17:35 | Ем болсын
17:45 | Құран уақыты
2018-11-19 (0) (684)
post

АЛМАТЫДА ДІНМҰХАММЕД ҚОНАЕВ АТЫНДАҒЫ МЕШІТ АШЫЛДЫ


Мешіт - мұсылманның Жаратушысына құлшылық жасап, дұға қылатын қадірлі үйі. Уағыз-насихат тыңдап, діни сауатын арттырамын деуші адам үшін тәрбие ордасы. Ал Алла үйін салу – сауабы түгесілмейтін салиқалы іс. Алматы қаласында елуінші мешіттің ашылу салтанаты өтті. Алатау аудандық Ақбұлақ ықшамауданында бой көтерген зәулім құлшылық үйіне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың біртуар азаматы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың есімі берілді. Салтанатты рәсімге арнайы келген ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Алау Әділбаев жиналған жұртқа жүрекжарды лебізін жеткізіп, мешіттің салынуына ұйытқы болған арда азматтың иығына шапан жапты.

Төрт мұнарасы алыстан көзге түсетін, сәні мен салтанаты жарасқан, әсемдігі көз тартар мешіттің ашылу салтанатына жиналған жұрттың қарасы көп болды. Дінмұхаммед Қонаевпен қызметтес болған ел ардақтылары мен қарындасы Роза Ахметқызы да халыққа ыстық ықыластарын жеткізді. Ал Алматы қаласы Дін істері жөнінідегі басқарма басшысы Айдар Есенбеков қалаға ерекше көрік беріп тұрған мешіт жастардың рухани тәрбие алатын орны екенін тілге тиек етті.

Шара барысында құлшылық үйінің бой көтеріп, халықтың игілігіне қызмет етуі үшін қажырлы еңбек еткен ардақты азамат Әбенов Дәулетке Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы орден табысталды.

Мешіттің лентасы салтанатты түрде қиылғаннан кейін жиналған жұртшылық құлшылық үйіне кіріп, екі рәкағат намаз оқыды.

Зәулім мешітке келер жамағатқа барлық жағдай жасалған. Мұнарасы  29 метр, жалпы ауданы 1600 шаршы метрді құрайтын Алла үйінде бір уақытта 2200 адам құлшылық ете алады. Қосымша астыңғы намаз оқу залы, білім алатын сыныппен қамтамасыз етілген құлшылық үйі еліміздің даму жолында қызмет етеді деп сенеміз.

www.asylarna.kz


685 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !