2019-05-14 (0) (307)
post

МЫСЫРДАҒЫ ӘЛ-АЗҺАР УНИВЕРСИТЕТІМЕН СЕРІКТЕСТІК


Ағымдағы жылдың наурызында шығыстану факультетінің деканы бастаған бір топ делегация өкілдері Мысыр еліндегі әлемге әйгілі әл-Азһар университетіне арнайы іссапармен барып, әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялану бойынша әріптестікті дамыту бағытында жұмыс жасап қайтты.

Негізінен жұмыс араб тілін үйретудің жаңа мүмкіндіктерін қарастыру, әл-Азһар университетінің мол тәжірибесіне сүйене отырып, исламтанулық зерттеулер мен білім беру бағдарламаларын дамыту, қолжазбаларды зерттеу бойынша нақты әріптестік орнату мен әл-Фараби мұрасын жандандыру мақсатында әл-Азһар кітапханасындағы Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерін және зерттеу жасалған ғылыми жұмыстарының көшірмелерін алу бағытында жүрді.

Жас қазақстандық ғалымдар үшін әл-Азһар кітапханасында, қолжазбалар қорында жұмыс істеу, тілдік тағылымдамадан өту мүмкіндіктері ашылды. Ислам философиясы, ислам фиқһы, ислам ақидасы бойынша білікті мамандардың шақырылуы университетіміздегі жаңа мамандықтардың бірі – «Исламтану» мамандығына жаңа серпін беретіні ақиқат.

Осы орайда, еліміз үшін тәжірибе аларлық орталық ретінде Әл-Азһарға қарасты «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу орталығы» жұмысын ерекше атап өту орынды. Бұл орталық әлемдегі діни экстремистік топтардың жұмыстарына сараптама жасап, олардың қолданатын әдіс-тәсілдерін, оларға қарсы тосқауыл шараларының алдағы уақыттағы пайда болуы мүмкін діни экстремистік топтардың болжамы туралы ауқымды зерттеулер мен танымдық ақпараттарды әлемдегі ең кең қолданылатын 12 тілде жариялап отырумен ерекшеленеді. Орталықта мамандардың біліктілігі, үздіксіз мониторинг, жедел ақпараттарды талдау, қорытынды жасау методикасы, соңғы технологияларды ұтымды пайдалану жолға қойылғандығы аның аңғарылады.

Заманға сай халықаралық пәтуа шығару бөлімінің де жасап отырған қызметі ислам әлеміндегі діни жағдайдың тамырын басып, дер кезінде бағдар беру үшін аса маңызды. Әлемнің түкпір түкпірінен келіп түскен сұрақтарға дер кезінде жауап беру, жиі қайталанатын, сонымен бірге болашақта туындауы мүмкін сұрақтарға алдын ала жауап әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізу бөлімнің маңыздылығын, аса қажеттілігін негіздей түседі.

Іссапардың нәтижелі аяқталуы Әл-Азһар шейхы Ахмет әт-Тайыптың әл-Азһар кітапхана қорындағы бар қолжазбалардың 28 томдық каталогын, Әбу Насыр әл-Фарабидің қолжазбалар көшірмесін, Әл-Фараби туралы ғылыми зерттеулердің электрондық нұсқасын ҚазҰУ-ға сыйға тартуы университетке көрсетілген құрметінің айқын дәлелі.



www.kaznu.kz

308 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !