтты.
Енді киноның өзіне келсек.
Негізі, режиссер шеберлігінің басты көрсеткіші – актерлік ойын. Актерді таңдау, оларға дұрыс нұсқау беріп, дұрыс ойнату, болып жатқан оқиғаға көрерменді сендіру – шын шебердің ғана қолынан келетін шаруа. Ал қалғаны: әдемі картина, сапалы дыбыс, жақсы монтаж – былайша айтқанда, “дело техники”. “Шабдалыдағы” актерлердің ойыны шынында нанымды болды. Сондықтан, актерлік құрам мен режиссердің жұмысына аямай алақан соғуға болады. Тағы бір ұнағаны, фильм шетелдік арзанқол комедиялар немесе клиптер секілді жарқ-жұрқ та емес, арт-хаус стиліндегі іш кептірер баяу да емес, орташа темппен, нағыз қазақы желіспен көрерменді жалықтырмастан алға жетелеп отырады.
Жоғарыда айтқан әңгіменің желісімен жазылған сценарий авторы да режиссердің өзі екен. Әңгімеде қыз Өзбекстанға кетсе, кинода автор оны Шымкент, Жетісай етіп өзгертіп, өте бір өзекті, айырықша маңызды мәселені көтереді. Ол – елдің бірлігі, тұтастығы. Ешкімді алаламау. Бұл тұрғыдан фильм менің ілгеріректе көтерген “шымкетский” деген алалауға қарсы пікірлеріммен үндесіп жатыр. Киноның жаныма майдай жаққанының бір себебі де сонда болса керек. Елбасының да, ел ағаларының да біз ел болып етек жапқалы айтып жүргені – тұтастық, татулық, іштен шірімей, іргені бекіту және бір қазақтың бір қазақты дос көруі еді. Кішкентай ғана фильмнен осы бір асқақ идеяның алыстан менмұндалап тұрғанын көріп қатты қуандық. Туыстық қарым-қатынас, ата-анаға құрмет, дүниеге де, мансапқа да қаратпайтын шынайы махаббат, қазақы кең пейіл мен өміршең салт-дәстүр бір-бірімен тұтасып, албаты тықпалау нәтижесі емес, шебер әрі табиғи түрде киноның өнебойына тұтасып тұр. Қазақылықтан алыс, еркетотай қыз, өткен күннің елесін қуып, қызының бақытын оның қызметінен іздеген әйел, өзін қойып, елдің шаруасына жөнсіз сұғына беретін “жанашырлар”, еңбегіне сеніп, адал күн кешкен қарапайым шаруа отбасы – бәрі де боямасыз өмір, бүгінгі күннің шынайы суреттері. Адалдық пен еңбек егіз ұғым. Бірінсіз бір тұл. Кейде ұнатқан нәрсең омақастырып, жек көргеніңнен жақсылық тауып жатасың. Фильмді көріп біткесін осындай бір тоқтамдар санаңды шарлап өтетіндей. Өнердің мұраты көрерменге ой салу болса, Жандос Құсайыновтың бұл жұмысы ол міндетті толық атқарып шықты деуге болады. Шабдалы десе, шабдалы. Тәтті, сөлді.



ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер