2018-05-26 (0) (1107)
post

«Асыл арна» телеарнасына Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Аманұлы Қалетаев мырза ресми сапармен келді.

Бүгін «Асыл арна» телеарнасына Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Аманұлы Қалетаев мырза ресми сапармен келді. Арнаның ұжымымен арнайы танысқан министр техникалық әлеуетке де ерекше назар аударып, негізгі телеөнімдер жасалатын студияларды аралап шықты. «Асыл арнаның» осы күнге дейінгі жасалған жұмыстарына жоғары баға берген министр арнаның Бас редакторы Болатбек Қожан жүргізетін «Емен-жарқын» бағдарламасына түсіп, эксклюзивті сұхбат берді.

Жұмыс жүйесіне қаныққан министр арна қызметкерлеріне өз ықыласын білдіріп, Елбасы жолдауында белгіленген мемлекеттік саясаттың, соның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Асыл арнада» насихатталу деңгейін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, әлем жұртшылығын алаңдатқан діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мақсатында дайындалған ағартушылық бағдарламалар, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы және «Асыл арна» телеарнасы арасындағы үш жақты меморандум негізінде атқарылып жатқан шаралар жөнінде де жылы пікір білдірді. Сондай-ақ, Парламент палаталарында талқыланып жатқан Дін туралы заңға қатысты түсініктеме берді. Ресми кездесу барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев мырза да «Асыл арна» телеарнасына деген әкімшіліктің көзқарасын жеткізіп, өзінің ізгі пейілін танытты.

Сөз соңында, Дархан Аманұлы қазақ руханияты мен мемлекет идеологиясындағы «Асыл арна» телеарнасының орны бөлек екенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта министрлік пен телеарна арасындағы байланыс нығая түсетіндігін айтып, болашақ жоба-жоспарларға табыс, арна еңбегіне жеміс тіледі.







1108 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !