2017-08-31 (0) (2043)

Айт мейрамын ерекше өткізгіңіз келсе... (пайдалы кеңестер)

Айт мейрамын ерекше өткізгіңіз келсе... (пайдалы кеңестер)

 

Құлдарына тек жеңілдік пен жақсылықты қалайтын Алла Тағала біз ойнап-күлетін, қуаныш пен шаттыққа кенелетін екі бірдей мейрамды заңдастырған. Оның бірі – ораза айт болса, екіншісі – дәл қазір төбесі көрініп тұрған Құрбан айт мейрамы.

Бұл мейрамды Әлемдердің Раббысы бекіткеннен кейін, оны барынша жақсылап атап өткізу құлшылық болып саналады. Ендеше, айт мейрамын қалай ерекше өткізе аламыз?  Бірге жауап іздейік.

1.     Айт мерекесінің алғы шарттарының бірі - қуаныш пен шаттық таныту. «Ақиқатында,  айт (мереке) күндерінде қуаныш пен шаттық таныту – діннің рәсімдерінен!» (“Фатх әл-Бәри” 2/514.). Ендеше, өзгеге қуаныш сыйлауға асықпас бұрын, өзіңіз қуана біліңіз! Басқа біреу емес, Раббыңыз тарту еткен мейрамға жеткеніңізді сезініп, көтеріңкі көңіл күйде болыңыз!

2.     Үйде мерекелік атмосфера жасаңыз. Таңертең отбасы мүшелері, балаларыңыз оянғанда мейрам екендігін сезінетіндей үйді безендіріңіз. Түрлі құттықтаулар, даналық сөздер  жазылған плакат іліңіз. Міндетті түрде Құран қоюлы болсын.

3.     Айт күніне арнайы киім (бұрын-соңды кимеген) дайындаңыз. Жүзіңіз жадыраңқы, киіміңіз тартымды, денеңізден хош иіс мүңкіп тұрса, адамдар да «Бүгін қандай күн?» деп ойлана бастамай ма?

4.     Өзгелерді айт мейрамымен құттықтаңыз. Басқа күндері айтыла бермейтін жылы сөздер, тәтті тілектер аузыңыздан шықса екен! Алыстағы ағайындарға, туған-туыс, дос-жараңға телефон шалыңыз. Әлеуметтік желіде құттықтау постын жазыңыз немесе чатқа айтқа арналған ашық хаттар жолдаңыз.

5.     Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір-бірлеріңмен (шынайы) қол алысыңдар, іштеріңдегі кекшілдік жойылсын. Бір-бірлеріңе сый-сияпат жасаңдар – сүйіспеншілік артсын және араларыңдағы көреалмаушылық жойылсын» деген. (Муатта). Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларға сыйлық беру арқылы сыйластық пен махаббаты арттыруды, жүректі жамандықтардан тазартуды, несібені молайтуды, тілектестік пен ниеттестік білдіруді, дүрдараздықты ұмытуды насихаттайтын. Ал Алланың көкейіне құйғанын ғана сөйлейтін Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ешқашан қателескен емес. Демек, сыйластық пен махаббаттың кілті – сыйлық беру. Шамаңыз жеткенше, жақындарыңызға сыйлық үлестіріңіз. Бауырыңыздың, ата-анаңыздың көптен бері қолы жетпей жүрген затын алып беруге тырысыңыз. Әйеліңізге ас үйге қажетті құралдардың бірін алып берсеңіз қалай мәз болып қалар еді? Қаражатыңыз жоқ болса, қолдан жасалған шағын сыйлық арқылы да көп адамның жүрегіне жол табуға болады.

6.     Үйде бауырларыңыздың немесе балаларыңыздың арасында ойын ұйымдастырыңыз. Айт мейрамында ойын ұйымдастыру – сүннеттен. Бәлкім ол спорт ойындары болар, бәлкім викториналық сұрақтар сайысын өткізерсіз. Жеңімпаздарға сыйлық беріп, қалауларын орындаңыз. Егер, қаражатыңыз жеткілікті болып жатса, туған-туыстардың балаларын шақырып, аулада ойын-сайық ұйымдастыруға болады. Себебі, балалар айт мейрамының маңыздылығын сезініп, оны асыға күтетін болып өссе, нұр үстіне нұр болмақ.

7.     Балаларды саябаққа, шомылатын орындарға алып барыңыз, серуендетіңіз. Тәттілермен тамақтандырыңыз. Бірге азық-түлік сатып алып, мұқтаж жандардың үйіне таратуға қалай қарайсыз? Адамның жаны өзгеге жақсылық жасағанда рахаттанады. Бала осы сезімді мейрамда бастан өткерсін.

8.     Айт мейрамы – туған-туыспен қарым-қатынасты жақсартуға, нығайтуға таптырмас мүмкіндік. Бұл күні адамдар бір-бірінің үйіне ешбір шақыртусыз да бара алады. Бірақ, сіз дастарқан жайып, оларды бір ортаға жинаңыз. Айт мерекесінің құндылығын естеріне түсіріңіз. Оларға да бұрын -соңды айтпаған  жылы сөздеріңізді, көркем насихат айтыңыз. Ренжіскен адамдарыңыздан кешірім сұрап, сыйлық беріңіз.

9.     Көршілерге, көшедегі өткен адамдарға, саябақтағы серуендеушілерге тәтті кәмпит, бауырсақ секілді тағамдарды үлестіріп, міндетті түрде айт мерекесімен құттықтаңыз. Бұл шараға отбасы мүшелерін, балаларды араластырыңыз.

10.                        Міндетті түрде отбасы мүшелерімен бірге айт намазына баруға тырысыңыз.

11.                        «Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар! Лә иләһа иллә-Ллаһ! Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, уә лиЛләһил хамд!» (мағынасы: «Алла Ұлы, Алла Ұлы! Алладан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ! Алла Ұлы, Алла Ұлы, әрі Аллаға мақтау-мадақ!») секілді мерекелік тәкбірлерді өзіңіз айтыңыз және жанұяңызға үйретіңіз.

12.                        Соңғы кеңесті әйелдер қауымына арнамақпыз. Шаңырақтың шаттығы, берекесі, ұйытқысы әйел адамға байланысты болғандықтан, оларға өте салмақты жүк артылады. Бұл мейрамда барыңызды салыңыз! Мейрам екендігін сезіндіру сіздің қолыңыздан келеді! Қағаз алыңыз да, идеяларыңызды тізіп шығыңыз. Отбасыңызға бұрын-соңды дайындамаған тағамды немесе олардың ең сүйікті асын әзірлеп беріңіз. Балаларыңыздың ең жақсы киімдерін кигізіп, олардың емін-еркін ойнауына, шаттануына мүмкіндік беріңіз.

 

Бұл мейрамда көтеріңкі көңіл-күйде болып, көл-көсір сауап жинауға мүмкіндік туып тұр! Алла Тағала баршамыздың ізгі амалдарымызды қабыл етсін!

 

2043 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !


Пікір жазу үшін, сайтқа тіркеліңіз. Тіркелу

*