2019-04-30 (0) (523)
post

Бас мүфти VIII республикалық Құран жарысының жеңімпазына көлік кілтін табыстады


VIII республикалық Құран байқауына қатысқан жүлдегер қариларды марапаттау кеші, ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің қатысуымен, Алматы қаласы Алатау дәстүрлі өнер театрында мәдени бағдарламамен өтті.


Дін жанашырлары мен демеушілердің қаржылай қолдауымен өткен жүлде қоры 16 млн. теңгені құрайтын сайысқа Республика бойынша 558 қари қатысты. Төрт бағыт бойынша бақ сынасқан қарилар Құранның 10 парасын, 20 парасын, қасиетті кітапты толық (30 пара) жатқа айтудын және Құранды мәнерлеп оқудан жарысты.
Игі іс-шарада сөз алған Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы: «Алла Тағала қасиетті Құранда: «… Алланың шексіз рақымына бөленеміз десеңдер, Құран оқылғанда, оған құлақ түріп, үнсіз тыңдаңдар!» дейді. Құранды тыңдаудың өзі үлкен сауап. Құран секілді ешқандай кітап жатқа оқылып, насихатталмайды. Құран оқылған, оған амал етілген үйде, елде тыныштық орнайды, Алланың берекеті болады. Құранды көп оқыған адамның Алла алдында дәрежесі артады», – деп, кеш қонақтарына қасиетті Құранның маңызын жеткізді. Ізгі іске атсалысқан барша азаматтарға, әділ қазы алқасына, қатысушы қариларға алғысын білдірді.
«Ақорда» республикалық қозғалысының төраға орынбасары Қанат Жанатұлы және Алматы қаласы, Дін істер жөніндегі басқарма басшысы Айдар Есенбековтер де ақжарма тілектерін білдіріп, құттықтау сөздерін арнады. Игі шараға мұрындық болған азаматтарға алғыстарын айтты.
Рухани кеште Хазірет Бердіхан, Ерген Айтымбетов, Райым Уайыс сынды өнерпаздар арнау орындап, өздерінің асқақ ән-күйімен көрерменге рухани көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, Құранның хикметтері жайлы бейнеролик көрсетіліп, «Өнер қырандары» театры халық назарына Құран оқудың маңызы жайында ғибратты қойылым ұсынды.
Құран байқауының жүлдегерлеріне марапаттарын елімізге танымал дін және қоғам қайраткерлері табыстады.
Ал, аталмыш байқаудың жүлдегерлері төмендегідей марапаттарға ие болды:


15 қари қатысқан Толық Құранды (30 пара) жатқа оқу бойынша:
І орын – Маңғыстаулық Сатешов Сақи (автокөлік)
ІІ орын – Жамбылдық Лиров Нұрмұхамед (2 000 000 тг)
ІІІ орын – Алматылық Қаратаев Саламат (1 500 000 тг)


15 қари қатысқан Құранның 20 парасын жатқа оқу бойынша:
І орын – Алматылық Абишев Қуаныш (1 500 000 тг)
ІІ орын – Қызылордалық Абдазимов Ниғматулла (1 250 000 тг)
ІІІ орын – СҚО-лық Хакимов Ахмадқожа (1 000 000 тг)


18 қари қатысқан Құранның 10 парасын  жатқа оқу бойынша:
І орын – Нұр-Сұлтандық Мейітқасым Нұртілеу (1 000 000 тг)
ІІ орын – Түркістандық Рахимқұлов Акмал Давранбекұлы (750 000 тг)
ІІІ орын – Маңғыстаулық Ізгілік Омар (500 000)


18 қари қатысқан Құранды мәнерлеп оқу бойынша:
І орын – Алматылық Базарқан Қайнар Базарқанұлы (500 000 тг)
ІІ орын – Атыраулық Балтабай Ұлан Бағдатұлы (300 000 тг)
ІІІ орын – Талдықорғандық Исабеков Бауыржан (150 000 тг)


Сонымен қатар, жарыс жүлдегерлерінен бөлек Құран байқауына қатысқаны үшін 57 қаридың әрбіріне ынталандыру ретінде 50 мың теңгеден сыйақы берілді.
Қариларымызды жеңістерімен құттықтаймыз. Алла Тағала баршамызға Құран шапағатын нәсіп етсін!

muftyat.kz






524 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !