2019-02-27 (0) (458)
post

Елбасы көпбалалы отбасыларға арналған 40 000-нан аса жалдамалы тұрғын үй салуға тапсырма берді


Елбасы «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Үкіметке бірқатар тапсырма берді. Солардың бірі – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жағдайы төмен көпбалалы отбасыларға арналған 40 000-нан аса жалдамалы тұрғын үй салу.
Елбасы ол үшін жыл сайын қосымша 50 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеді. Осы ретте «Үкіметке көп балалы отбасыларға, толық емес отбасыларға, мүгедек балалары бар отбасыларға ТҚЖБ арқылы 3-4 пайызбен тұрғын үй несиесін беру бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын» деді Мемлекет басшысы.  «Биыл әлеуметтік салаға республикалық бюджеттің 45 пайызы жұмсалмақ. Бірақ әлеуметтік блокта бірқатар мәселе бар. Сондықтан мен халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін Ұлттық қордан ақша бөлу туралы шешім қабылдадым» деді. Н.Назарбаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы:  
"Мен халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін Ұлттық қордан ақша бөлу туралы шешім қабылдадым. Атаулы көмек ең мұқтаждарға берілуі керек. Мен өзім бұны жеке бақылауда ұстаймын!"  
"Біз мұғалімдердің жалақасын өсірдік, өздерінің кәсібилігін дәлелдегендерге 50 пайыз, жалпы 30 пайыз өсірдік. 1 шілдеден бастап бюджет саласындағы жалақасы ең аз адамдардың жалақасын 30 пайызға өсіруді тапсырамын."
"Миллионерлерге мемлекеттен тағы көмек берудің қажеті не? Кірісі аз отбасылар арасында 111 мың ғана отбасы атаулы көмек алады екен. Көп балалардың жәрдемақысын әрбір балаға 21 мың теңгеге жеткізуды тапсырамын."
"Мүгедек бала асырап отырған ата-аналар мен отбасыларға берілетін жәрдемақыны 30 пайызға асыруды тапсырамын."
" Бүгінде елемізде 4 баладан көп баласы бар 340 мың отбасы бар. Оларды қолдау үшін 500 миллиард бөлінген. Мұндай қолдауды алда да жалғастыру керек. Толық емес көп балалы отбасыларды қолдау керек. Жұмыспен қамту керек. Қашықтан жасайтын жұмыспен болса да. Осындай отбасыларға жеке жәрдемақы берілгенде көп балалы аналар мен мүгедектік үшін және басқа да әлеуметтік көмектерді есептемеу керек. Әйтпесе бәрін есептей келгенде, олар ауқатты отбасы болып саналып кетеді",- деді Мемлекет басшысы.
"Қазір әкім жылына бір рет есеп беретін болды. Бұл не деген сөз? Әкім халықпен бір күн емес, күнде кездесуі керек. Халықпен кездесу үшін бір жыл күтудің қажеті қанша?! Әкімдер халыққа жақын болуы керек",- деді Н.Назарбаев.


459 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !