2017-10-08 (0) (5472)

МЕН БІЛЕТІН ЕРЛІК

МЕН БІЛЕТІН ЕРЛІК

«Ерлік» десе, майданда қан кешкен ерлердің бейнесі оралады еске. Одан қалды ерен еңбегімен, төтен әрекетімен тамсандырған тұлғалар елестейді. Дұрыс. Бірақ, меніңше, ерлік мұнымен ғана шектелмейді. Жағдаяттың жойқын күшіне қарамастан адамдық қасиетін сақтап қалған; адамдар алдында беделінен айырылатынын біліп тұрса да, ар-иманынан аттамаған; ұтылатынын көріп тұрса да, ұятын былғамаған; өзгенің бақыты үшін ғана емес, көңілі үшін де өзін құрбан ете білген, бір сөзбен айтқанда: нәпсісіне жүрегін би еткен адамды Ер деп санаймын өзім. Осындай құрбандықпен қол жеткізген әрбір іс мен үшін – Ерлік!.. 

Сіздерге сондай ерліктердің кейбірін айтып көрейін.

Бірлік деген бала кезде дос болған жолдасым бар... Жұмыста отыр едім, телефоным шыр ете қалды.

-                Алло. Ассаламуғалайкум!

-                Уағалайкумуссалам! Бұл мен ғой, Ақай, Бірлікпін.

-                О-о, Бікебас! Қалай жағдай? Номерің өзгеріп кеткен бе?

-                Жақсы. Иә, алдыңғы телефонымды жоғалтып алғанмын.

-                Не жаңалық? Тәтемнің денсаулығы жақсы ма?

-                Жақсы, Ақай. Тек өзімнің денсаулығым кішкене...

-                Бәсе, даусың біртүрлі бәсең шығып тұр. Не жағдай? Бір жерің ауырып жүр ме?

-                Ауырғанда... Қысқасы бір көзден айырылып қалдым, Ақай...

-                Не дейді?! Астағфирулла! Қалай сонда?..

-                Сол, есік алдындағы қоршауды реттеп жатқам. Дарбазаның бір шеті келіңкіремей, соны болгаркамен жонып тастамақшы болғанымда, тісі сынып кетіп, бір сынығы көзімді ағызып кетті емес пе? Уһ-һ, жаным-ай...

-                Қап!.. Алла жеңілдігін берсін, Бікәй... Қай жерде жатырсың?

-                Облыстық емханада.

-                Болды онда. Қазір барам, бұйырса. Жақсы.

-                Жарайды.

Бардым. Жатқанына бір аптадай болыпты. Бір көзін таңып алыпты. Ұшқан тастың сынығы сол жақ көзбен қоса бас сүйегін де тіліп өткен екен... «Өзіме де обал жоқ. «Кедергі жасамасын» деп қорғаныш қақпасын алып тастағам... Кесейін деп тигізгенім сол еді темірге, қаттырақ басып жібердім-ау шамасы, шарт етіп сынғанын ғана көріп үлгердім. Көзім жарқ етті де, бір жақ шекем дуылдап ала жөнелді! Ауруға шыдамай айғай салғым келіп еді, өзімді тоқтатып қалдым. «Қазір даусымды естіп, үйден анашым жүгіріп шығады ғой! Мына түрімді көрсе, не болады ол кісі?! Шыдауым керек!» деген ой санамды сергітіп, бойыма қуат бергендей болды. Қасымда көршім бар болатын. «Жүгір, машинаңды оталдыр! Қалаға кеттік! Тез!» деп едім, ол байғұс жаны қалмай жүгіре жөнелді. Ой, несін айтасың, Ақай, көзім суырып, басым солқылдап, өліп кете жаздадым! Жансыздандыратын ине салғанша тура жаным шығып кете жаздады ғой!..» Бірліктің әңгімесін тыңдап отырып, әрі-сәрі күйге түстім. «Ой, Алла-ай, оның орнында мен болсам, қайтер ем? Осылай істеуге ақылым мен сабырым жетер ме еді?.. Я, Жаратқан Ием, бәле-жалаңнан Өзің сақтай гөр!..»

Қазір ойлаймын, Бікең ерлік жасапты!..

Алғадай Әбілғазыұлы,

«Қасиетпен қауышу» кітабынан

5472 рет оқылды