2019-02-15 (0) (586)
post

ОН БЕС АДАМНЫҢ ӨМІРІН АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ

   

  Аягөз ауданы, Шынқожа батыр ауылының тумасы, әскери қызметкер отқа оранған үйден 15 адамды алып шықты.
Ақпанның 7-нен 8-не қараған түні Семей қаласында Селевина 15 мекен жайындағы 5 қабатты жатақхана өртенді. Сол жатақхананың тұрғыны, 35411 әскери бөлімінің ефрейторы Қуандық Қанатов адамдарды қауіпсіз жерге шығаруда үлкен ерлік көрсетіпті. Қызыл жалынның ортасына қаймықпай кірген батыл жігіт жатақхананың он бес шақты тұрғынын сыртқа шығарып үлгерген екен.


     Арнайы хабар алысымен жеткен өрт сөндірушілер 79 адамды эвакуациялап, ғимараттағы жалынды сөндіруге кіріскен. Тағы 162 тұрғын далаға өз бетімен шыққан.
1991 өмірге келген Қуандық бауырымыз Шынқожа батыр атындағы орта мектепті бітіріп, Алматы облысы Іле ауданы Жетіген ауылындағы әуе қорғаныс күштерінде әскерде болған екен. Мән жайды сұрау үшін арнайы хабарласқанда «Бізге кішкентай кезімізден ата-аналарымыз бен мұғалімдеріміз Шынқожа батыр туралы айтып жігерлендіріп отыратын. Есімізді білгеннен ауылдасымыз Парламент Мәжілісінің депутаты Сабильянов Нұртай ағамыздың көп халыққа қамқорлық жасаған жомарттығын көріп өстім. Ағамыз сияқты көпке көмек көрсетсем деген арман әр қашан жүрегімде жүретін. Ойламаған жерден орын алған оқиғада көз таныс көршілеріме көмек көрсетуді азаматтық парызым деп ойладым. Кім де болса осындай қадамға барады ғой. Өзімді сондай ерлік көрсеттім деп ойламаймын. Ер жігіт болып туған әр кім де осындай қадам жасайды» деп қарапайым ғана жауап берді бауырымыз.


     Алайда әскери қызметкерге ризашылығын білдіргісі келген тұрғындар «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының басшылығына батыл жігіттің ерлігі жайында айтып, оны марапаттауға өтініш жолдапты.

Ермек Тұрсынұлы

587 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !