2017-10-10 (0) (14541)

ДӘРЕТХАНАҒА ҚАТЫСТЫ ӨТЕ САҚ БОЛУЫҢЫЗ ТИІС МӘСЕЛЕЛЕР

ДӘРЕТХАНАҒА ҚАТЫСТЫ ӨТЕ САҚ БОЛУЫҢЫЗ ТИІС МӘСЕЛЕЛЕР

Ислам – тазалық діні. Адамзат қауымына ескертуші әрі қуандырушы болып келген соңғы елші Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) біздің өмірге келгенімізден бастап соңғы деміміз біткенге дейінгі барлық жағдайлардың өз әдеп-ережелерін үйретіп кеткен. Соның бірі – дәретханаға қатысты әдептер. Сондықтан да біз бүгін «қажетін өтегісі келген адам нені ескеруі керек?» деген сұрақтың төңірегінде сөз қозғап көрмекпіз:

1) Сапарға шыққан адам жол үстінде дәретке отыруына мәжбүр болса, мейлінше адамдардың назарынан тыс, таса жерді таңдауы керек. Сахабалардың бірі Жәбир (р.а): «Біз Пайғамбарымызбен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге сапарға шыққанымызда, ол кісі елдің көзінен алыстағанша дәретке отырмайтын еді», - деген. (Муслим, Әбу Дәуд, Тирмизи)

2) Дәретханаға Алланың аты жазылған затты кіргізуден сақ болыңыз! Сахаба Әнас (р.а) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәретханаға кірерде қолындағы жүзігін сыртқа қойып кететіндігін айтқан (себебі, жүзікте Алланың есімі мен Пайғамбардың аты болған) (Муслим, Тирмизи, Ибн Мәжаһ)

3) Дәретханаға кірмес бұрын жын-шайтандардан пана тілеу – өте маңызды.  Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәретханаға кірерде «Алланың атымен! Иә, Алла, шын мәнінде, мен ер және ұрғашы жын-шайтандардан Өзіңе сиынамын», - деп айтатын. (Бұхари, Муслим, Әбу Дәуд, Тирмизи)
Дұғаның оқылуы: «Бисмилләһ! Аллаһуммә инни әъузу бикә минәл хубси уәл хобәйс»

4) Дәретханаға сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шыққан дұрыс. Шыққанда «Иә, Алла, кешіріміңді сұраймын» (Ғуфранәкә) деп айтылады.

5) Дәрет сындыру кезінде адам алдымен не артымен құбылаға қарамағаны жақсы.

Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер біреу қажетін өтеу үшін дәретке отырғысы келсе, онда құбылаға алдын да, артын да қаратпасын», - деген. (Бұхари, Муслим, Әбу Дәуд, Тирмизи) Бұл далада дәрет сындыруға мәжбүр болған адамдарға қатысты. Ал жабық жерде дәретке отыратындарға шарт емес, дегенмен, үй салатын кісілер осыны ескергені жөн.

6) Жолдың бойына және көлеңке жерге дәретке отырудан сақтаныңыз.

Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Екі ләйіннен сақтаныңдар!» - дейді. Бұл сөздің төркіні түсіне алмаған сахабалар: «Иә, Алланың Елшісі, «екі ләйін» дегеніңіз кімдер?» - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Олар – адамдар жүретін жол мен олардың отыратын көлеңкесіне дәрет сындырушылар», -деген. (Бұхари, Муслим, Тирмизи, Ахмад)

7) Суға, әсіресе, ағысы жоқ суға дәрет сындырудан сақтану керек.

Сахабалардың бірі Жәбир (р.а): «Шынында, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тоқтап тұрған суға дәрет сындыруға тыйым салған», - деген. (Бұхари, Әбу Дәуд, Ибн Мәжаһ)

8)  Дәрет сындырып жатқанда ешкіммен тіл қатып сөйлеспегеніңіз абзал.

Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Екі кісі әуреттерін ашып үлкен дәретке отырғанда бір-бірімен әңгімелеспесін. Расында, Аса Жоғары Мәртебелі Алла бұған жиренішпен қарайды», - деген. (Бұхари, Муслим, Әбу Дәуд, Тиримизи, Ахмад)

Ибн Омар (р.а) былай дейді: «Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасынан өткен бір кісі сәлем бергенде, оған жауап қайтармады. Ол тек тәяммум алып болған соң ғана әлгі кісінің сәлеміне  жауап берді» (Бұхари, Муслим, Тирмизи, Ибн Мәжаһ, Ахмад)

9) Дәрет сындырған адам мүмкіндігінше сол аяғына салмақ түсіріп отырғаны дұрыс. Бұл – ғылымда да дәлелденген ақпарат. Салмақ сол жаққа көбірек түссе, дәрет сындыру оңай әрі жылдам болады, сонымен бірге бұл қуық, бүйрек секілді ағзалардың жұмысын жеңілдетеді. Сәрақаһ бин Мәлик (р.а): «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізді дәрет сындырғанда сол аяғымызға салмақты көбірек түсіріп, оң аяқты бос қоюға үйретті», - деген. (Тирмизи №1295, Ибн Мәжаһ №3381)

10)  Истинжаны (мүшені сүрту не жуу) сол қолмен жасаған дұрыс әрі дәрет сындырып болған соң қолды жуу керек.

Әбдірахман ибн Зәйд Сәлманнан: «Пайғамбарларың сендерге дәретке отыруға дейінгі барлық нәрсені (бүге-шүгесіне дейін) үйретті ме?» деп сұрағанда, ол: «Әрине, Расулуллаһ бізді құбылаға қарап дәрет сындыру, оң қолмен истинжа жасаудан тыйып, тезек не сүйекті истинжаға пайдалануға тыйым салды», - деген. (Муслим №1984, Әбу Дәуд №3873, Тирмизи №2043, Ахмад №18310)

Әбу Һурайра (р.а): «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәрет сындырарда мен құманмен су алып келетінмін. Ол кісі истинжа жасайтын, сосын қолын сүртетін», - деген. (Бұхари №242, Муслим №1863, Әбу Дәуд №3682, Ибн Мәжаһ №3386)

Міне, бұл – ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйреткен дәретханаға қатысты әдептер. Мұны білу бір басқа, ал амалға асыру – мүлде басқа болмақ. Ендеше, шама келгенше осы әдептерді сақтап, таза жүрсеңіз, бәле-жала, жын-шайтанның кесірінен мейлінше аулақ болатыныңыз анық.

 

 

14541 рет оқылды