Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

«АСЫЛ АРНА» БАЯН-ӨЛГЕЙДЕГІ ЖАҒДАЙҒА БАЙЛАНЫСТЫ БІР КҮНДІК ЖАЛАҚЫСЫН АУДАРДЫ


«Тас түскен жеріне ауыр» дейді қазақ. Иә, айтып келмейтін апаттың адам баласының иығына салар салмағы ауыр. «Қайғыдан құтқарғанға Құдай қарасады» демей ме? Сондықтан шетте жүрген қандастарымызға қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да демеу, қолдау білдіру мақсатында бір күндік жалақымызды көмекке аудардық. Себебі, қара шаңырағы қираған қандастарымыздың қара аспанның астын паналап жүргені барлығымыздың да жанымызға батады, қабырғамызды қайыстырады. Бұл да бір сынақ. Алла кейде құлдарының сенімі мен ықыласын арттыра түсу үшін оларға қиындық береді. Кейде сол бір қиындық арқылы оларды одан да жаман азаптардан құтқарады. Сондықтан Мейірімі кең Алладан шетте жүрген бауырларымызға қорған, пана сұраймыз. Алла бізді тосыннан келіп тосылтатын табиғи апаттардан қорғап, үрім-бұтағымызды жойылып, жоғалып кетуден сақтасын.

Осы ретте «Кез келген бір қайғыға тап болған адам қалай әрекет етуі керек? Шығар жол қайсы?» деген заңды сұрақ туатыны анық. 

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер Алланың құлдарының бірі қайғыға тап болып:

«Расында, біз Аллаға тиесіліміз және Аллаға қайтарыламыз! Иә, Алла, мені қайғымда сауапты ет те, маған одан жақсысын бер!» /Инна ли-Лаһи уа ина иләйһи ражиъуна! Аллаһумма-журни фи мусыбати уа хлюф ли хайран минха!/ - десе, Алла Тағала міндетті түрде оның қайғысы үшін сауап жазады және оған (айрылғанының) орнына одан да жақсысын береді», - деген. Сонымен бірге Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мазасыздық пен уайым-қайғы басқан уақытта адам барлық күнәсі үшін Алладан кешірім сұрап, Жүніс пайғамбардың (а.с) дұғасымен Алладан жәрдем сұрауды өсиет еткен. Суға батып, кит жұтып жіберген Жүніс пайғамбар (а.с) балықтың ішінде жатып «Иə, Алла, Сенен басқа ешбір Тәңір жоқ. Сен (кемшілік атаулыдан) пәксің. Анығында мен өзіме зұлымдық жасаушылардан болдым», - деген. /Лəə илəəhә иллəә әнтә субхәәнәкә иннии кунту минә-заалимиин/ ("Әнбия" сүресі, 87-аят) Осыдан соң Алла оны судың да, киттің де ішінен аман шығарып, оған ары қарай өмір сүруге мүмкіндік сыйлайды. Кім басына қандай да бір қиындық келген кезде осы дұғаны оқыса, Алла оны Жүніс пайғамбарды киттің ішінен алып шыққандай, кез-келген қасіреттен құтқарады. (әл-Хаким)

Ендеше, біз де тарыдай шашыраған қазақтың әр баласы үшін қам жеп, Алладан олардың амандығын тілейміз.

asylarna.kz




ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер